Жол салу – оңай шаруа емес. Қыруар қаражат қажет етілетіндіктен, жыл сайын әр облыста жаңадан салынған жолдар аз тіркеледі. Күрделі және ағымдағы жөндеу арқылы ойылған жерді жамап әлекпіз. Алдағы уақытта жолдардың құрылысы бірнеше есе арзандауы мүмкін. Бұл асфальт төселген жолдар пайда болады деген сөз бе?

 

Бүгінде жолдарды салу және оларды жөндеу кезінде шетелдік қоспаларды қолдану — кең таралған құбылыс. Мердігерлер отандық инновациялардың жоқтығынан ТМД елдерінен және жақын шетелдерден химиялық әзірлемелерді пайдалануға мәжбүр. 2017 жылдан бастап Қазақстан жол-құрылыс ғылыми институтының мамандары шетелдік полимерлерге балама нұсқа жасау бойынша жұмыс істеді. Ғалымдар қалдық көмір ұнтағын айналмалы электромагниттік ағынмен нанобөлшектерге дейін ұнтақтап, битум мен асфальтбетонның өнімділігін арттыратын нано-ұнтақ қоспасын алды.

– Нано-ұнтақтың басты артықшылығы – оның асфальт жабынының калибр-леуге төзімділігін жақсарту қабілеті. Бұл оған ауыр жүктемелерге төтеп беруге және пішінін ұзағырақ сақтауға мүмкіндік береді. Әсіресе, көлік қозғалысы қарқындылығы жоғары жолдар үшін маңызды. Нано-ұнтақ негізінде асфальтбетон қоспасын дайындауда төмен температуралы жарықшақтардың пайда болуын азайтады, – дейді «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Ерік Әмірбаев. Қазіргі уақытта нано-ұнтақ қоспасы Астана мен Алматыдағы тәжірибелік учаскелерде сыналып жатыр. Мамандардың болжамы бойынша, бұл қоспаны жаппай өндіру және енгізу еліміздегі жол-құрылыс жұмыстарын арзандатады. Сонымен қатар, ҚазжолҒЗИ мамандары көмірді наноөлшемдерге дейін ұнтақтау қондырғысының зертханалық үлгісін жасап, оған патент алынды. Зерттеу нәтижелері Colloids and Surfaces, News of NAS RK және Case Studies in Construction Materials сияқты халықаралық ғылыми журналдарда жарияланған.

Оралхан ҚОЖАНОВ.