Павлодар аудандық «Ertis» Жоғары инновациялық аграрлық колледжі» — ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандарды даярлайтын өңірдегі жалғыз техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы. Бүгінде оқу ордасында 915 студент білім алады. Олар жайлы жатақханада тегін тұрып, күніне бір мәрте ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Қосымша уақытылы шәкіртақы мен жолақы төленіп отырады.
Колледждің материалдық-техникалық базасы жоғары білікті кадрларды даярлауға арналған заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда ветеринарлық оқу-зертханалық кешен жұмыс істейді. Ол ТМД елдеріндегі басқа колледждерде кездеспейді. Бұл жерде кез келген күрделі ветеринарлық операциялар және жануарларға УДЗ жасау мүмкіндігі бар, сонымен қатар жануарларға арналған стоматологиялық кабинет қызмет етеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген көшпелі брифинг барысында аталмыш колледждің директоры Айгүл Байжұманованың айтуынша, облыстағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен колледж арасында әлеуметтік серіктестік аясында кадр даярлау, оқытушылардың біліктілігін арттыру, кәсіби практика мен түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша 38 келісімшарт жасалған.
Бүгінде оқу орнының өзіне тиесілі оқу-жер учаскелері бар. Мұнда «Агрономия» және «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандықтары бойынша студенттер астық дақылдарын өсіру технологиясын және ашық топырақта көкөніс өсіру дағдыларын меңгереді. Сонымен қатар, студенттердің стартаптарын дамытуға арналған «Аgrohab» орталығы құрылған. Жобалар қатарында «Қойылмалы саңырауқұлақ өсіру» және «Гүл өсіру» бар.
— Алдағы уақытта студенттердің санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Оған қоса, келесі оқу жылынан бастап «Зоотехника», «Ақпараттық қауіпсіздік», «Бухгалтерлік есеп» мамандықтарын енгізбекпіз. Сондай-ақ, осы жылы мемлекеттік тапсырыс әрі «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында кез келген жастағы азаматтар үшін үш айлық қысқа мерзімді оқыту жүйесі енгізілді. Біздің филиалдарымыз Аққулы мен Май ауданында орналасқан. Ал өзге аудандардағы білім алушылар біздің колледжге келіп білім алады. Алғашқы бірінші айда олар теориялық бағытта тәлім алса, қалған екі айда кәсіпорындар мен мекемелерге кәсіптік тәжірибелерге жіберіледі. Нәтижесінде олар тракторшы, жүргізуші, ветеринариялық өңдеу жөніндегі оператор, бухгалтер-кассир секілді мамандықтарды меңгеріп шығады. Бүгінде аудандардағы өтініштер шеңберінде осы салалар бойынша 32 адам оқытылуда. Ал негізі әр жыл сайын біздің колледжде білім алған студенттердің шамамен 83 пайызы толық жұмыспен қамтылады, — дейді ол.
Оқу орнының Агроном мамандығы бойынша 3-курс студенті Даниил Терещенко колледж қабырғасында өткен республикалық «AgroSkills-2025» кәсіби шеберлік байқауына қатысып, жүлдегер атанған. Ол байқау барысында жеміс ағаштарына екпе салу ісі бойынша сынға түскен.
— Негізі, менің атам мен әкем де — осы саланың қызметкерлері. Сондықтан мен де еш ойланбастан агроном боламын деп шештім. Бүгінде жергілікті шаруа қожалығында тәжірибеден өтудемін. Оқуымды аяқтаған соң осы сала бойынша еліме пайдамды тигізгім келеді, — дейді ол.
Алдағы уақытта колледж қосымша лицензия алып, Ветеринария мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриат бағдарламасын ашуды және «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша халықаралық аккредитациядан өтуді жоспарлап отыр.
Айдана БОРАНБАЕВА,
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.