Көп уақыты өндірісте өтеді

Қар 20, 2025

Бүгінде «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жұмысшы мамандарды елге таныстырумен қатар, осы саланы өз еркімен таңдап, болашаққа үлкен сенім артып отырған жастар жайлы айтқан да жөн. «Жастар – қоғам айнасы» демекші,  олар өндіріс, ауыл шаруашылығы, зертхана, т.б. салаларда еңбек етіп, қызметтерінің мәртебесін арттыруда. Мұндай мамандарды даярлайтын Түсті металлургия жоғары колледжінің білім беру бағдарламасының маңызы зор. Осы ретте, колледждің бөлім меңгерушісі Гүлсім Құрманғалимен сұхбаттастық.

– Бүгінде жұмысшы маман-дыққа қызығушылық артуда. Соңғы жылдары оқуға түскен жастар бойынша өсім байқала ма?

– Бүгінде іске асып жатқан бастама техникалық және кәсіптік мамандардың беделін арттыруға және еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды дайындауға бағытталған. Соңғы жылдары оқуға түскен жастар саны өсіп келеді. Балалар мектеп қабырғасында оқып жүріп, болашақ мамандарын таңдап, осында білімдерін толықтырып, тәжірибе жинап, барлығы 100 пайыз жұмыспен қамтылуда.

– «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай қандай жоба іске асуда?

– Биыл жаз мезгілінде «Мамандық фест – 2025» атты фестиваль өтті. Онда қаламыздың жағалауында «Көрме» аллеясында жас мамандар, оқушылар, студенттер колледж, жоғары оқу орындары және бизнес өкілдерімен жақынырақ танысты. Жастар жұмысшы мамандықтардың қажеттілігін көрсету мақсатында түрлі көрме ұйымдастырылды. Онымен қоса, кәсіпорындарға экскурсия апарып, олар өндірістік үрдісті өз көздерімен көріп, таныды. Қазіргі таңда Павлодар қаласында 50 бейінді сынып ашылды. Мұнда оқитын балалар колледждің шеберханасына келіп тәжірибе жинады. Яғни болашақ мамандықтарымен алдын ала танысып, қыр-сырын біледі. Кейін 9-сыныпты аяқтаған соң оқу ордамызға келіп білім алады.

– Бүгінде кеңінен танылған «Дуалды оқыту» жүйесінің ауқымы қандай?

– Иә, дуалды оқытудың тиімділігі зор. Қазіргі таңда студенттердің 60 пайыз уақыты өндірісте өтеді. Нәтижесінде өндірістің шарттарымен танысып, тәжірибе кезінде жұмысшылардың атқарып жатқан істерін бақылайды. Зауытқа келген әр студентке ментор тағайындалады. Ол болашақ маманды өндірістік ережелермен таныстырып, цех және учаскедегі қауіпсіздік техникасының мән-маңызын түсіндіреді. Мұндай жағдайда еңбек нарығына шығу мүмкіндігі молаяды. Яғни колледждер мен кәсіопорындардың арасындағы серіктестігінің күшейгенін байқауға болады. Осындай ірі кәсіпорындардың қатарында «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ және машина жасау өндірісі бар.

– Биыл жыл атауына байланысты студенттерге арналған тәжірибе сабақ-тары көбейді ме? Байқау мен жобалардағы белсенділігі қандай?

– Колледжде студенттерге арналған арнайы тәжірибе сабақтары толығымен өткізіледі. Оқу жоспары бойынша 1-курс студенттеріне «Мамандыққа кіріспе» атаулы қосымша сабақ өткізілсе, 2-курс студенттері өздерінің мамандығы бойынша белгіленген цехтарда өндірістік оқытуға қатысады. Ал 3-4-курс студенттері өңірлік өндіріс орындарында кәсіби тәжірибеден өтеді. Одан бөлек, болашақ мамандарымыз республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орынға ие. Соның бірі жуырда өткен Торайғыров университетінің 65 жылдығына арналған ХVІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцясында Біржан Минапұлы 1-ші дәрежелі орынға ие болып, жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Сондай-ақ, колледж базасында ERG Skills Іnternational 2025 атты алғаш кәсіби шеберліктің халықаралық чемпионатында биылғы колледж түлегі Дәулетбай Қайсар жоғары құзыретті токарьлар үштігінде орын алды. Осындай ауқымды шараға қатысқан өзге де студенттер шеберліктерін дәлелдеп жоғары нәтиже көрсете алды.

Жыл соңына дейін өңірлік ірі кәсіпорындармен бекітілген шара аясында көптеген жиындар іске асырылуда. Дәл қазір зауытта қызмет етіп жүрген Жастар лигасы колледж студенттерімен «Үздік топ» номинациясына үміткерлерді таңдауда, яғни сайысқа дайындық қызуда. Біз дайындап жатқан мамандардың болашақ қызметінің мәртебесі әлі де артатынына еш күмән жоқ.

Сұхбаттасқан – Салтанат ҒАББАС.