Облыс орталығында бұрын-соңды мүлде асфальт болмаған МДС шағын ауданындағы кейбір көшелердің жолы биыл бірінші рет жаңарды. Сонымен қатар, Зеленстрой ауданында көптен күткен коллектор салынды.
Аймақ басшысы Асайын Байханов демалыс күндері облыс орталығын аралап, Зеленстрой, екінші Павлодар және МДС шағын аудандарына барды. Мұнда атқарылған жұмыстардың барысын байқап, коммуналдық қызметтер мен мердігерлік ұйымдардың қысқы кезеңге дайындығын тексерді. Павлодар қаласын қысқы уақытта қардан тазалау үшін көпфункционалды әрі мамандандырылған 228 техника дайын. Бұл ретте облыс әкімі мердігерлерге қарды уақытылы тазалау және шығару процесін жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.
— Қар шығару жұмыстары барысында логистиканы пысықтау керек. Бастысы, қаланың орталық көшелерімен шектеліп қалмаңыздар. Барлық шағын аудан қамтылуы тиіс. Ал қарбалас уақытта көліктердің кептелісін болдырмай, күшейтілген режимде жұмыс істеу керек, — деді Асайын Байханов. Сонымен қатар, аймақ басшысы жазғы уақытта атқарылған жұмыстардың нәтижесін тексерді. Айталық, биыл облыс орталығында жаңадан 10 сквер ашылды. Олар Қамзин, 8, Малайсары батыр, 12, Олжабай батыр, 54 және Олжабай батыр көшесінің бойында, Қайырбаев, 36 көшелерінің бойында, Нұркин-Толстой, Торайғыров, 89 аудандарында және №2 мектептің жанында салынды. Асайын Қуандықұлы Олжабай батыр көшесі, 7 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің қасында жасалған шағын скверге барды. Бұл ретте жайлы скверлердің салынуы қаланың шырайын арттыра түсетінін алға тартып, осындай форматтағы орындарды алдағы уақытта да ашу керек екенін айтты. Жол жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Аймақ басшысы екінші Павлодар шағын ауданындағы Щедрин көшесінің жолын жөндеу жұмысының нәтижесін байқады. Мұндағы жұмыстар Қамзин көшесінен Днепропетровская көшесіне дейінгі учаскеде орындалып, Жібек жолы көшесінде аяқталады. Асайын Байханов орталық кәріз желісінің құрылысы мен жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Зеленстрой шағын ауданында да болды. Мұндағы жеті көшеде өздігінен ағатын коллекторды тарту жұмыстары аяқталды. Жұмыстар Жигарев, Әлсейітов, Цефта, Достық, Шашкин көшелерінде жүргізілуде. Облыс әкімі енді желілер жүргізілген учаскелерді қалпына келтіруді тапсырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы бұрын-соңды мүлде асфальт болмаған МДС ауданындағы асфальт төселген жолдарды қарады. Сөз соңында Асайын Байханов қала билігі мен коммуналдық қызметтердің алдында міндеттің көп екенін ескертіп, оларды сапалы атқаруды жүктеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суретті түсірген — Валерий Бугаев.