Қауіпсіз қатынауын қамтиды

Нау 27, 2025

Теміржолда пойыздың еш іркіліссіз қатынап, жолаушыларды діттеген жеріне жеткізу үшін электр қуатының да тиісінше желіге жетіп тұруы қажет. Яғни, жолдағы бағдаршам, түрлі электр жабдықтары мен желілер қызметін ақаусыз атқарып тұруы тиіс. Міне, осындай жауапты жұмыста жүрген жандардың бірі железиндік жігіт Асхат Шайдулов.

Железин ауданының Раздельное елді мекенінде туған ол мектеп бітірген соң аудан орталығындағы колледжге оқуға түседі. Электрик-слесарь мамандығын меңгереді. Бала кезінен бұл саладан хабары бар жас жігіт еш қиындықсыз оқып шығады. Білім ордасын бітірген соң әскери қызметін өтеуге аттанады. Оралған соң тұрақты жұмыс табуға кіріседі. Сөйтіп, еңбек жолын Ресей теміржолы кәсіпорнына қарасты ШЧ-14 бөлімінде бастайды. Бес жыл бұрын жас маман ретінде жұмысқа араласқан ол бүгінде өзі де біреуге білгенін үйрететін жағдайға жеткен.

— Алғаш жұмысқа орналасқанда жас мамандарға тәлімгерлер бекітіп берді. Негізгі міндетім түсіндіріліп, қызметімнің қыр-сырын үйретті. Қазір электр механик қызметін атқарамын. Бұл дегеніңіз ары-бері қатынайтын пойыздардың іркіліссіз, қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеміз. Осы қозғалысқа қажетті барлық құрылғыларды өлшеп, тиісті мөлшерде болуын қадағалаймыз. Одан бөлек, желілерді монтаждау жұмыстарын да жүргіземіз, — дейді Асхат Шайдулов.

Сегіз сағаттық жұмысына келісімен біздің кейіпкер үш әріптесімен бірге алдымен күнделікті нұсқаулықтан өтеді. Нақтысы, қауіпсіздік ережелеріне қатысты ескеруі тиіс тұстарды тағы бір мәрте есіне түсіреді. Еңбек қауіпсіздігін сақтауы қажеттігін Танысқанын растап, қолын қояды. Содан кейін өлшеу құралдары мен арнайы сөмкесін арқасына іліп, іске кіріседі. Бұл ретте, аға электр-механиктің алдына қойған міндеттерін орындайды. Мәселен, теміржол бойындағы бағдаршамдардың шамдары күңгірт тартып немесе жарамай қалған болса, соны ауыстырады. Пойыз жолындағы бекеттердегі құрылғыларға электр желісінің үздіксіз жетіп тұруын да қадағалайды.

— Жұмысым өзіме ұнайды. Тәжірибем артып келеді. Әр жұмыстың өз қиындығы мен күрделілігі бар ғой. Талпынған адам оның бәрін еңсере алады деп ойлаймын. Осында жұмыс істегеніме бес жылдан асты. Әрдайым білімімізді шыңдап, оқудан өтіп тұрамыз. Жыл сайын мамандығымызды қаншалықты білетінімізді арнайы емтиханда дәлелдейміз. Еңбекті қорғау тұрғысындағы біліміміз де әр жыл сайын тексеріледі. Мұның бәрі жұмыстың нәтижелі әрі қауіпсіз болуы үшін қажет, — дейді электр-механик маман.

Бұл мамандық электр техника саласында техникалық білімнің жақсы болуын талап етеді. Түрлі құрал-саймандарды да орнымен қолдану қажет. Теміржол көлігінің сенімді әрі қауіпсіз қатынауы жолында электр монтер, механиктердің алатын орны бөлек. Сондықтан, Асхат өзіне артылған жауапкершілікті жақсы біледі. Өзі еңбек ететін ұйымның өркендеуі жолында аянып қалмақ емес. Жуырда шаңырақ көтерген ол жас отаудың ордаға айналуы үшін де барын салмақ.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.