Жасөспірімдер жұмыспен қалай қамтылады?

Мам 29, 2025

Жазғы демалыс уақытында ересектерден қалыспай еңбек етіп, табыс тапқысы келетін жасөспірімдер қатары аз емес. Осындай еңбекқор балаларға  қолдау көрсету қажеттігін қадап айтқан Премьер-Министр Олжас Бектенов: «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен әкімдіктер жұмыс істеуге ниет білдірген оқушылар мен студенттерді уақытша жұмыс орындарымен қамтамасыз ету шараларын қабылдасын», — деді Үкімет отырысында.

Бұл ретте, павлодарлық балаларды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілмек? Жалпы, олар қандай жұмыс істей алады? Осы және өзге де сұрақтарымызға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самал Қадырова жауап береді.

— Самал Қанатқызы, өңірімізде жазғы демалыс кезеңінде еңбек еткісі келетін оқушылар мен студенттерді жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілуде?

— Жазғы демалыс уақытында балаларды жұмыспен қамтуға бағытталған кешенді іс-шаралар жоспары жасалды. Сол бойынша Электрондық еңбек биржасы арқылы лайықты бос жұмыс орындарын іріктеу, онлайн оқыту, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және кәсіби бағдар беру мүмкіндігі қарастырылған болатын. Сонымен қатар, Skills.Enbek онлайн оқыту платформасында түрлі сала бойынша тегін және ақылы курстар да ұсынылған. Оның көмегімен оқушылар мен студенттер жаңа дағдыларды игеріп, еңбек ету қабілеттерін дамыта алады.

Атап өтерлігі, бүгінгі таңда бұл платформада 1 294 курс жарияланған. Олардың қатарында 322 тегін, ал мүгедектігі бар адамдарға арналған 67 курс бар. Сондай-ақ, тұрғындардың өзіне лайықты мансап жолын таңдауына көмектесу үшін «Мансап компасы» платформасы да жұмыс істейді. Ол кәсіби бағдарлау тестілері арқылы мансаптық қызығушылықтарды анықтауға, сұранысқа ие маман-дықтар туралы ақпарат алуға, оқу орнын таңдауға және басқа да маңызды мәліметтерге қол жеткізуге көмектеседі. Биыл да өңірдегі Мансаптық орталықтар жазғы демалыс уақытында жалпы орта білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары үшін қоғамдық жұмыстарды ұйымдас-тыру тәжірибесін жалғастырады. Бұл бағыт бойынша еңбек ететін жасөспірімдердің ай сайынғы жалақысы кемінде 24 айлық есептік көрсеткішті, яғни 94 368 теңгені құрайды. Қазіргі уақытта жұмыс берушілер тарапынан Мансаптық орталықтарға жоғары сынып оқушыларына арналған 571 бос жұмыс орны ұсынылып отыр.

— Жұмыс істегісі келетін жасөспірімдер қайда хабарласуы қажет және оларға қандай талаптар қойылады?

— Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) «14 жастан асқандар үшін жұмыс» деп аталатын арнайы бөлім құрылып, қызмет көрсетеді. Бұл платформаға 14 жастан асқан оқушылар мен студенттер тіркеліп, жеке кабинетін ашып, түйіндемелерін орналастыра алады. Сондай-ақ, олардың өздеріне лайықты бос жұмыс орындарын іздеуіне де мүмкіндіктері бар. Осы орайда 16 жасқа дейінгі оқушылар үшін тіркелу және жеке кабинет құру заңды өкілдері арқылы, яғни ата-аналары немесе қамқоршыларының көмегімен жүзеге асатынын айта кеткен жөн.

Жалпы, жұмыс іздеген жасөспі-рімдер тұрғылықты жері бойынша орналасқан Мансап орталықтарына жүгінуі қажет. Сонымен қатар, жастар орталықтары арқылы қалаларды абаттандыру және көгалдандыруға бағытталған «Жасыл ел» бағдарламасы аясында да екі қолға бір күрек табуға болады. Ол үшін жастар орталықтарына барып, ақпарат алуы тиіс.

— Еңбек ететін балалардың құқықтары мен қауіпсізді-гінің сақталуы қаншалықты қадағаланады?

— Жұмысқа тартылған оқушылар, студенттер мен жұмыс берушілер арасында арнайы шарт жасалады. Нақтырақ айтқанда, ҚР Еңбек Кодексінің 31-бабына сәйкес міндетті түрде еңбек шарты рәсімделіп, аталған құжат Электрондық еңбек биржасында тіркеледі. Онда жұмыспен қамтуға қатысты барлық міндеттер, жасөспірімдердің құқықтары мен қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселелері жан-жақты қамтылған. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ.

— Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.