Жем-шөп проблемасын шешпейінше, мал шаруашылығындағы өнімділікті арттыра түсеміз деу – бос әурешілік. Қазір елімізде ет бағытында ауқымды жобаларды жүзеге асыру былай тұрсын, малдың азығын дұрыс ұйымдастыру басты мәселеге айналды. Биыл аймағымызда Ертіс өзенінің тасу деңгейі өте төмен болуы салдарынан мыңдаған тұрғын күзде жем-шөпсіз қалуы мүмкін. Бұл мәселе қалай шешілуде? Мал ұстаған ағайын жем-шөптен тарықпай ма? Осы және өзге де сауалдарымызға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Ақтаев жауап берді.

— Марат Қамзаұлы, ең әуелі биылғы жоспарды айтып өтсеңіз. Өңірге қанша тонна шөп қажет?

— Жем-шөп азығы мал санына қарай әзірленетіні түсінікті. Бүгінде облыста 635 472 бас ірі қара, 269 826 жылқы, 747 880 қой, 100 957 ешкі бар. Жыл сайын табиғат қандай тосын мінез көрсететіні белгісіз. Климаттық ауытқулар орын алып жатқанын көріп жүрміз. Бұл ретте, тұрғындар мал азығын молынан, яғни артығымен дайындауды әдетке айналдырған. Биыл жоспарланып отырған шөп жинау көлемі былтырғымен бірдей. Шамамен 1 млн 215 мың тонна шөп әзірленеді деп көзделіп отыр.

— Шаруалар көпжылдық шөпті өсіруге белсенділік танытып отырмаған сияқты…

– Облыста жем-шөп дақыл-дарының жалпы ауданы 332,2 мың га құрайды. Оның ішінде сүрлем – 14,6 мың га, біржылдық шөптер — 51,1 мың га, көпжылдық шөптер — 235,8 мың га. Биыл тағы 30,7 мың гектарға көпжылдық өсімдіктер егіледі деп күтіліп отыр.

Ғылыми тұрғыдан қарасақ, көпжылдық өсімдіктер мал азығы қорын өнімділік және сапалық тұрғыдан нығайтумен қатар, егіншілік жүргізудің биологиялық жолмен дамуына, топырақтың құнарлылығын арттыруға және қоршаған ортаның экологиялық ахуалын сауықтыруға зор ықпалын тигізеді. Бүгінде көпжылдық өсімдіктің бірі – жоңышқаны көбіне суармалы алқабы бар шаруашылықтар өсіреді. Қуаңшылыққа төзімді әрі топырақты талғамайтын еркекшөп барлық ауданда бар. Бірақ оның тұқымын жаңартуға, минералды тыңайтқыштарды қолдануға бас ауыртатындар аз. Эспарцет ылғал мол болса, қарайып кетеді. Сондықтан ешкім тәуекелге барғысы келмейді.

Жалпы алғанда, соңғы жылдары шөп қорын артығымен әзірлеу керектігіне көз жеткізген жергілікті шаруалар көпжылдық өсімдіктерді өсіруге ден қоя бастағанын атап өткен жөн.

– Биыл Ертіс өзенінің жайылымына су аз жайылды. Май ауданы және өзге де елді мекендердің шаруалары шөпсіз қаламыз деп зар қақсап отыр. Бұл мәселені шешу жолы қандай? Субсидия төлеу мәселесі қолға алына ма?

– Облыстың қолданыстағы мал басын азықпен қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы басқармасы Ертіс өзені жайыл-масының қиын учаскелерінде, сондай-ақ жайылымдық жерлерде шөп дайындауды ұсынды. Қала берді, ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне тұрғындарға сату мақсатында егістіктерде сабан қалдыру жөнінде тапсырма берілмек.

Басқарма атынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне мал шаруашылығын субсидиялау қағидаларын жобаға енгізу туралы ұсыныс жолданды. Жайылым алқаптарды тұрақты су жіберу есебінен 40 пайыздан аз су басқан жағдайда жем дайындауды субсидиялау (жайылымды су басу 32,1% құрады) ұсынылуда. Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен жем-шөп дайындауды субсидиялауға қаражат бөлу туралы мәселе қарастырылуда.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Оралхан ҚОЖАНОВ.