Жастарды жұмысқа шақырады

Нау 27, 2025

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында аудан әкімі Қадылжан Сәтиев облыс колледж-дерiнде техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттермен жүздесті. Кездесуге жұмыс берушілер мен аудан кәсіп-орындарының өкілдері шақырылды.

Жиын барысында аудан басшысы елді мекендерде жұмысшы мамандардың тапшы екендігін атап өтіп, жастарға алдымен еңбек жолын ауылдан бастау керектігін атап өтті.

— Бүгінде көп жас кәсіптік және техникалық салаларда өсуге қол жеткізе алмаймын деп әрі қол еңбегінен аулақ болғысы келіп заңгер, экономист, қаржыгер, кеден ісі секілді мамандықтарды таңдайды. Сондықтан қазір де сол салаларда мамандар тапшы. Дегенмен, қай істі болмасын ауылдан бастау қажет. Елді мекендерде де жастарға жағдай қарастырылған, — деді Қ.Сәтиев.

Ал «Павлодар жолдары» ЖШС бригадирі Сәкен Сағынбаев кәсіпорында жас мамандарға қолайлы жағдай жасалып жатқанын тілге тиек етіп, жастарды жұмысқа орналасуға шақырды.

Шара барысында, сонымен қатар жастарға өз мамандығы бойынша кәсіп ашудың қыр-сыры мен мүмкіндіктері туралы айтылды.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.