Павлодар қаласының Орталық жағалауында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жетекші кәсіпорындардың, шағын және орта бизнестің, сондай-ақ агроөнеркәсіптік сектордың өкілдерінің қатысуымен «MamandyqFest» атты облыстық фестиваль өтті. Фестиваль барысында өңірдің 36 колледжі мен жоғары оқу орындары жоғары сынып оқушыларына өздерінің білім беру бағдарламаларын, жетістіктері мен жобаларынан тұрған көрме аллеясын ұсынды.
Облыстық білім беру басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Қарлығаш Асайымованың айтуынша, аталмыш шара жастардың әлеуетін, іс жүзінде қолданылатын дағдылардың өзектілігін және қазіргі заманғы экономика жағдайында жұмысшы мамандықтардың қажеттілігін айқын көрсетті.
— Осы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл – орынды шешім. Себебі, қазіргі уақытта тек біздің облыста емес, еліміздің барлық өңірінде білікті жұмысшы мамандықтарына сұраныс артып келеді. Мәселен, токарь, дәнекерлеуші, аспаз, электрик, сырлаушы, сылақшы секілді мамандықтар аса қажет. Алайда қазіргі уақытта мұндай мамандардың тапшылығы байқалады. Сондықтан жұмысшы мамандықтарына жастарды тарту — бұл кәсіптерге деген көзқарасты өзгерту әрі бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Ал «MamandyqFest» фестивалі де осы бағытқа бағытталған. Біздің басты міндетіміз — балаларды тәжірибемен, колледждермен, колледждердің мүмкіндіктерімен, әр оқу орнының материалдық-техникалық жабдықталуымен таныстыру. Біз 9-сыныптың әр түлегіне мұнда қандай мүмкіндіктер бар екенін көрсеткіміз келді, — дейді Қ.Асайымова.
Фестивальге қатысқан оқу орындарының бірі – Тереңкөл ауданының аграрлық-техникалық колледжі. Аталмыш оқу орны ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинист, жөндеуші-слесарь, аспаз, дәнекерлеуші және бухгалтер-кассир мамандықтары бойынша білім береді.
— Студенттер оқу кезеңінде бірнеше жеңілдікке ие болады. Мәселен, бірреттік тегін ыстық тамақпен қамтылады. Баспанаға мұқтаж жастарға колледж жатақханасынан орын беріледі. Олардың бос уақыты ұйымдастырылады. Олар спорт секцияларына, үйірмелерге және әртүрлі бағыттағы клубтарға қатысып, «Песчан МЖЗ» және «Агро-Даму» кәсіпорындарында өндірістік және кәсіптік тәжірибелерден өте алады. Одан бөлек, студенттерге әр ай сайын 43 574 теңге, ал ата-анасынан айырылған білім алушыларға 56 646 теңге төленеді. Басқа қаладан келген студенттерге демалыс кезінде жол жүру өтемақысы беріледі, — дейді колледждің өкілі әрі 1-курс студенті Валентин Функ.
Аталмыш фестиваль мектеп оқушылары үшін әлеуетті жұмыс берушілермен, оқытушылармен және тәлімгерлермен тікелей қарым-қатынас жасауға, заманауи мамандықтар, оқу жағдайлары және мансаптық перспективалар туралы көбірек танып-білуге таптырмас мүмкіндік берді.
Фестивальдің басты шараларының бірі WorldSkills чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің өнер көрсетуі болды. Олар өз дағдыларын инженерия, ақпараттық технологиялар, аспаздық, дизайн және басқа салаларда көрсетті. Павлодар облысы WorldSkills Kazakhstan — 2024 ұлттық кәсіби шеберлік чемпионатының қорытындысы бойынша еліміздегі үздік төрт өңірдің қатарында, яғни, бұл өңірдің мамандар даярлаудағы жоғары деңгейін көрсетеді.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Асайын Байханов Жұмысшы мамандықтарды қолдау мен дамытудың маңыздылығын атап өтті.
— Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл — біздің еліміздің дамуындағы еңбек пен шеберліктің орасан зор рөлін мойындау. Біз жастардың өсуі мен өзін-өзі дамытуы үшін барлық жағдай жасауды жалғастырамыз. Бүгінгі таңда 9-сынып бітірген 11 мыңнан астам оқушының алдында маңызды таңдау тұр. Ол — болашақ мамандықтарын таңдау. Біз бұл жолды ыңғайлы, қолжетімді және перспективалы ету үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Биыл тегін оқуға арналған гранттар көлемі үштен бірге ұлғайды, шәкіртақы мөлшері бір жарым есеге өсті. Білім алушылар тамақпен, жатақханамен қамтамасыз етілген және көлік шығындары өтеледі. Өнді-рістік тәжірибеден өткен жағдайда 250 мың теңгеге дейін төленеді және еңбек өтіліне есептеледі. Біздің студенттер Германия, Түркия және Қытай елінде шетелдік тәжірибеден өтуде. Биылғы жылы «Жаңа мамандықтар атласына» енгізілген мамандықтар бойынша білім алған студенттер оқуын аяқтайды. Оқу бітіруші түлектерге диплом ғана емес, сонымен қатар шығармашылық индустрия бағыттары бойынша курстан өткені туралы сертификат беріледі, — деп атап өтті аймақ басшысы.
Форум аясында WorldSkills өңірлік чемпионатының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Үздік 55 жас маман жоғары жетістіктері мен кәсібилігі үшін жоғары марапаттарға ие болды.
Фестивальдің ерекше сәті музыка колледжінің оқытушылары мен студенттері орындаған авторлық «Жұмысшы мамандықтарының әнұраны» болды. Композиция жұмысшы мамандықтар жылының құрметіне арнайы жазылып, ел болашағын өз қолымен, білімімен және дарынымен көркейтетін жандарға арналды.
«MamandyqFest — 2025» тек шеберлік мерекесі емес, сондай-ақ шабыт, тәжірибе алмасу және өңір жастарының болашақ кәсіби өмірін бастау үшін маңызды алаң болды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.