Автономды трамвайлар қатынайды

Сәу 17, 2025

Павлодар қаласы — Қазақстанда трамвай шаруа-шылығын сақтап қалған жалғыз өңір. Бүгінгі таңда облыс орталығында аталмыш қоғамдық көлік түрі 14 бағыт бойынша қатынайды. Экологиялық таза әрі жоғары сұранысқа ие темір тұлпарлардың паркі жыл сайын жаңарып отыр. Биыл трамвай желісінің жаңа бағыты іске қосылмақ.

Жақында облыс әкімі Асайын Байханов Ақордада ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанын білеміз. Аймақ басшысы Павлодар өңірінің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Баяндамада ол облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің паркін тілге тиек етіп, бүгінгі таңда облыс бойынша оның 80 пайызы жаңартылғанын атап өтті. Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларында шағын маршруттарды жоғары класты автобустар алмастырып, тұрғындардың қала ішінде қолайлы қатынауына мүмкіндік берді. Нақтылап айтсақ, 230 жаңа автобус қалаішілік бағыттарға шығарылды. Сонымен қатар, Еуропа қайта құру және даму банкінің несиесі есебінен облыс орталығында трамвай паркі жаңартылуда. Биыл қыркүйек айында 25 жаңа вагонның партиясы жеткізіледі деп күтілуде. Бұл бағытта Еуропалық қайта құру және даму банкі 10 млн еуро несие бөлді. Сонымен қатар, аталған жобаға «Таза технологиялар» қоры қосымша 4 млн еуро салмақ. Қала әкімдігі биыл бұл қарыз қаражатқа энергия үнемдейтін 25 автономды трамвай сатып алуды жоспарлап отыр. Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылдың басында ЕҚДБ Павлодар трамвай паркін жаңартуға 2,5 млрд теңге несие берген еді. Одан кейін түскен қаржыға жергілікті билік 25 жаңа заманауи вагон сатып алып, тиісті инфрақұрылымды жаңартқан.

«Павлодар трамвай басқармасы» АҚ басқарма төрағасы Мүсілім Махмудов соңғы жылдары басқармаға қарасты жылжымалы құрамның айтарлықтай жаңартылғанын жеткізді. Айтуынша, биыл аккумулятормен жүретін автономды 25 трамвай сатып алу жоспарланып отыр. Аккумулятормен жұмыс істейтін әрбір автономды трамвайдың құны шамамен 70 миллион теңгені құрайды. Бұл теміржол көліктерінің бір артықшылығы оларға бағаналар мен сымдар қажет емес.

Сонымен қатар, 2025 жылы трамвай басқармасы қаланың жол құрылыстарындағы трамвай өткелдеріне тегіс темір төсеп, толықтай жаңғыртуды жоспарлап отыр. Атап айтсақ, биылғы жылы облыс орталығындағы жеті өткелге күрделі жөндеу жұмыстары, қалған сегізі келесі жылға жоспарланған. Барлық жөндеу жұмыстары шуды азайту үшін ескі рельстерді ауыстыратын арматураланған плиталарды орнату арқылы жүзеге асырылады.

Бұдан басқа, жергілікті билік биыл облыс орталығындағы «Достық» шағын ауданы Ладожская көшесі, Н.Назарбаев даңғылы бойымен айналмалы жолға дейін аралыққа жаңа трамвай желісін саламыз деп уәде еткен болатын. «Павлодар трамвай басқармасы» АҚ басқарма төрағасының айтуынша, қазіргі уақытта аталмыш жобаның құжаттары облыс әкімдігінде зерде-леніп, пысықталуда. Жаңа трамвай желісінің ұзындығы 4,8 шақырымды құрайды. Бұл бағытта 12 жаңа трамвай вагондары жолға шықпақ.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.