2024 жылдың 2 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл бастама еңбек адамдарының мәртебесін көтеру, олардың жетістіктерін дәріптеу және адал еңбектің маңыздылығын ұғындыру мақсатында қолға алынған. Осы орайда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өткен жылы облыстық мәслихат депутаттарымен, білім беру басқармасымен және еңбек департаментімен бірлесіп, облыс кәсіпорындарында жазғы кезеңде жоғары сынып оқушыларын жұмысқа орналастыру жобасын әзірлеп, іске асырып келеді.
Облыстық «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы, облыстық этномедиация кеңесінің төрағасы В.Берковский жұмыс орындарын толықтыру мәселесінің маңыздылығын атап өтті. Бұл тақырып облыс әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен өткен облыстық мәслихат сессиясында қаралғанын, әрі аймақ басшысының бұл жобаны мақұлдағанын тілге тиек етті.
— Жұмыс орындары «Қазақстан алюминийі» АҚ-да, Павлодар мұнай өңдеу және ферроқорытпа зауытында, ГРЭС-те, Трамвай басқармасында, ауруханаларда, шағын және орта бизнес кәсіпорындарында құрылды. Онда оқушылар аумақтарды абаттандырумен, дүкендерде азық-түлікті буып-түюмен, ауруханаларда үй-жайларды тазарту, трамвайларда жол ақысын төлеуді бақылаумен айналыса алады. Сондай-ақ, шопан, сауыншы көмекшісі болып, сиыр саууға, малдың жемін дайындауға қатыса алады. Өткен жылдың жазғы кезеңінде бұл жобаға облысымыздың 11 000-нан астам оқушысы қатысты. Бұл ретте, тек екі жарым мың оқушы үшін жұмыс орындары бюджет қаражаты есебінен, ал қалған тоғыз мыңы бизнес есебінен құрылды, — дейді ол.
Владимир Александровичтің сөзінше, толық емес жұмыс күніндегі төменгі жалақы 85 мың теңгені құраған, ал кейбір жасөспірімдер одан да көп табыс тапқан. Ол жұмыстың жүктеме деңгейіне де байланысты.
— Мұндай жұмыстарға белсене қатысқан оқушылардың бойында жұмысшы мамандықтарға деген жауапкершілік сезімі қалыптасады және құрмет пайда болады. Одан бөлек, кәмелетке толмағандар арасында қылмыс азаяды, өз бетінше маңдай термен еңбек етуге, қаражат табуға мүмкіндігі туады.
Биыл біз ауыл шаруашылығы колледждерінің студенттерін таңдаған мамандықтары бойынша жұмыс орындарымен барынша қамтамасыз етуге тырысамыз. Бұл оларға жұмыс кәсібін жақсы білуге мүмкіндік береді және оқуды бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, осы жылы барлық мектептің 9-10-сынып оқушыларын жұмыспен қамти аламыз. Одан бөлек, қосымша 7-8-сынып оқушыларына да жұмыстар ұсынылмақ, — дейді В.Берковский.
Айдана БОРАНБАЕВА.