Сирек құстар – студенттердің қамқорында

Шіл 17, 2025

Облыста ауыл шаруашылығы саласына жаңаша көзқараспен қарап, білім мен кәсіпті ұштастырып жүрген жастар бар. Мәселен, Павлодар аудандық «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжінің ветеринария мамандығында оқитын студенттер — Меруерт Жаныс, Берікбек Хайрм және Нұрсұлтан Сүңгібаев оқумен қатар, сирек кездесетін құс тұқымдарын өсіріп, болашақ табысты кәсіптің іргетасын қалап келеді. Жуырда жас мамандарға арнайы хабарласып, жобалары туралы аз-кем сұрап білдік. 

Студенттердің айтуынша, бұл бастама олар үшін кездейсоқ пайда болмаған. Олар бала армандарын колледж қабырғасында білім ала жүріп, жүзеге асыруды жөн санапты. Қазір де осы жобаның нәтижесінде олар «Агрохаб» оқу жобасы аясында «Брама», «Джерсий гиганты» және «Кучинск» тұқымына жататын 60-тан астам үй құсын өсіріп отыр.

– Біз «Ветеринария» мамандығында оқимыз. Бұл жоба бізге алдымен зор жауапкершілікті алуды үйретті. Одан соң құстарға күтім жасау, олардың тамақтану рационын қалыптастыру, аурудан сақтау, инкубациялық процесті бақылау – мұның бәрі нақты кәсіби тәжірибе. Қазіргі істеп жүрген жұмысымыз болашақ кәсібімізге айналуы әбден мүмкін, –
дейді олар.

Құс шаруашылығына арналған тұқымды таңдағанда студенттер өнімділік, жергілікті климатқа бейімділік, ауруға төзімділік және сыртқы пішіні секілді бірнеше факторды ескерген. Таңдау дәл осы үш тұқымға түсіпті.

– «Брама» мен «Джерсий гиганты» – етті ірі тұқымдар. Ал «Кучинск» – ет және жұмыртқа бағытындағы өнімді тұқым. Бұл құстардың барлығы ауа райының құбылмалы жағдайына бейім, күтімі де күрделі емес, – дейді Меруерт Жаныс.

Олар құстарды жұмыртқаны салғаннан бастап балапанның жарыққа шығуына дейінгі барлық процесс өздерінің үнемі бақылауында екендігін айтады. Қазір олар алғашқы партияны өсіріп қана қоймай, құстардан алынған жұмыртқаларды қайтадан инкубациялау арқылы жаңа балапандар өсіріп жатыр. Инкубация заманауи инкубаторларда, температура мен ылғалдылық толық автоматты түрде реттелетін жүйеде өтеді.

– Біз овоскоп көмегімен жұмыртқаларды зерттеп, жарамсыздарын іріктейміз. Барлық биологиялық және технологиялық процесті қатаң бақылауда ұстаймыз, – дейді Нұрсұлтан Сүңгібаев.

Колледж жанындағы оқу шаруашылығында құстарға арналған арнайы сарай бар. Онда жылу, жарық, желдету және санитарлық тазалық толық сақталады. Ересек құстар мен балапандарға арналған жемдер бөлек, ал оларға қажетті минералдар мен дәрумендер қатаң тәртіппен беріледі. Бұл – құс денсаулығы мен өнімділігі үшін маңызды.

– Қазір бізде 67 құс бар. Балапан-
дарға стартерлік, ал ересек тауықтарға жоғары сапалы дайындалған жем беріп отырамыз. Барлық құсқа арнайы кесте бойынша күтім жасалады, – дейді Берікбек Хайрм.

Студенттердің бұл жобасы колледж ұжымының, оқытушылар мен құрдастарының қолдауына бірден ие болған. Олар облыс әкімінің қатысуымен өткен «Мамандық FEST» кәсіби көрмесінде жобасын таныстырып, келушілердің ерекше қызығушылығын тудырған. Сонымен қатар, колледжге келушілерге экскурсиялар ұйымдастырылып, студенттер тәжірибесін өзгелермен бөлісіп отырады.

– Бұл мақсатымыз — тек құс өсіру емес, сонымен қатар өз-өзіңді таныту, жобаны көпшілікке жеткізу, пікір алмасу, тәжірибе алмасу. Мұндай жобалар — маман ретінде қалыптасудың тамаша үлгісі, – дейді олар.

Жас ветеринарлардың жоспарлары да ауқымды. Олар болашақта қой шаруашылығына бет бұрып, «Романов» тұқымды қой өсіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, қазіргі жобаларын тұрақты кәсіпке айналдыру – басты мақсаттарының бірі.

– Қазірден бастап болашаққа негіз қалаудамыз. Білім ала жүріп тәжірибе жинау, кәсіпке ерте араласу – үлкен артықшылық. Бастысы – сенім мен ниет. Қазіргі уақытта басқа студенттер де біздің жобамызға қызығушылық танытуда. Бұл біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетеді, –
дейді Меруерт Жаныс.

Жас мамандардың ауыл шаруашылығы саласына бет бұрып, кәсіптік бағытта дамуы еліміздің агросаласындағы кадрлық әлеуеттің өсіп келе жатқанын көрсетеді. Олар өз қатарластарына да бастама көтеріп, оны соңына дейін жеткізу керектігін
айтады.

Осылайша, Павлодар аудандық «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжінің студенттері оқу барысында теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, осындай игі іспен айналысуда. Олардың тың жобасы – ауыл шаруа-шылығы саласын жаңғыртудың,
жастардың бұл салаға деген қызығушылығын арттырудың жарқын үлгісі.

Айдана БОРАНБАЕВА.