22 жастағы егіздер Филипп пен Франц Майерлер – Павлодар алюминий зауытында еңбек етіп жүрген білікті жас мамандар. Олар – жұмысшы мамандық-тарының беделін көтеріп, жастарға өнеге болып жүрген жігіттер.
2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Осыған орай өңірімізде еңбегімен елге үлгі болып жүрген жас мамандар туралы жиі айтылып жүр. Солардың бірі – Павлодар алюминий зауытында газбен кесуші болып еңбек етіп жүрген жас жігіттер, егіздер Филипп пен Франц Майерлер.
Олар – Павлодар монтаж колледжінің түлектері. Оқуды бірге аяқтап, еш ойланбастан өндіріс саласын таңдаған. Қазір зауытта төрт жылдан бері адал еңбек етіп келеді. Нағыз өндіріске келгенге дейін де олар бірге болды – әскерде де қатар қызмет еткен, кейін бірге жұмысқа тұрған.
Егіздер қазір Торайғыров университетінде «Машина жасау» мамандығы бойынша білімін жалғастырып жүр.
– Болашақта осы саланың нағыз кәсіби маманы болғымыз келеді. Білім алып, өсуге, тәжірибе жинауға барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы – адам өз еңбегін қадірлеп, адал жұмыс істесе, әрқашан өседі, – дейді олар.
Алюминий зауытында еңбек ету – жауапкершілігі жоғары жұмыс. Филипп пен Франц оны жақсы түсінеді. Сондықтан еңбекте тәртіпті, оқуда талапты болуға тырысады.
Филипп пен Франц – бір-біріне түр-келбеті өте ұқсас. Адамдар оларды алғаш көргенде жиі шатастырып жатады. Колледжде де, зауытта да мұндай жағдайлар көп болған.
– Біздің мінезіміз екі түрлі. Филипп – сабырлы. Мен – қаталдаумын, – дейді Франц күліп.
– Жұмыста бізді жиі шатастыратын. Бірақ біз оны пайдаланған жоқпыз. Жұмыс – ойын емес. Әзілдеп, бір-біріміздің орнымызға емтихан тапсырып, жұмысқа кірген сәт болған емес. Әркім өз ісіне жауапты, – дейді олар.
Қазір егіздер әртүрлі бригадада жұмыс істейді. Бірақ оған ренжімейді – керісінше, жауапкершілікті сезіну үшін пайдалы деп санайды.
– Әрине, бірге жұмыс істеген ыңғайлы. Бір көргеннен-ақ бір-бірімізді түсінеміз. Бірақ қазіргі тәртіп те жақсы.
Жұмысымыз ұнайды, – дейді олар.
Майерлер отбасы төрт ағайынды. Егіздердің үлкен ағасы және кенже қарындасы бар. Бірақ, әрине, егіздер арасындағы байланыс ерекше. Олардың талғамы да ұқсас, киім стилі де бір-біріне жақын.
– Егіз болған жақсы. Бірге өсіп, бірге білім алып, бірге маман болғанның орны бөлек. Бірақ біз әртүрлі мінезімізбен бір-бірімізді толықтырамыз, – дейді олар.
Филипп пен Франц қазіргі жастарға кеңесін айтты.
– Зауытта еңбек етуден қашпаңдар. Қазір жастар өндіріс саласына көптеп келе бастады. Біз алғаш келгенде жұмысшылардың көбі орта жаста болатын. Қазір жағдай өзгеріп жатыр. Жастардың тынбай еңбектеніп, жақсы жалақы тауып, болашағын осы жерден қалыптастыруға толық мүмкіндігі бар, — дейді егіздер.
Филипп пен Франц Майерлер – бүгінгі еңбек ететін жас ұрпақтың жарқын бейнесі. Олар – қарапайым жұмысшы мамандығын абыроймен атқарып, сонымен бірге білімін жалғастырып, биік мақсат қойып жүрген нағыз үлгілі жастар.
Еңбектің қадірін түсінетін, өнеркәсіптің мүмкіндігін бағалайтын, болашағын тек еңбектің жолымен елестететін мұндай азаматтар көп болса, өндірістің де, елдің де келешегі жарқын болмақ.
Аружан ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ.
