Трамвай тізгіндеген Нұрбану

Шіл 31, 2025

Таңның атысымен қызметіне кірісіп, темір жолда тоқтаусыз қозғалыста жүрген жандар бар. Олар – қаланың күретамырына жан бітіретін трамвай жүргізушілері. Солардың бірі – павлодарлық Нұрбану Ахметова. Қоғамдық көліктің тізгінін ұстағанына он жылдан асқан.

Нұрбану Ғалымбекқызының негізгі мамандығы – аспаз. Ал трамвай саласына 2006 жылы бала күнгі арманын орындау үшін келген. Алайда отбасылық жағдайларға байланысты жұмыстан шығып кетуге мәжбүр болған.

— Жалпы, бала күнімнен кондуктор болуды армандадым. Сөйтіп, осы мамандықпен жұмысқа орналастым. Алайда тұрмысқа шығып, балалы болған соң жұмыс екінші орынға қалып қойды. Кейін арманымды жүзеге асыру үшін 2006 жылы осы трамвай басқармасына кондуктор болып жұмысқа орналастым. Араға көп уақыт салмай жүргізуші мамандығын қосымша оқып, трамвай жүргізушісі болып қызметімді ауыстырдым. Бүгінде осы салада еңбек етіп келе жатқаныма 15 жылға жуық уақыт болыпты, — деп еске алады Н.Ахметова.

Нұрбану Ахметованың күні ерте басталады. Қала әлі ұйқыда жатқанда, ол трамвай депосына бет алады. Алғашқы маршрут таңғы жетіде шығады. Ал оған дейінгі дайындық, техникалық тексеріс, жоспармен танысу уақыт пен қатаң тәртіпті талап етеді.  Ол үшін бұл жай ғана жұмыс емес. Бұл – тәртіп, тұрақтылық және адал еңбекке негізделген өмір салты. Ол тізгінге отырған сәттен бастап жолға баса назар аударады.

— Жұмысым таңғы 07.00-де басталып, кешкі 18.30-ге дейін жалғасады. Кейін өзімнің кезекшілігімді басқа адамға тапсырамын. Үнемі 7-нші бағыт бойынша жүремін. Бұл жұмыстың басты ережесі – ұқыптылық. Себебі, бір кішкентай қателік жүздеген адамға кесірін тигізуі мүмкін. Көпшілік ойлағандай, трамвай жүргізу – оңай шаруа емес. Бұл – жылдамдық пен тежегіш, бағдаршам мен белгі, рельс пен аялдама арасындағы үздіксіз үйлесім. Әсіресе, қыс мезгілінде немесе көлік кептелісі болғанда аса мұқият болуды талап етеді. Бірде көше қиылысында бір жеңіл көлік жолымды кесіп өтіп, шұғыл тоқтауға мәжбүр болдым. Сондай сәттерде бар жауап-кершілік жүргізушінің мойнында екенін аңғарасың, — дейді ол.

Жолаушылардың көбі Нұрбану Ғалымбекқызын жылы жүзінен-ақ таниды. Сыпайы сәлемі, жолдағы сабырлығы, қарттарға көмектесіп, балаларға назар аударуы оның тек кәсіби біліктілігін емес, адами қасиетін де көрсетеді.

Нұрбану Ахметова – темір жолда табанды еңбек етіп жүрген нәзік жанды жан. Ол – тек көлікті тізгіндеген маман емес, күн сайын жүздеген адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қаланың тіршілігіне үнсіз үлес қосып жүрген еңбек адамы. Ол, сондай-ақ аяулы ана, отбасының тірегі.

Айдана БОРАНБАЕВА.