Әрі оқиды, әрі жұмыс істейді

Нау 27, 2025

2025 жыл елімізде жұмысшы мамандық-тарының жылы болып жарияланды. Бұл бастама әрбір маман иесіне деген құрметті арттырып қана қоймай, жұмысшы мамандығын таңдайтын жастардың көбеюіне де әсер етеді.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметіне сүйен-сек, 2030 жылы жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары болып, кадр тапшылығы мәселесі туындауы мүмкін. Сондықтан қазірден бастап түлектерге дұрыс бағыт-бағдар беріп, еңбекке баулу маңызды. Осы ретте аймағымызда жұмысшы мамандарын дайындап отырған Павлодар технологиялық колледжінің әлеуеті зор. Қызметін сонау 1970 жылдары бастаған білім ордасында студенттер бірнеше мамандық бойынша оқиды. Мәселен, тамақтануды ұйымдастыру, тамақ өнімдерінің технологиясы, сүт өндірісінің технологиясы мамандықтары бар. Сонымен қатар, студенттер кабель өндірісі, полимер саласын да меңгере алады. Бұдан бөлек, орман шаруашылығы мамандығы бойынша оқиды. Аталған мамандықтарға жастардың қызығушылығын арттыру мақсатында колледж қабырғасында арнайы пәндер декадасы ұйымдастырылды. Колледждің өндірістік оқыту шебері Мәдина Амангелді шараның маңызды-лығына тоқталды.

— Арнайы пәндер декадасы студенттердің болашақ кәсібіне деген құштарлығын оятып, тәжіри-белік тұрғыдан шыңдалуына мүмкіндік береді. Біз зертханалық-тәжірибелік жұмыстарды ұйым-дастыруға көп көңіл бөлеміз. Сондықтан студенттер теория мен тәжірибені қатар меңгереді, — дейді ол.

Кез келген студент қолына диплом алысымен жұмысқа орналасуды мақсат тұтады. Мәдина Амангелді колледж түлектері 100 пайыз екі қолға бір күрек табатынын айтады. Студенттер ірі өндіріс орындарында тәжірибеден өту барысында көзге түсіп, жұмысқа қабылданады. Оның сөзінше, жастар Павлодар қаласындағы ірі кәсіпорындарда жұмыс істейді. Мәселен, жастардың көпшілігі Павлодар алюминий зауытындағы «Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек етеді.

— Павлодар қаласындағы мейрамханалардың бәрінде біздің студенттер жұмыс істейді. Мысалы, тұрғындар көп баратын «Seasons», «GQ», «Alpenhof» сынды танымал мейрамханалар мен «Ертіс» қонақ үйінде меймандарға қызмет көрсе-
тіп жүрген түлектеріміз бар. Сонымен қатар, «Discovery» дәмханасының басшылығы біздің студенттерді жиі жұмысқа қабылдайды.

Бұдан бөлек, қала шетінде орналасқан «Жеті қазына» дәмха-насында, «Batyr Mall» сауда және ойын-сауық орталығындағы барлық тамақтандыру орындарында түлек-теріміз жұмыс істеуде. Ал кабель өндірісінде білім алып жатқан студенттерді «Қазэнергокабель» акционерлік қоғамына жұмысқа жібереміз. Полимер мамандығын меңгергендерді «Нефтехим LTD» компаниясы үшін ғана дайындаймыз. Аталмыш мамандықта оқитын жастар осы компаниядан өндірістік тәжірибеден өтеді, — дейді оқытушы.

Оқу ордасында білім алып әрі жұмыс істеп жүрген Данил Питренконың да пікірін білдік. Тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығының 3-курс студенті мамандық таңдауда қателеспегенін айтады.

— Мамандығым өзіме ұнайды. Оқудың арқасында білімімді жетілдіруге мүмкіндік алдым. Алғашында оқу мен жұмысқа бірдей көңіл бөлу қиын еді. Дегенмен, қазір уақытымды дұрыс жоспарлау арқылы екеуін қатар алып жүруге тырысамын. Болашақта да өз мамандығым бойынша жоғары білім аламын. Себебі үздіксіз даму арқылы ғана жетістікке жетуге болады, — дейді студент.

Жұмысшы мамандарының еңбегі кейде ескерілмей, еленбей жатады. Десек те, қоғамға ауадай қажет салалардың өкілдері құрметке лайық! Осындай арнаулы оқу орындары студенттерге барынша сапалы білім беріп, мүмкіндіктер жасаса, мамандықтарға деген сұраныс та артады.

Байқағанымыздай, Павлодар технологиялық колледжі Қазақстанның өнеркәсіп саласына қажетті кәсіби әрі білікті мамандарды дайындап жатыр. Өз кезегінде маман иелері ел экономикасын дамытуға өз үлесін қосары сөзсіз.

Кәмила БЕЙСЕМБАЙ,

Торайғыров университетінің студенті.