Жұмысшы мамандықтар жылы аясында облысымызда алғаш рет «Еңбек батыры» байқауы өтті. Аталмыш байқауға өндіріс шеберлері, ауыл шаруашылығы сала-сының мамандары және әр салада жұмыс істейтін қызметкерлер қатысты. Қатысушылардың көпшілігі — өз саласында кемінде 10 жылдан аса еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар.
Байқаудың салтанатты шара-сына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова сөзінде «Жұмысшы мамандықтар жылының» маңыздылығына тоқталып, жастар арасындағы жұмысшы кәсібінің беделін атап өтті.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда еңбекқорлық пен кәсіби құнды-лықтарды дәріптеу керектігін әрі қарапайым еңбек адамы ел экономикасының негізгі қозғаушы күші екенін алға тартқан болатын. Қарапайым еңбек адамы – біздің байлығымыз, ал жастар — болашағымыз. Слесарь, дәнекерлеуші, жүргізуші, механик, құрылысшы секілді мамандықтар –
қоғамның қозғаушы күші, ел болашағының негізі, — деді А.Мәлікова.
Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахмет-жанованың айтуынша, өңірде биыл облыстық әкімдіктің қолдауымен және облыстық басқарманың ұйымдастыруымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында бірнеше байқауды өткізу жоспарланған. Солардың алғашқысы — «Еңбек батыры» облыстық байқауы.
— Байқауға облысымыздың қала мен аудандарының ірі кәсіпорындарынан 35 жасқа дейінгі 30-ға жуық үміткер қатысты. Олардың 20-сы екі іріктеу кезеңінен өтіп, өздерінің жұмыстары мен жобаларын қазылар алқасы мүшелеріне таныстырды. Нәтижесінде барлық талаптан сүрінбей өткен 6 жүлде иегері анықталды, — дейді Ж.Ахметжанова.
Байқау жеңімпазы атанған Әлиасхан Жеңісбеков бала кезден электроника саласына бейімделіп өсті. Сөйтіп, мамандық таңдауда еш ойланбастан осы бағытты таңдады. Бүгінде «KazMinerals Bozshakol» компаниясында электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету учаскесінің шебері болып еңбек етіп келеді. Ол қазылар алқасының мүшелеріне кәсіпорындағы диірмендерінің шекті ажыратқыштарының орналасу схемаларын SCADA жүйесінде интеграциялауды жүзеге асыру жобасын ұсынған.
— «Бұл жүйе қалай жұмыс істейді?», «Қалай жөндейді?» деген сауалдар мені жиі мазалайтын. Кейін уақыт өте келе бұл қызығушылығым сүйікті ісіме айналды. Қазіргі уақытта осы бағытта бірнеше жылдан бері еңбек етіп келемін. Алда әлі де жаңа белестер күтіп тұр. Қарапайым еңбекті бағалап, осындай шараны ұйымдастырған жандарға алғысым шексіз, — дейді А.Жеңісбеков.
Байқау нәтижесі бойынша 1-орынға «KazMinerals Bozshakol» компаниясында электр жабдық-тарын жөндеу және қызмет көрсету учаскесінің шебері Әлиасхан Жеңісбеков ие болды. Жүлделі 2-орынға Қазақстан алюминий зауытының электролиз цехының ауысым шебері Елдос Жұмабеков лайықты деп танылса, ал 3-орынды «Шығыс» көмір кенішінің «Фестивальная» стан-
циясының өндірісін ұйым-дастыру жөніндегі менеджері Ольга Кенжаева мен «Нефтехим LTD» ЖШС химиялық талдаудың аға жетекші зертханашысы Жәмилә Бұламбаева өзара бөлісті. Ал өзге қатысушылар «Еңбек өнертапқышы», «Қоғам жанашыры», «Кәсіби серпіліс» аталымдары бойынша марапатталды.
Айта кетейік, жуырда «100 еңбек жұлдызы» атты жұмысшы мамандықтарының облыстық фестиваліне қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды. Оған 35 жасқа дейінгі өз саласында табанды еңбек етіп келе жатқан жастар қатыса алады. Қатысу үшін үміткерлер өтінім жолдап, өзінің қызметін толық ашатын бейнеролик түсіріп, оны әлеуметтік желілердегі парақшасына жариялауы қажет. Байқауға өтінімдер 31 тамызға дейін қабылданады.
Айдана БОРАНБАЕВА.