Академик Қ.Сәтбаев атындағы Баянауыл аудандық мемориалдық музейі Халықаралық музейлер күні әрі Жұмысшы мамандықтар жылын қолдау аясында Баянауыл көпсалалы колледжінде «Еңбекке де ептілік қажет» атты дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстелге оқу орнының қатысушылары мен студенттері қатысты. Шараның мақсаты — халыққа Жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы маңыздылығын түсіндіру, олардың шығу мен даму тарихын және бүгінгі рөлін насихаттау.
Академик Қ.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің басшысы Қ.Абылғазиннің құттық-
тау сөзімен басталған шарада тақырыпқа сәйкес музейдің қызметкерлері А.Шайқыбекова мен Қ.Қалтаев Алғыс хаттармен марапатталды.
Баянауыл көпсалалы колледжінің өндірістік жұмыстар бойынша басшы орынбасары Ерқанат Мүбәракұлы жұмыс орнының бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, болашақта еңбек нарығының сұранысына сәйкес орман шаруашылығы мамандықтарын ашу, кадрларды даярлау жұмыстары жоспарда бар екенін айтып өтті.
Кейін аталған білім беру ұйымының тамақтандыруды ұйым-дастыру мамандығының өндіріс-
тік оқыту шебері Қ.Кошанованы әңгімеге тарттық. Шебердің айтуынша, бірнеше жыл қатарынан колледж студенттері «WorldSkills — Pavlodar», «Кондитер» облыстық кәсіби шеберлік конкурстарына қатысып, жүлделі орындар алғанын мақтанышпен атап өтті.
«Дәнекерлеу ісі» мамандығының студенттері облыстық «Инсталляция» конкурсында екі аталым бойынша жүлделі ІІ орынды қанжығаларына байласа, «Білім айнасы» ұйымдастырған «Мақатаев оқуларында» І орын алып, жеңімпаз атанған.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» — бұл еліміздің еңбек нарығын жаңғырту, жастарды сапалы біліммен қамтамасыз ету және жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру жолындағы маңызды қадам. Бұл бастама Қазақстанның индустриалды дамуына жаңа серпін береді деп сенеміз. Дұрыс таңдалған мамандық адамға рухани қанағат, табыс, қоғамға пайда әкеледі.
Айта кетейік, 21-24 сәуір күндері «Еңбек ептілікті сүйеді» атты тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Көрмеде жұмысшы мамандықтарының арнайы жұмыс киімдері мен құрал-жабдықтары (құрылысшы, дәнекерлеуші, тігінші, шаштараз) қойылды. Музей қызметкерлері Баянауыл көпсалалы колледж басшылығына жүгініп, колледжде оқытылып жатқан жұмысшы мамандықтардың қажетті құралдарын алып, тақырыптық көрме жасақтады. Көрмені облыстық мәслихат депутаттары мен «AMANAT» партиясының төрағалары тамашалаған болатын. Музей қызметкерлері үшін бұл да игілікті істердің бірі болды.
Гауһар СЕРІКҚАЗЫҚЫЗЫ,
музей әдіскері, Баянауыл ауданы.