Елімізде «Наурыз жұмыскер» бағдарламасына құжаттар қабылдау жалғасып жатыр. Жұмысшы мамандық иелеріне берілген мүмкіндікті мүлт жібермеу үшін Отбасы банкке құжатын ала келген азаматтардың бірі – Нұрсұлтан Әмірбаев. Өзі сияқты жұмысшыларға жақсы бағдарламаның қолға алынғанын әлеуметтік желіден білген. Баспана құнының жиырма пайызын ғана жинау қажеттігі де жанына жақса керек.
— KSP Steel кәсіпорнында байланыс желісінде электр монтері болып жұмыс істеймін. Колледжді радио-механика саласының байланысшысы мамандығы бойынша бітіргенмін. Аталмыш кәсіпорында үш жыл еңбек етудемін. Ата-анамның мойнында отырмай, бөлек шығып, жеке өмірге бейімделгім келеді. Ол үшін баспана қажет. Қазіргі таңда күнделікті қажеттіліктеріңнен бөлек пәтер құнының елу пайызын жинау немесе толық жинап, қолма-қол ақшаға алу мүмкін емес. Ал «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының бұл жағынан шарттары тиімді. Баспана құнының 20 пайызын ғана жинау керек. Пайыздық мөлшерлемесі де өзге банктердегі ипотекалық несиелерден әлдеқайда төмен. Сондықтан, жұмысшыларға биыл Үкімет тарапынан осындай көңіл бөлініп жатқанына қуаныштымын, — дейді Нұрсұлтан Нұрбекұлы.
Ол жұмыс орнынан жұмысшы мамандықта еңбек ететінін растайтын анықтамасын әкелген. Сонымен қатар, халыққа қызмет көрсету орталығынан атында баспананың жоқтығын білдіретін де құжатын алыпты. Дәл осы екі құжат — «Наурыз жұмыскер» бағдарламасына қатысушылардан талап етілетін негізгілері.
Нұрсұлтанның әріптесі Манарбек Татенов те аталған бағдарлама арқылы баспаналы болуға ниетті. 18 жыл кәсіпорында экскаваторшы болып жұмыс істейтін көпбалалы әке жалдамалы пәтерден жалыққан.
— Көпбалалы әкемін. Бір бала-мыздың мүгедектігі бар. Пәтер жалдап тұрамыз. Қаржы жинау мүмкін емес. Әрдайым біздің отбасына жарайтын бағдарлама шықса, құжатымызды алып, жетеміз. Осы жолы «Наурыз жұмыскер» бағдарламасына қатысып көрмекпіз. Бұл жерде баспананы облыс орталықтарында пәтерлерді тек құрылыс компанияларынан әрленбеген күйінде сатып алу шарт екен. Ипотекамен бірге жөндеу жұмыстарына шамамыз келе ме деп сәл күдік-теніп тұрмыз. Бірақ, тәуекел, қатысамыз, бір жолын табармыз, — дейді М.Татенов.
Иә, бағдарламаның талабы бойынша қатысушылар пәтерді жаңадан салынған үйлерден алуы тиіс. Жалпы, еліміз бойынша, аталған бағдарламаға 72 млрд теңге бөлінген. Бұл сомаға 2440 отбасы баспаналы болады деп межеленіп отыр. «Отбасы банк» АҚ Павлодар филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Арман Нұрғалымовтың айтуынша, Қазақстан бойынша жұмысшы мамандардан 2040 өтініш түскен. Қазіргі таңда олардың 1429 өтініші мақұлданыпты. Нәтижесінде, 40 млрд теңге кәдеге жаратылған.
Айта кетейік, бұл бағдарлама бойынша ипотекалық несие азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 7 пайызбен беріледі. Ал қалғандары 9 пайызбен рәсімдейді. Егер таза әрлеудегі бастапқы тұрғын үйді сатып алса, бастапқы жарна 10 пайыздан кем болмауы керек. Әрленбеген бастапқы үйді және қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алу үшін бастапқы жарна пәтер құнының 20 пайызынан басталады. Мегаполистер мен облыс орталықтарында «Баспана маркет» порталы арқылы ғана бастапқы тұрғын үйлерді сатып алуға болады. Ал моноқалалар мен аудан орталықтарынан қайталама үйді де сатып алуға рұқсат етілген. Өтінім берген кезде жұмысшылардың отбасы банкіндегі шотында кемінде 2 млн теңге болуы тиіс.
Облыстарда несиенің ең жоғары сомасы 30 млн теңге деп белгіленсе, Астана мен Алматы қалаларында пәтерді 36 млн теңгеге дейінгі сомаға алуға рұқсат. Құжаттар қабылдау биыл 17 наурызда басталды. 17 сәуірге дейін жалғасады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.