Мұнай-газ саласына қажет жіксіз болат құбырларын өндіретін өңірдегі алғашқы өндіріс орындарының бірі – «KSP Steel» ЖШС. Бұл кәсіпорында талай жылдан бері тынбай еңбек етіп, кәсіпорындағы құрал-жабдықтың барлығының үздіксіз жұмыс істеуін қадағалап, істен шыға қалған жағдайда уақыт оздырмай жөндейтін тәжірибелі мамандардың бірі – Балтабек Тасқарин.
Ертіс ауданының тумасы Балтабек Тасқарин өндірістегі еңбек жолын өткен ғасырдың 80-ші жылдары бастап, кейін әскерге аттанады. Азаматтық борышын өтеп келген соң өзге кәсіпорында слесарь-жөндеуші маманы ретінде 14 жылдық тәжірибесін жинап, «KSP Steel» зауытына оралады. Биыл еңбегіне адал қызметкер құрметті демалысқа шығып, зейнеттің қызығын көрмек.
Осыдан бірнеше жыл бұрын слесарь мамандығы ел ішінде көп елене бермейтін мамандықтардың бірі болған. Ал Балтабек Тасқарин осы мамандықты таңдағанына еш өкінбейді.
– Заман талабына орай бұрынғы зауыттың құрал-жабдығы толығымен жаңарды. Бұрын барлығын өзіміз жөндейтін едік. Қазір компьютерлік желі арқылы атқарған ісімізді жүйелеп, қадағалап отырамыз. Жөндеу-механикалық цех өндірістегі барлық цехта қолданатын жабдықтармен жұмыс істейді. Ақауы бар құрал-сайман, жабдықтарды бір ай аралығында өңдеп, қалпына келтіреміз. Осы ұжымда еңбек ететін әріптестерімнің біліктілігі арқасында өндірістегі жабдықтардың механикалық беріктігі талапқа сай қызмет етеді. Бастысы, білдектермен жұмыс жасағанда аса жауапкершілікпен қарап, мұқият болу керек. Кез келген өндірісте алдымен қауіпсіздік ережелеріне баса мән берген жөн. Күннен-күнге, жылдан-жылға бір кәсіппен айналысқан соң өндіріс тәртібін бес саусақтай біліп, күнделікті атқаратын ісіңе сенімің арта бастайды, – дейді слесарь-жөндеуші Балтабек Тасқарин.
Аталған кәсіпорында әртүрлі саладағы 7500 кәсіби маман еңбек етеді. Өндірістің жұмысын Алматы қаласында орналасқан компанияның бас кеңсесі үйлестіреді. Бүгінде кәсіпорын өнімі еліміздің машина жасау, мұнай-газ, геологиялық барлау салаларында құбырды салу кезінде қолданылады. Сондай-ақ, шығарылатын өнім Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан мен алыс шетелдерге, соның ішінде АҚШ-қа тұрақты түрде экспортталады.
Еңбек өтілі 20 жылдан асқан слесарь-жөндеушінің біліктілігі бесінші сатыға дейін көтерілген. Алайда ол қызметінің оңай емес екенін алға тартты. Әр кескіндеменің жүздікпен, миллиметрмен өлшенетін тұстары бар. Жұмыс дәлдікті қажет ететіндіктен қателесуге болмайды. Еңбек жолында талай өзгерісті бастан өткерген маман әлемдегі қаржылық дағдарыс кезінде де қызметін жалғастыра берген.
– Өндіріске енді келген жылдары белсенділік танытып, зауыттың қоғамдық өміріне қатысатын едім. Әсіресе футбол ойынынан жарыстарға қатысып, цех намысын қорғайтынбыз. Бүгінде зейнеткерлік жасым тақап, болашақта немерелерімнің қызығын көруді жоспарлап отырмын. Өндірістік қызметімде жақындарым ізімді жалғамаса да, спорт саласында белестерді бағындыруда, – дейді ол.
Жақында құрметті демалысқа шығатын тәжірибелі слесарь-жөндеушінің еңбек жолы – жас мамандарға үлгі. Ол ұжымдағы әріптестеріне кәсіпті үйретуден жалықпай, ақыл-кеңестерін айтуға әркез дайын.
Салтанат ҒАББАС.