Тұрғындар жергілікті билікке аулаларды абаттандыру қажет екенін айтып, осыған қатысты талап-тілектерін жеткізіп жатады. Алайда кей кездері мұндай бағытта атқарылған жұмыстар керісінше «таяқ» болып тиетіні бар. Облыс орталығындағы көпқабатты үйдің тұрғындары соңғы бірнеше жыл бойы осындай істің зардабын тартып отыр.
Павлодар қаласындағы Ак.Бектұров көшесі, 58 мекен-жайындағы аулада осыдан шамамен төрт жыл бұрын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, автотұрақ орны асфальтталған еді. Бірақ жергілікті тұрғындар оның игілігін емес, қиындығын көріп отыр. Ауладағы аумаққа асфальт төселгені сол еді, жаңбыр мен қар суы жертөлеге ағып, аулада аяқ алып жүргісіз ж ағдай туындайтын болды. Оған қоса, бес қабатты үйдің қабырғасының жарылуы байқала бастады.
— Бұрындары автотұрақтың орнында гүлдер өсіп тұратын. Ол кезде мұндай түйткіл туындаған емес. Ал аула абаттандырылғалы түрлі қиындықты көретін болдық. Коммуналдық қызмет өкілдерінің еңісті теріс салуы салдарынан жаңбыр мен қар суы үйге қарай ағады. Кейін жертөлеге жетіп, ауланы басып, үй мен сквер арасындағы жолға жайылады, — дейді аталмыш үйдің тұрғыны Наталья Чертковер.
Бұл мәселеге жергілікті билік назар аударып, Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков тұрғындармен кездесті. Шаһар басшысы мәселені шешу үшін аталған учаскеде асфальт жамылғысының деңгейін көтеріп, еңістікті жасыл желектер мен кәріз құдығына қарай бағыттау туралы шешім қабылданғанын айтты. Жауапты сала қызметкерлеріне қысқа мерзімде тексеру жұмыстарын жүргізіп, барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.