«Жұмысшы маман-дықтар жылына» орай облысымызда жұмысшы мамандықтарын танымал етуге бағытталған іс-шаралар жоспары жүзеге асуда. Соның бірі – еңбек нарығында студенттер мен қызметкерлердің беделін арттырып, бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта облыстағы
4 колледж халықаралық аккредиттеуден өтуде.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның айтуынша, бүгінгі таңда «ЕРG» компаниясының қолдауымен Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжі «Электромонтаждау» мамандығы бойынша халықаралық аккредиттеуден өткені туралы сертификат алған. Сонымен қатар, аталмыш компания Ақсу қара металлургия колледжіне де аккредиттеуден өту үшін қаржылай қолдау көрсеткен. Ал Ақпараттық технологиялар колледжі мен Электроника және коммуникациялар жоғары колледжінде аккредиттеу ұйымының өкілдері материалдық-техникалық жарақтандыру сәйкестігіне зерделеу жұмыстарын жүргізуде.
Осылайша, биыл өңірдегі 4 кәсіптік-техникалық колледждің мәртебесі артып, халықаралық деңгейде білім беру мүмкіндігін иеленбек. Солардың бірі — Электроника және коммуникация-
лар жоғары колледжінің директоры Марат Нығметов:
— Халықаралық аккредитация – білім сапасын арттырудағы маңызды қадам. Биыл біз «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығы бойынша City & Guilds халық-аралық салалық аккредитациясынан өту процесін бастадық. Аккредитацияны сәтті аяқтаудың артықшылықтары көп. Мысалы, халықаралық сертификат арқылы студенттеріміздің еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігі артады, жаңа мансаптық мүмкіндіктерге жол ашылады, колледждің имиджі көтеріледі, ірі кәсіпорындармен келісімшарттар жасасу және оқу сапасын жақсартуға басымдық беріледі, — дейді.
Жиында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында аймақтағы ұстаздар мен студенттерді көтермелеуге бағытталған бірқатар жоба-жоспар жүзеге асып жатқаны да сөз болды.
— «WorldSkills-2025» халықаралық сайысының гранттары бекітілді, «Үздік маман» ұлттық кәсіби шеберлік байқауының жүлдегерлеріне «Еңбек үздігі» және «Шебер асуы» кәсіби қызметіндегі жетістіктері үшін сыйақы бөлінді. Бұдан бөлек, жыл сайын техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі үздік ұйымға конкурс қорытындысы бойынша 50 млн теңге көлемінде облыс әкімінің гранты беріледі, — деп атап өтті Самал Оспанқызы. Сондай-ақ, ол бүгінде облыста колледж студенттері үшін көп жағдай жасалып жатқанын айтып, түлектерді кәсіптік және техникалық білім беру мекемелеріне оқуға түсуге шақырды.
— Өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап шәкіртақы мөлшері 50 пайызға артты. Яғни, жұмысшы мамандықтары бойынша білім алатын жастарға ай сайын 43 574 теңге, ал орта буын мамандықтарында оқитындарға 41 896 теңге төленуде. Студенттер тамақпен, басқа қалалардан келгендер жатақханамен қамты-лады және жылына 4 айлық есептік көрсеткіш (14768 теңге) көлемінде жол жүру өтемақысы беріледі. Сонымен қатар, колледж студенттері ақылы тәжірибеден өтіп, 80 — 250 мың теңгеге дейін жалақы алады. Тәжірибе мерзімі еңбек өтіліне есептелінеді. Үздік оқитын студенттер үшін шетелдік тағылымдамадан өту мүмкіндігі қарастырылған. Ең бастысы, жастарымыз колледж бітірген соң 100 пайыз жұмыспен қамтылады, — деді Самал Айтқазина.
Баспасөз мәслихатында «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжінің директоры Айгүл Байжұманова да баяндама жасап, аталған білім беру мекемесі инновациялық технологияларды енгізу арқылы аграрлық саланың өзекті мәселелерін шеше алатын білікті мамандар даярлау бағытында табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Айта кетерлігі, қазіргі таңда облыс бойынша 42 колледж бар. Онда 22 мыңнан астам студент білім алып, кәсіп игеруде.
Нұржайна ШОДЫР.