Биыл облыс орталығындағы көшелердің 50 шақырымға жуық жолы орташа жөндеуден өтеді. Аталған бағыттағы жұмыстар жол инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың қала ішінде қатынауына қолайлы жағдай туғызбақ. Ағымдағы күрделі жөндеу жұмыстарының барлығы қала әкімдігінің, әсіресе облыс басшысының қатаң бақылауына алынған.
Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Амановтың айтуынша, ағымдағы жылы облыс орталығындағы негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қаланың жол инфрақұрылымын жақсарту. Биыл қала көшелерін орташа жөндеудің 15 жобасын (43,1 шақырым) іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 4 жоба 2024 жылдан ауысқан.
— 2025 жылы «Топырақ жабындысы бар жолдарды ағымдағы жөндеу» аясында жалпы ұзындығы 17,2 шақырымды құрайтын 22 көшені жөндеу жоспарлануда. Бұл жұмыстар көше-жол желісінің жай-күйін жақсартуға, халық үшін қозғалыс қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға ықпал етеді. Биыл жалпы ұзындығы 15,7 шақырым болатын 13 тротуар учаскесі жөнделеді. Сонымен қатар, Павлодар қаласындағы автодромды күрделі жөндеу жобасын іске асыру жоспарланған. Бұл шаралар жол жабыны сапасын жақсартуға, қауіпсіздік пен тұрғындар үшін қолайлылықты арттыруға бағытталған, — деді ол.
Сонымен қатар, Әнуарбек Аманов 2025 жылы 8 жол қиылысында бағдаршамдар орнатылатынын, сондай-ақ, 50 балалар ойын алаңын орнату жоспарланып отырғанын атап өтті.
— Павлодар қаласының аумағында шамамен 610 аула аумағы бар. Биыл 107 аула аумағы, 13 білім беру мекемесі мен медициналық ұйымдар жөнделеді. Сондай-ақ, 17 шағын саябақты ағымдағы жөндеу жоспарланған. Бұдан басқа, биыл 420 контейнер алаңын орнату, сондай-ақ, 2000 еуроконтейнер сатып алу жоспарлануда, — деп толықтырды ол.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.