Еліміздің мұнай-химия саласы үшін ерекше маңызы бар жаңа өндірістік кезең басталды. Жуырда облыс орталығында қуаттылығы жылына 97,6 мың тонна болатын Қазақстандағы алғашқы алкилат өндіру зауытының іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Салтанатты рәсімге аймақ басшысы Асайын Байханов пен сала өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Асайын Байханов өз сөзінде жаңа зауыттың өңір экономикасына қосар үлесін атап өтіп, Павлодарда мұнай-химия саласын дамытудың жаңа кезеңі басталғанын жеткізді.
– Біз өңірдің мұнай-химия саласын дамытуда елеулі қадам жасап жатырмыз. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты – 100 мың тоннаға жуық. Бұл өзіміздің жаңа бензиніміз бен авиациялық отынымызды шығаруға мүмкіндік береді. Еліміз үшін аса маңызды жобаны іске асыру үшін біз құрылыстың басынан бастап толық пайдалануға және одан әрі өндіріске дейін толық қолдауды қамтамасыз ететін боламыз. Бұл кәсіпорын мұнайды терең өңдеуді кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді аймақ басшысы.
Алкилат – экологиялық таза, жоғары октанды бензин алуға арналған негізгі компонент. Оның құрамында күкірт пен ароматты көмірсутектер өте аз. Бұл автомобильдерден бөлінетін зиянды заттардың мөлшерін айтарлықтай төмендетеді. Дамыған мемлекеттердің көбі дәл осы компонентті қолдана отырып, жоғары сапалы бензин өндіреді.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, Қазақстанда алкилат өндірісі бұрын болмаған. Сондықтан жаңа зауыт-
тың іске қосылуы елдің отын нарығында сапалық өзгеріс жасауға мүмкіндік береді. Бұл – К5 (Еуро-5) стандартына толық сай өнім шығарудың басты қадамы.
– Жобаның жалпы инвестиция көлемі 35,5 млрд теңгеге бағаланды. Құрылыстың өзі шамамен екі жылға созылады. Зауытты 2027 жылдың төртінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр. Жаңа кәсіпорын экологиялық қауіпсіз өндіріс принциптерін сақтай отырып салынатын болады. Бұл бағыт бүгінде әлемдік мұнай-химия саласы үшін басымдыққа айналған. Құрылыс кезеңінде 500-ден астам уақытша жұмыс орны, ал өндіріс іске қосылған соң 180-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл өңірдегі еңбек нарығына оң әсер етіп, отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Кадр даярлау мақсатында жергілікті жоғары оқу орындарымен меморандумдарға қол қойылды. Павлодар университеттерінің студенттері өндірістік тәжірибеден өтіп, болашақта кәсіпорында жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады, – деді жоба жетекшісі Дулат Сәлімбаев.
Ал «Intertrans C.A» компаниясының директоры Мұрат Құдиярбек жаңа жобаның стратегиялық маңызын түсіндірді.
– Бұл – еліміз үшін маңызды жоба. Алкилат – заманауи экологиялық талаптарға сай жоғары октанды компонент. Оның көмірқышқыл газы мен зиянды қосылыстардың ауаға шығарылуын азайтатын артықшылықтары бар. Бұл өндірістің іске қосылуы Қазақстан ғана емес, көршілес елдердің нарығына да сапалы өнім ұсынуға жол ашады, – деді ол.
Жаңа зауытқа қажетті шикізат – Павлодар мұнай-химия зауытынан алынатын бутан-бутилен фракциясы. Бұл – мұнай өнімдерін терең өңдеудің жанама өнімі. Алкилатты өндіру үшін қолданылатын каталитикалық алкилдеу технологиясы өнімнің жоғары сапалы, қауіпсіз әрі тұрақты болуын қамтамасыз етеді. Шикізат пен дайын өнім құбыр арқылы тасымалданады. Бұл логистика шығынын азайтып, өнімнің үздіксіз жеткізілуіне мүмкіндік береді. Құбыр желісі Павлодар мұнай-химия зауытына дейін созылып, жаңа инфрақұрылым қалыптастырылады.
Компания өкілдері зауытта халықаралық деңгейдегі автоматтандырылған бақылау жүйелері енгізілетінін де атап өтті.
Айта кетейік, өндірілетін алкилаттың 70 пайызы Павлодар мұнай-химия зауытына жеткізілсе, 30 пайызы Қырғызстан мен Өзбекстан нарығына экспортталмақ. Бұл – өңірдің сыртқы экономикалық байланыстарын кеңейтіп, Қазақстанның Орталық Азиядағы отын нарығындағы рөлін күшейтетін бағыт.
Айдана БОРАНБАЕВА,
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.
