Павлодар облысында экологиялық проблемалар аз емес. Зауыты көп өңірдің мәселесі де көп болуы заңдылық. Десе де, соңғы кезде таза ауадан гөрі судың түйткілі көпшілікті алаңдатып отыр. Ертіс өзенінде судың азаюы ешкімді бей-жай қалдырған жоқ.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен Экологиялық кеңес отырысында су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану, сондай-ақ балық шаруашылығын дамыту мәселелері қарастырылды.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаева өңірде су тапшылығы жоқ екенін алға тартты. Су қоры экономиканың барлық саласына жеткілікті екенін жеткізді.

Әрине, мұндай мәлімдемеден кейін қоғам белсенділері, ғалымдар орнынан тік тұрғаны анық. Мәселен, биология ғылымдарының кандидаты Виктор Камкин бұл пікірмен келіспейтінін айтты Оның мәліметінше, су жіберу деңгейінің азаюы Ертіс алқабын-дағы өсімдік әлеміне кері әсерін тигізуде. Ол мал азығының 95 пайызы Ертіс алқабында әзірленетінін еске салды. «Соңғы төрт жылда су жіберу көлемінің азаюын көріп отырмыз.Биыл 30 пайыздан сәл асты.
Бұл – жақсы көрсеткіш емес. Кеше ғана Ертіс алқабына барып, ондағы өсімдіктердің нашарлағанын өз көзіммен көрдім», деді Виктор Камкин.

Жиында Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі Сәуле Шалмағамбетова биыл су жіберу көлемінің неліктен азайғанын түсіндірді.

– Әу баста 4,5 млрд текше метр су жіберіледі деп жоспарлаған едік. Алайда Бұқтырма су қоймасында небары 24 млрд текше метр су жиналып, сәйкесінше суды толық мөлшерде жібере алмадық. Себебі, Бұқтырма ГЭС жұмысына нұқсан келетін еді. Сондықтан Үбі мен Үлбі өзендерінің көлемімен шектелуге тура келді, – дейді Сәуле Шалмағамбетова.

Қоғам белсендісі Юрий Павленконың пікірінше, биыл Қытай Ертіс суын толығымен алып қойып, төменгі ағыста жатқан Қазақстанды сусыз қалдырмақ ниетте. Аймақ басшысы бұл пікірге үзілді-кесілді қарсылық білдірді.

–  Ертіс суының небары 23 пайызы Қытайда, 77 пайызы Қазақстанда жиналады. Сондықтан, біз сусыз қаламыз деу – қателік. Бүгінде Ертістен су алатын бірде-бір елді мекен, шаруа немесе су құбыры сусыз қалған жоқ. Бізде 112 мың гектар суармалы алқап тіркелген. Олардың барлығында су бар. Бұл туралы бар жауапкершілікпен мәлімдеймін, – деді А.Байханов.

Жиында талқыланған екінші мәселе – балық шаруашылығын дамыту. Естеріңізде болса, елімізде балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленген болатын. Балық шаруа-шылығын табысты дамыту үшін 4 негізгі фактор анықталған. Біріншісі — заңнаманы жетіл-діру. Екіншісі — сапалы балық шабақтарымен қамтамасыз ету. Үшіншісі — балық жемінің өндірісін жолға қою. Төртіншісі – кадр мәселесі.

Балық шаруашылығының дамуы елімізде тұралап жатқандықтан Павлодар облысында да жағдай мәз емес екенін болжау қиын емес. Статистикалық деректерге сүйенсек, 1999 жылы аймағымызда 150 шақты табиғат пайдаланушысы болса, қазір бұл салада небары 30-ға жуық азамат еңбектеніп жүр.

«Етікші етікке жарымапты» демекші, Павлодар облысы Ертіс өзенінің бойында орналасса да, балық шаруашы-лығы ақсап тұр. Қаржылай қолдаудың жоқтығынан солай болуы да заңдылық. Белгілі болғандай, аймағымызда балық шаруашылығы қорын Ертіс өзені мен республикалық деңгейдегі 9 және жергілікті мәндегі 265 су қоймасы құрайды. Бүгінде 30-ға жуық табиғат пайдаланушысы су қоймаларының біразын балық өсіру мақсатында жалға алған. Бірақ кәсіпкерлердің көл-тауарлы балық өсіру шаруашылығы дәрежесіне ауысуы мүмкін болмай отыр. Салдарынан, өндірістік негізде балық тұқымын шығарып, оларды су қоймаларына жіберу жұмысы кенже қалып жатыр. Қазір аймағымызда Сәтбаев каналының иелігіндегі екі балық тәлімбағы ғана жұмыс істеуде. Оның өзінде ол тек аталмыш каналда балық өсірумен айналысады. Яғни, қуаты аз. Сол себепті жергілікті табиғат пайдаланушылар балық тұқымын Қарағанды облысынан сатып алуға мәжбүр.

Оралхан ҚОЖАНОВ.