Жастар жұмыспен қамтылады

Мам 2, 2025

Жастарымыз жалынды әрі еңбекке машық болса, еліміздің дамуына үлес қосары анық. Сондықтан еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму динамикасы маңызды деп санасақ, жастардың жұмыспен қамтылуын басты назарға алған жөн. Ізденген жасқа мүмкіндік те аз емес. Осы орайда бос орындар жәрмеңкесінің тиімділігі зор. Бұл — қызметінен айырылған жастар мен жұмыс іздеп жүрген студенттер үшін таптырмас мүмкіндік.

Жұмыс берушілер мен оқу орнын бітіруші түлектер арасында еркін диалог қалыптастыру – машина жасау колледжінің қабырғасында өтетін дәстүрлі бос орындар жәрмеңкесінің негізгі мақсаты. Еңбек нарығына сараптама жасау арқылы заман талабына сай маман даярлауды ұстанып отырған аталмыш оқу орнының түлектерінің барлығы дерлік жұмыспен қамтылып, өз саласында жемісті еңбек етіп жүр.

— Жұмысшы мамандықтар жылы аясында колледжімізде бос орындар жәрмеңкесі жиі ұйымдастырылады. Негізі, мұндай жәрмеңкелерге колледждің үшінші-төртінші курс студенттері қатысады. Оларға облы-сымыздағы мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар өздеріндегі бос орындарын ұсынады. Біз осындай шараларды жиі ұйымдастырып отырамыз. Мұндай шараны жуырда да өткіздік. Оған «Қазақстан алюминийі», «KSP Steel», «ERG Service» секілді ірі кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Олар біз білім беретін токарь, электрик, машина жасау секілді мамандықтар бойынша студенттерге ақпарат берді. Бүгінде колледжде білім алушылар аталмыш кәсіпорындарда тәжірибеден өтуде. Кейін оқуын аяқтағаннан соң көпшілігі жұмысқа қабылданып жатады, — дейді Павлодар қалалық машина жасау колледжінің басшысы Арғын Мәнебаев.

Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі барысында жұмыс берушілер өз компанияларының презентациясын өткізіп, студенттер мен түлектерге бос жұмыс орындарын ұсынды. Сала мамандары жұмыс іздеушілердің мүддесін көздей отырып, шара барысында жалақы, еңбек шарттары мен қауіпсіздігі жөнінде толық мағлұматтар берді. Ал келушілер өз кезегінде компаниялардың менеджерлерімен тілдесіп, сұхбаттасудан өтіп, өзін қызықтырған сұрақтарын қоя алды.

— «Мен машина жасау колледжінде «Электр-монтаждау» мамандығы бойынша екінші курста оқимын. Болашақта осы саланың маманы болғым келеді. Кездесу барысында көкейімде жүрген сұрақтарға жауап алдым. Соңғы уақытта болашақ жұмысым туралы көп ойланып жүрмін. Жәрмеңке – бұл өзіңе лайықты жұмыс табуға жақсы мүмкіндік, мұнда да таңдау бар», – дейді студенті Уәлихан Құмарбек.

Мұндай ақпарат алмасу бос жұмыс орындар жәрмеңкесінің студенттер мен түлектер үшін ғана емес, жұмыс берушілерге де берері көп.

— Бос орындар жәрмеңкесі – еңбек нарығының мамандарға деген қажеттілігін айқындау үшін, жұмыс берушілермен және әлеуметтік әріптестермен байланыс орнатудың тиімді тетігі. Біздің мақсат – жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша ортақ диалог алаңын құру, оларға жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы керек ақпарат алуына қолайлы жағдай жасау, – дейді «KSP Steel» мұнай-газ саласы үшін жіксіз болат құбырларды өндіру бойынша кәсіпорыннан келген өкіл Наталья Владимировна.

Мұндай жәрмеңкелер Павлодар техникалық колледжінде, «Жаяу Мұса» атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінде және «Ертіс» жоғары инновациялық аграрлық колледжінде ұйымдастырылды. Жалпы, аталмыш шараға 500-ге тарта колледж түлектері мен студенттері қатысты.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Сурет Astana.dov.kz. сайтынан алынды.