Бөлшек жасау шебері

Шіл 24, 2025

Қоғамның қозғаушы күші – еңбек. Ал кез келген өндірістің жүрегі – кәсіпорындарында күнделікті маңдай терін төгіп, еліміздің экономикасының дамуына үлес қосып жүрген жұмысшы мамандар. Қазіргі таңда техникалық бағыттағы мамандықтарға сұраныс жоғары. Олардың қатарында токарь мамандығы бар. Бұл салада табандылықпен еңбек етіп жүрген, болашағынан үміт күттіретін жас мамандардың  бірі – Нұртас Балмағанбет.

Нұртас Асылханұлы бұл мамандықты кездейсоқ таңдамаған. Бала күнінен техникаға қызыққан. Әрбір станок, қозғалтқыш, құрал-сайман оған бейне бір жұмбақ әлем сияқты көрінетін. Сол қызығушылық уақыт өте нақты мақсатқа ұласып, өмірлік жолына айналған.

— Мектеп кезінде өндіріс саласына ерекше қызығушылығым оянды. Қолмен бір нәрсе жасап, техникамен жұмыс істеген ұнайтын. Содан 2018 жылы Жоғары түсті металлургия колледжіне «Токарлық іс және металл өңдеу» мамандығы бойынша оқуға түстім. 2022-2025 жылдар аралығында Торайғыров университетінде техник-технолог мамандығы бойынша білімімді жалғастырдым, – дейді жас маман.

Нұртас Павлодар қаласындағы машина жасау зауытында үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Айтуынша, әр жұмыс күні қатаң тәртіппен тығыз байланысты. Таңғы жиналыста шебер тапсырма бөліп, жұмыс жоспарын нақтылайды. Кейін мамандар станок басына барып, өз міндеттерін атқара бастайды.

— Күнделікті жұмысым әртүрлі бөлшекті дайындаумен басталады. Жалпы, токарь мамандығының басты ерекшелігі – өңделмеген металдан бөлшек жасау. Кішкене ғана ауытқу бүкіл механизмнің жұмысын бұзуы мүмкін. Сондықтан мұнда қырағылық пен мұқияттылық аса қажет. Токарьға керек қасиеттер – қырағылық, мұқияттылық, сақтық. Бұл салаға жаңадан келген адамның қызығушылығы болса, аталмыш мамандықты тез игеріп алады, – дейді ол.

Оның айтуынша, токарь мамандығы физикалық күшті ғана емес, инженерлік есеп-қисапты да талап етеді. Бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, бұл кәсіпке дәлдік пен жоғары кәсіби машық қажет. Әр бөлшектің пішіні, диаметрі, ұзындығы мен тереңдігі нақты болуға тиіс. Бұл – өндіріс талаптарының басты шарты.

— Қауіпсіздік техникасы – біздің жұмысымыздағы басты ереже. Арнайы киім – каска, көзілдірік, арнайы аяқ киім жұмыс орнында міндетті түрде болуы керек. Сонымен қатар, білдектің жерге тұйықталу тогын тексеріп, оның дұрыс жұмыс істеуін қадағалаймыз. Бұл өз өміріңді де, айналаңдағы адамдардың қауіпсіздігін де сақтау үшін қажет, – дейді ол.

Маман өзінің кәсіби жолында кездескен алғашқы қиындықтар туралы да ашық айтып өтті. Жаңадан келген кезде станоктармен жұмыс істеу оңай болмаған. Дегенмен, қызығушылық пен үйренуге деген ұмтылыс бәрін жеңіп шыққан. Оның айтуынша, бұл салада бастысы – техникаға бейім болу, тәртіп пен талапқа бағына білу, ал тәжірибе өздігінен бірге келеді.

— Жаңадан келген маманға басты кеңесім – жедел үйренуге тырысу. Егер бұл салаға қызығушылығыңыз болса, техниканы жақсы көрсеңіз, онда бұл мамандықты меңгеріп кету қиын емес. Бастысы қауіпсіздік ережесін сақтау мен жауапкершілік сезімі болуы керек, – дейді ол

Бүгінде ол машина жасау зауытындағы білікті мамандардың қатарында. Аз уақыттың ішінде қарапайым металды жоғары дәлдікпен өңдеп, нақты бөлшекке айналдыра алатын оның кәсіби шеберлігі артқан.

Айдана БОРАНБАЕВА.