Павлодар қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және қала тұрғындарының негізгі мәселелерін шешу мақсатында облыс орталығындағы №1 автобус паркі соңғы үлгідегі үлкен сыйымдылықтағы 100 жаңа автобуспен толықты.
Жаңа автобустар шаһардағы қоғамдық көліктердің қатарын көбейтіп, қаладағы негізгі бағыттар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырады. Аймақ басшысы Асайын Байханов қоғамдық көліктер павлодарлықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.
Жалпы, қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттандыру және көлік қатынасын дамыту жергілікті биліктің назарынан түскен емес. Мұндай ілкімді істер әлі де жалғасын таба бермек. Бұл туралы облыс әкімі өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.
— Павлодар қаласының әкімі болып қызмет еткен уақытта біз 2021 жылы қоғамдық көліктің жұмысын жақсартуға бағытталған реформаларды бастаған болатынбыз. Оның бәрін халық біледі. Енді міне, №1 автобус паркі 100 жаңа автобус алатын болды. Оның 59-ы Павлодарда жұмыс істейді. Келесі аптаның соңына дейін тағы 30-ы келіп, жолға шығады. Ал қалған 11 автобус шілде айының соңына дейін жеткізілмек. Автобустардың жаңарып, кестеге сай жүруі тұрғындарымыз үшін өте ыңғайлы, — деп жазды облыс әкімі.
Айта кетейік, Екібастұз қаласына да 20 жаңа автобус жіберілді. Жыл соңына дейін мұнда тағы 30 жаңа көлік келеді. Осылайша, кеншілер шаһары 100 пайыз сапалы техникамен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, «Павлодар автобус комбинаты» ЖШС де 20 жаңа автобус сатып алады. Оның алғашқы 10-ы облыс орталығына шілденің соңына дейін келеді.
Бүгінде қала тынысына серпін берген, экологиялық таза, ең бастысы, мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы автобустардың екінші легі келіп, игі іс жалғасын тауып отыр. Жаңа автобустардың салоны желдеткіш және қоларбаға арналған пандуспен, электронды билет беру және бейнебақылау құрылғыларымен жабдықталған.
Өз тілшіміз.