Талпынғанның жолы ашық

Қаз 23, 2025

Биыл өндірісте қызмет ететін жұмысшылардың еңбегі еленіп, көпшілік техникалық мамандықтарға қызығушылық танытып келеді. Неге десеңіз, ауыр саланы бағындыра білсең, мәртебесі артып келе жатқан қызметтің арқасында зор жетістікке жетуге болады. Павлодар мұнай-химия зауытында өмір тіршілігінің қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау саласында жеті жылдай еңбек етіп келе жатқан Бағдатгүл Кенженова — қызметімен өндірістегі қоғамдық өмірді қатар алып жүрген белсенді жастардың бірі.

Биыл Шымкент қаласында өткен жастар форумына қатысып үлгерген Бағдатгүлдің кәсібіне қызығушылығы арта түскен. Тіпті спорт саласын бағындыруға талпынып, спартакиадада садақ ату сайысында жүлделі ІІІ орынды иеленген. Сондай-ақ, салауатты өмір салтына өз үлесін қосып, өндіріс атынан өткізілетін экологиялық акция-ларға қатысады.

Мұнай-химия зауытына алғаш орналасқан кезде алпауыт қондырғы, ірі жабдық, резервуар және химиялық реакциялар мен мұнай өңдеуді өз көзімен көріп, өндірістің қызу жұмысына бірден кірісті. Бағдатгүл Кенженова мұнай өнімдерін компандирлеу және тиеу өндірісі учаскесі жазық далада атқаратын қызметі табиғат көрінісімен баурап алатынын айтты.

– Еңбек қауіпсіздігін қорғау мамандары жұмыс барысын қадағалап, жабдықтардың жарамдылығын тексерген соң жұмысқа кірісеміз. Өзім еңбек ететін аумақтың көлемі кең. Мұнай саласындағы қызмет жылдан-жылға дамып, күнделікті қолданатын құрылғылар мен жабдықтарымыз да — сапалы, заманауи техникалар. Бастысы, зауытқа орналасқан кез келген маман еңбек қауіпсіздігін қатаң қадағалағаны жөн, – дейді ол.

Өндірістің қоғамдық өміріне белсенді араласатын жас маман қыс мезгілінде сноубордингпен айналысып, жаз мезгілінде спорт командаларымен бірге тауға шығып, биік шыңдарды бағындырады.

Әдетте нәзік жандылар сирек атқаратын қызметтегі еңбекті қорғау инженері мамандығының иесі Бағдатгүл Кенженованың айтуынша, аталмыш салада техникалық білім мен адам психологиясын біріктіре білген жөн. Олар техникалық шешім-дерді қабылдаудан бұрын, қызметкерлердің қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырады.

Жас маман алдағы уақытта жетекші жобаларға қатысумен қатар ауқымды шараларды ұйымдастырып, еңбек қорғау саласын дамытатын онлайн жүйе құрастыруды жоспарлап отыр.

Салтанат ҒАББАС.