Құндылықты дәріптейді

Қар 20, 2025

Д.Махмудов атындағы Павлодар қаласының трамвай басқармасында облыстағы еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға бағытталған алғашқы облыстық Еңбек ассамблеясы ашылды. Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова, кәсіпорынның өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.

Жиын барысында Айгүл Қайыртасқызы бұл бастаманың «Жұмысшы мамандықтар жылына» және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында іске асырылғанын атап өтті.

– «Жұмысшы мамандықтар жылы» және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында өңірімізде Еңбек ассамблеясының ашылуы – еңбек ұжымдарындағы келісім мен сыйластықты нығайтудың маңызды қадамы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, елдегі басты құндылық – тұрақтылық пен татулық. Ал осы құндылықтарды біздің Трамвай басқармасы жұмысында әрі қарай дамытады деп сенеміз, – деді А.Мәлікова.

Трамвай басқармасының төрағасы Муслим Махмудовтың айтуынша, Еңбек ассамблеясы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың тапсырмасымен құрылып, жастар мен еңбек ұжымының белсенділігін арттыруға бағытталған. Жаңа ұйымның тиімді жұмысы үшін басқарма тарапынан арнайы жеке кабинет қарастырылған. Онда алдағы уақытта пікірсайыс клубының отырыстары ұйымдастырылмақ. Бұл жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, ойларын ашық айтуға мүмкіндік береді.

«Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Максилова трамвай басқармасы аталған мекеменің негізін қалаушы Джафар Махмудов бастаған жақсы дәстүрлерді жалғастырып, жастарға кәсіби тәжірибе беріп қана қоймай, оларға жауапкершілік пен қоғам алдындағы міндетті үйретіп жатқанын атап өтті. Ал «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владимир Берковский жазғы демалыс кезінде жоғары сынып оқушыларын жұмысқа орналастыру бойынша кәсіпорынның ерекше еңбегін тілге тиек етті.

Мәселен, өткен жазғы демалыс маусымында трамвай басқармасында 60 оқушы еңбек етіп, алғашқы жалақысын алған. Бұл көрсеткіш облыс орталығында рекордтық нәтиже болып саналады және жастардың кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады.

Муслим Махмудовтың сөзінше, жаңа Еңбек ассамблеясы жастар мен тәжірибелі қызметкерлердің өзара тәжірибе алмасуына, шығармашылық идеяларды іске асыруға және қоғамдық бастамаларды қолдауға тың серпін береді. Бұл бастама Павлодардағы қоғамдық өмір мен кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігін нығайта түсетін маңызды қадам болып отыр. Одан бөлек, жаңа құрылған Еңбек ассамблеясы өңірдегі кәсіпорындармен бірлесе жұмыс істеп, ұлтаралық татулықты, жұмысшы мамандықтарының беделін және еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыруды көздейді.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген — Есенжол Исабек.