Екібастұзда тұратын Тұрсынбаевтар әулетінің еңбек жолы көмір кеніштерімен тікелей байланысты. Ұрпақтан ұрпаққа сабақтасып, бірнеше буын табыстарын дәл осы тас көмір өндірісінен тауып келеді. Бүгінде ерлі-зайыпты Сейфула мен Айгүл Тұрсынбаевтардың көмір өндірісінде жұмыс істеп жатқанына 40 жылдан асқан. Ал әулеттің жалпы еңбек өтілі 219 жылға жеткен.
Бала кезден байланыстырған
Екеуі де «Богатырь көмір» ЖШС-інде еңбек етеді. Сейфула Хайруллаұлы — кәсіпорында теміржол жабдықтарын жөңдеу дирекциясының бас технологы қызме-тінде. Аталмыш компанияда 47 жыл табанды еңбек етуде. Жұбайы Айгүл Тұрсынбаева кәсіпорынның корпоративтік қоры атқарушы директорының орынбасары лауазымын абыройымен атқаруда. Өмірінің 42 жылын осы компаниядағы қызметіне арнаған.
Кеншілер отбасында өмірге келген Сейфула Тұрсынбаев бала кезден болашақ жұмысын көмір өнеркәсібіндегі теміржолмен байланыстыруды мақсат етсе керек.
Жоғарыда айтқанымыздай, әулеттің көмір саласындағы еңбек жолы әріден бастау алды. Сейфула ағаның әке-шешесі көп жыл «Екібастұзкөмір» өндірістік бірлестігінде жұмыс істеген. Әкесі Хайрулла Тұрсынбаев кезінде «Орталық» кенішінде экскаватор машинисі болып 23 жыл еңбек еткен. Ал анасы Бибиназия аталған кеніште 13 жыл шахтада компрессоршы болып жұмыс атқарыпты. Екеуі де осы кәсіпорыннан зейнеткерлікке шыққан.
Хайрулланың інілері Зекен мен Қуан да көмір өндірісінің білгірлері болды. Зекен СПТУ-да күш агрегаты машинисі болған. «Шахтер даңқы» белгісінің толық иегері атанған. Қазіргі таңда «Богатырь көмір» корпоративтік қорының зейнеткері, 37 жыл өмірін кеніште өткізді. Ал інісі Қуан БПТУ-да жүк агрегаты машинисінің көмекшісі ретінде абыройлы 18 жыл еңбек еткен. Өкінішке қарай, өмірден озған екен.
Ал енді кейіпкеріміз Сейфула Хайруллаұлының өзіне оралсақ, оның еңбек жолы №163 кәсіптік-техникалық училищеден (қазіргі Қ.Пішенбаев атындағы колледж) басталыпты.
— Жас маман ретінде ол кезде кәсібімнің қыр-сырын Богатырь тиеу-көлік басқармасының «Ковыльная» станциясында жылжымалы құрамының депосында үйрендім. Мұнда жүк агрегаты машинисінің көмек-шісі болып еңбек еттім. 1983 жылы әскер қатарына шақырылдым. Әскерден оралған соң бұрынғы орныма орналасып, еңбек жолымды жалғастырдым, — дейді даңқты шахтер Сейфула Тұрсынбаев.
Кейін ОПЭ машинисінің көмекшісі, машинисі, нұсқаушы машинист, «Октябрьская» жылжымалы құрам депосы бастығының орынбасары, содан соң бастығы қызметтерін атқарған. Қазіргі таңда мұнда теміржол жабдықтарын жөңдеу дирекциясының бас технологы болып жұмыс істейді.
Еңбек ескерусіз емес
Сейфула Хайруллаұлы өзін бақытты жандар қатарына жатқызады. Жұбайымен бірге алып кәсіпорынның өркендеуіне қол ұстасып, үлестерін қосып келеді. Еңбектері де елеусіз қалған емес. Отағасы «Еңбек даңқы» белгісінің толық иегері, 3,2 дәрежелі «Шахтер» белгісінің иегері атанған. Ал жары Айгүл Тұрсынбаева «Богатырь көмір» компаниясының Құрмет грамотасымен, 3 дәрежелі «Еңбек даңқы», 3 дәрежелі «Шахтер даңқы» белгілерімен марапатталған.
— Адал атқарылған әр іс еленеді, ескеріледі. Екінші туған үйіме айналған кәсіпорным «Богатырь көмір» компаниясының өркендеуіне үлесімді қосып жүргеніме қуаныштымын. Кәсіпорынның бірнеше мыңдаған ұжымының ірілі-ұсақты істерінде 47 жыл ішінде менің де үлесімнің барын мақтан етемін. Жұмысыма әрдайым жауапкершілікпен қараймын. Бұл еңбегім еленді. 2001 жылы серіктестіктің Үздік қызметкері атандым. «Еңбек даңқы» белгісінің толық иегерімін, 3,2 дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісін де кеудеме тақтым, — дейді кешегі еңбегінің жемісін көріп жатқан кенші.
Әке жолын қуды…
Отасқандарына биыл 40 жыл толған шахтерлер отбасы төрт бала тәрбиелеп өсірді. Әрқайсысы өз жолын таңдады. Бірақ кейбірі ата-анасының жолын жалғауды жөн көрген. Мәселен, тұңғыштары Фарид әкесінің ізін басып, жүк агрегатының машинисінің көмекшісі болып еңбек етеді. Екінші ұлы Руслан кәсіпкерлік жолға кеткен. Бірақ оған дейін еңбек жолын ол да көмір өнеркәсібінде бастағанын атап өту керек. Нақтысы, Серіктестікте локомотивтерді қарап шығу және жөндеу жөніндегі слесарь болған. Қыздары Даяна бүгінде «Богатырь көмір» компаниясында персонал бойынша менеджер, он жыл жұмыс істейді. Қызы Аида Торайғыров университетінде көлік, көлік техникасы және технологиясы мамандығын меңгеріпті. Қазіргі таңда бала күтімімен декреттік демалыста. Күйеу баласы Александр Богатырь тиеу-көлік басқармасында ТЭМ-2 тепловозының машинисі болып еңбек етеді. Келіні Гүлнар — «Богатырь көмір» компаниясының қаржы бөлімі секторының бастығы лауазымында. Даңқты Сейфула мен Айгүл Тұрсынбаевтар аяулы ата-ана ғана емес, ардақты ата-әже атанған. Жеті немере-жиені бар.
Еңбек етудің өмірлік маңызын ата-анасынан үйренген Сейфула Хайруллаұлы бар тәлім-тәрбиесін ұрпағының бойына сіңіруде.
— Өзім үлкен отбасында өстім. Ата-анам бойымызға адамгершілік дәнін септі. Әкемнің айтқан сөздері әлі күнге дейін құлағымда жаңғырып тұрады. Ылғи жалқаулықтың жау екенін айтатын. Қорықпай, әрекет ету керектігін үйретті. «Қолдан келгенше мұқтаждарға, айналаңа көмектес» дегенді санама құйды. Адалдықты бойымызға сіңірді. Ешқашан мойымау қажеттігін жиі айтатын. Міне, осы алған тәрбиемді балаларыма, немере-жиендерімен беріп келемін, — дейді екібастұздық кенші.
Жұбайы Айгүл Тұрсынбаева да жастық шағында өмір жолында әрдайым дана жандар кездескенін айтады. Анасы мен енесі шыдамдылыққа үйреткен. Адамды тыңдай білуді, қажет кезінде үндемей қоя салуды да қос анасынан үйренген. Сол бойына жиған тәжірибе, тәлімін ұрпағына жеткізіп, ошағының жылуын сақтауға барын салып келеді. Кеншілер әулеті «Мерейлі отбасы» облыстық байқауының жеңімпазы атанғанын да айта кетейік.
Танып-білу толастамауы тиіс!
Жауапкершілікті ту еткен даңқты шахтерлар отбасында балалардың еңбекке деген құрметі мен өзіне талапшыл болуларына мән беріледі. Жеке үйдің ауласындағы жұмыстарға немере-жиендерін тартады. Яғни, баланы балалық шақтан еңбекке баулудың маңызын біледі. Демалысқа, отбасылық мерекелерге де ерекше көңіл бөледі. Әр демалыс және мерекелік күндерін отбасымен өткізуді дәстүрге айналдырған. Сейфула Хайрулла ұлдарымен және күйеу балаларымен бірге техника жөндеуді жақсы көрсе, ошақ иесі Айгүл Тұрсынбаева ауласындағы бақша-
сын баптап, айналасын гүлге орауды жаны сүйеді. Қос қызы мен келіні түрлі тәттілер пісірумен, жеміс-жидектен гүл шоқтарын жасаумен де айналысады. Қысқасы, еңбекқор отбасы бір сәттерін де бос өткізбеуге тырысады. Осы ретте, даңқты шахтер бүгінгі жастарды жалқаулықтан ада болуға шақырады.
— Жастарға айтар басты ақылым – жалқау болмаңдар! Әрдайым біліміңді арттыруға көңіл бөлу керек. Өз басым біраз жасқа келсем де, бірнеше ондаған жылдық еңбек өтілім, жоғары білімім болса да, қосымша бір техникалық әдебиетті, тепловоздар мен электровоздарды жөндеу және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі оқулықтарды оқып шығуға уақыт табамын. Себебі, білім ешқашан артықтық етпейді. Ал жұмыс барысында алған теория тәжірибемен ұштасып, жақсы есте сақталады, — дейді өзін дамытуды бір сәт доғармаған даңқты шахтер.
Тұрсынбаевтар әулеті қайырымды істерден де алшақ жүрмейді. Тіпті, сол қайырымдылық акцияларын өткізуге өздері бастамашы болатын сәттер аз емес. Олар түрлі акциялары арқылы адамдарды мейірімділікке, жанашырлыққа шақырғылары келеді.
Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтың мәртебесі биік болғанын қалайды.
— Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл — еселі еңбектің әрі жұмысшы мамандықтар өкілдерінің ел дамуына қосқан үлесінің мойындалуы. Біз мемлекеттің бір бөлшегі екенімізді мақтан етеміз. Үлес қосудан әлі де аянбаймыз. Тәжірибеміз, біліміміз бен өз ісімізге адалдығымыз сенімділік пен тұрақтылықтың негізі деп санаймыз. Мамандықты таңдауда жаныңа жақынына басымдық берген дұрыс. Жұмысына құлшыныспен барған адамның ісінде де береке, нәтиже болады, — дейді Сейфула Тұрсынбаев.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.