Қадамы нық металлург

Қыр 4, 2025

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жастар қатарында кәсібіне адал мамандар мен болашағы зор қызметтер анықталуда. Яғни жыл атауына сай жақын арада өндірісте еңбек ететін өскелең ұрпақ қатары артуы сөзсіз. Осыған орай, «Қазақстан алюминийі» АҚ Павлодар алюминий зауытының гидрометаллургия цехының
№2 негізгі өндірістік учаскесінің аға шебері Мұрат Қамитов биыл «Құрмет тақтасына» енгізіліп, еңбегі еленуде.

Баянауыл баурайында туып-өскен Мұрат Қамитов Павлодар машина жасау колледжінде металлургия мамандығы бойынша білім алып, 2018 жылы Павлодар алюминий зауытындағы температурасы аса жоғары учаскелердің бірі – қызыл шламды сүзуде аппаратшы-гидрометаллург қызметіне орналасады. Уақыт өте келе, өндірістегі қызметкерлерге арналған арнайы оқытуларға қатысып, біліктілігін арттырған.

Бүгінде ПАЗ гидрометаллургия цехының №2 негізгі өндірістік учаскесінің аға-шебері қызметін атқаруда. Оның негізгі міндеті – өндіріс үрдісінің барлық кезеңдерін бақылап, технологиялық жабдықтардың жұмысын тексеру, еңбек қауіпсіздігін қадағалау және жұмысшылардың жұмыс тәртібін ұйымдастыру. Өндірістің аға шебері учаскедегі кез келген ақау мен істен шығудың алдын алып, оларды дер кезінде жою үшін қажетті шараларды қолдануы тиіс. Сонымен қатар, жас қызметкер автоматтандыру жүйелерін дамытып, жаңа технологиялардың енгізілуіне ықпал етуде.

Одан бөлек, Мұрат Қамитов биыл «Қазақстан алюминийі» АҚ алаңындағы «Біздің болашағымыз» тек-шесіндегі «Құрмет тақтасына» енгізіліп, құрметке бөленді. Ол кәсіпорынға келгелі жұмыс пен қоғамдық өмірді ұштастырып келеді. Өндірістегі жайдарман ойынында цех атын қорғап, онымен қоса, мерекелік шараларда жүргізуші ретінде танылған.

– Бала кезімнен ән мен жүргізушілікке жақын едім. Тіпті болашақта той-думан өткізіп, көрермендердің көңілін аулаймын деген арманым болған. Бүгінде техникалық мамандығым бойынша ісім алға басып қана қоймай, сахна төрінде де өнер көрсетіп, әріптестеріммен бірге жұмыстың қызығы мен шыжығын көрудеміз. Зауытқа енді келген уақытта ұжымдағы қатарластарымның алдында  жылдан-жылға қызмет сатысы бойынша көтерілемін деп уәде еттім. Сол айтқанымнан қайтпай, қиындықтарға мойымай, еңбегімнің жемісін көріп, еңбек етудемін. Болашақта жауапкершілігі зор өндіріс бөлімдерін басқаруды жоспарлап отырмын, – дейді ол.

Жастық шағында ПАЗ алюминий өндіреді деп ойлаған ол, бүгінде жоғары сапалы глинозем өндірісіне өзі де етене атсалысуда.

C.ҚАБДЕШҚЫЗЫ.