Таяуда «Samruk-Kazyna Trust» қоры ата-ана қамқорлығынсыз қалған жасөспірім-дерге қолдау көрсету мақсатында «Samruk Umiti» атты қайырымдылық жобасын іске қосты. Соның аясында 100 бала келешек кәсібін таңдауға мүмкіндік алып, жарқын болашаққа қадам баспақ.
Қор өкілдерінің айтуынша, жаңа жоба әзірге Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарындағы балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін қамтуда. Олардың қатарында «Павлодар қаласының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» балалар үйі, Кенжекөл ауылындағы балалар үйі және өзге де мекемелерден 50-ге тарта жасөспірім бар. Жоба қатысушыларының әрқайсысына жеке куратор бекітілген. Олар баланың қабілетін анықтап, қызы-ғушылықтарына сай мамандық таңдауына бағыт-бағдар беруге көмектеседі.
Бағдарламада электромонтер, слесарь, байланыс операторы, электровоз машинисі сынды еңбек нарығында сұранысқа ие техникалық мамандықтармен танысу мүмкіндігі қарастырылған. Жасөспірімдер колледждер мен кәсіпорындарды аралап, таңдаған кәсібінің нақты өмірде қалай жүзеге асатынын өз көздерімен көретін болады. Сонымен қатар, қатысушылар үшін қаржылық сауаттылық, жеке ресурс-тарды тиімді басқару және өзіндік сенімділікті арттыруға бағытталған курстар ұйымдастырылған. Сол арқылы балалар өмірлік сабақ алады, дейді мамандар. Мысалы, қаржылық сауаттылық сабағында жастар апталық бюджетке сай келетіндей тапсырмаларды орындап, нақты айтқанда супермаркетте азық-түлік сатып алуды жоспарлауды үйренеді.
— Біздің басты мақсатымыз — бұл балаларға тек білім беріп қоймай, алдарында жарқын болашақ бар екенін сезіндіру. Олар өз таңдауларын саналы түрде жасап, армандарына сенімді түрде қадам бассын деген ниетіміз бар, — дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.
Бағдарлама соңында қатысу-шыларға «Самұрық-Қазына» қорына қарасты кәсіпорындарға жұмысқа орналасуға жәрдем беріледі деп жоспарлануда.
Аталмыш жобаны ұйымдастыруға ұйытқы болған компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы — «Samruk-Kazyna Trust» қорына жоба қатысушылары алғыс білдіруде.
Өз тілшіміз.