Қазақстанның кең-байтақ даласы мен ұланғайыр ормандарын қорғау ісінде қарапайым орманшылардың еңбегі өлшеусіз. Әсіресе, бұл саланы әулет болып таңдаған отбасыларды халық ерекше құрметтейді. Олар үшін орман – тек жұмыс орны емес, өмірдің мәні мен мақсаты. Солардың бірі – Ахменовтер жанұясы. Бұл әулет Ақтоғай ауданының тұрғындары үшін әкеден балаға жалғасып, табиғатты қорғау мен сақтау жолындағы адал еңбек пен сүйіспеншіліктің үлгісі болып келеді.
Ахменовтер әулетінің орманшылық тарихы өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастау алады. Әулет басшысы Нөгер Ахменұлы орман қорықшысы болып жұмысқа орналасып, бар ғұмырын жасыл желекті қорғауға арнады. Кейін құрметті еңбек демалысына шықты. Оның табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен адалдығы баласын да осы салаға жетеледі. Бүгінде Нөгер ақсақалдың ісін ұлы Сырым Нөгерұлы жалғастыруда.
Сырым Нөгерұлы 1971 жылы 16 сәуірде Ақтоғай ауданы Қожамжар ауылында дүниеге келген. 1978-1988 жылдары осы ауылдағы онжылдық мектепті бітіріп, кейін әскери борышын өтеу үшін Арменияға аттанады. 1989-1991 жылдары Таулы Қарабақ ұрыс-қимылдарына қатысып, елге қызмет ету тәжірибесін жинайды. 1993 жылы «Максим Горький орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекемесіне» жұмысқа орналасады. Негізгі мамандығы – орман қорықшысы. Оның айтуынша, бұл мамандық үшін тек кәсіби дағдылар жеткіліксіз. Алдымен, орман қорықшысы болу табиғатқа, еліңе, жеріңе деген шексіз махаббатты талап етеді.
— Бұл саланы таңдауыма жайқалған жасыл табиғатқа деген сүйіспеншілігім мен әке жолын жалғастыруға деген ниетім себеп болды. Әкем Нөгер Ахменұлы осы салаға 23 жылын арнады. Ал өзім 32 жылдан бері қызмет етіп келемін. Бұйырса, зейнеткерлік жасқа дейін жайқалған орманды қорғап өтемін деген ойым бар. Бұл саладағы ірі жетістігім – 32 жыл бір қызметте әрі бір орында зор жауапкершілікпен қызмет ету. Осы уақыт аралығында облыстық «Орман және жануарлар әлемі, табиғатты қорғау салалары қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінен берілген бірнеше Алғыс хатым бар.
Мен өз мамандығымды жақсы көремін және оған зор жауапкершілікпен қараймын. Кең алқапты орманымды аралап, жайқалған түрлі ағашты және аң-құстарды көріп, бұл менің Қазақстанымның кең-байтақ жерінің бір ажырамас байлығы ғой деп кеудемді мақтаныш билейді.
Мен үшін орман – бұл тек жұмыс орны емес, туған жерімнің байлығы, табиғатымыздың ажырамас бөлігі. Кең алқапты орманымды аралап, әр ағашты, әр құсты көргенде мақтаныш сезімі арта түседі, – дейді ол.
Сырым Нөгерұлының қызметі жыл мезгілдеріне қарай өзгеріп отырады. Мәселен, көктем, жаз және күз айларында өрт қаупін алдын алу жұмыстың басты мақсаты болып саналады. Осы уақыттарда тұрғындарға жазғы алқаптағы ескі шөптерді жақпауға, демалуға барғанда отты жағып, қараусыз қалдырмауға ескерту жасайды. Ал қыс мезгілінде арнайы отынға арналған ағаштарды тұрғындарға таратып, рұқсатсыз ағаштардың кесілмеуін қадағалап, бақылап жүреді.
— Бүгінгі таңда біздің саламызға да жаңа технологиялар енгізілген. Қазіргі уақытта байланыс және өрт сөндіруге арналған заманауи құралдар бар. Бұл құралдар өрттің алдын алуға көп септігін тигізеді, — деп атап өтті С.Нөгерұлы.
Кейіпкеріміз жұмыста еңбекқор қызметкер болса, отбасында мейірімді әрі қамқор әке. Бүгінде жолдасы екеуі 1 қыз бен 2 ұлдан тараған 3 немере мен 3 жиенінің қызығын көріп отыр. Әке жолын жалғаған кейіпкеріміз бұл саланы балалары мен немере-жиендері де жалғастырса деген арманы бар.
— Қазірден бастап оларды өзіммен бірге орманға ертіп, ормандағы жұмыс істеу тәсілдерін үйретіп жүрмін. Болашақта мен таңдаған мамандықты олар да таңдап, әке жолын қуса деген арманым бар, — деп түйіндеді С.Нөгерұлы.
Түйін:
Сырым Ахменов – орман қорғаудағы адал еңбек пен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәстүрдің айқын үлгісі. Әкеден балаға көшкен бұл жол табиғатты сүю, оны қорғау және келер ұрпаққа жеткізу миссиясын жалғастыру арқылы Қазақстанның жасыл байлығын сақтап келеді. Сырым Нөгерұлының еңбегі – кәсіби адалдық, табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершіліктің нақты көрінісі. Оның еңбегі жас ұрпаққа үлгі болып, кең-байтақ ормандарымыздың сақталуына, ұлттық мұраның болашаққа аман жеткізілуіне өз үлесін қосып келеді.
Айдана БОРАНБАЕВА.