Биыл қыс өңір жұртшылығы, әсіресе жылумен қамтуға жауапты мамандар үшін қолайлы болды. Солтүстіктің сақылдаған сары аязының орнын жылы күн алмас-тырып, ауа температурасы күрт төмендеген жоқ. Сондықтан болар, жылыту маусымы барысында ірі апаттық жағдайлар тіркелмеді.
Облыстық әкімдікте аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен жиын барысында жылыту маусымының қорытындыланып, жазғы кезеңге жоспарланған жөндеу жұмыстары талқыланды. Бірден атап өту керек, 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымы штаттық режимде өтіп, апаттар орын алған жоқ.
— Қыс өткен екі жылдағыдай қатты аязды болған жоқ және ауа райының да күрт өзгеруі байқалмады. Бұл ретте қалалардың жылыту маусымына жақсы дайындалғанын да атап өткен жөн. Жылу көздерін жаңғырту және желілерін жаңартудың нәтижесінде бұл кезең тұтастай алғанда тұрақты өтуде. Жұртшылықтың жылуға қатысты шағымы да 55 пайызға азайды. Дей тұрғанмен, жылу көздеріне қатысты мәселелер бар. Жаңа жылыту маусымына сапалы дайындалу үшін көп жұмыс күтіп тұр, — деп атап өтті облыс әкімі.
Аймақ басшысы №1 жылу-электр орталығындағы апаттық тоқтаулардың өсу динамикасына және Ақсудың РОК-2 жылу көзіндегі негізгі жабдықтардың тоқтауына байланысты параметрлердің төмендеуіне назар аударды. Соның салдарынан жекелеген тұрғын үйлерге жылу жетпей қалды. Жиында «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ директоры, ЖЭО-1 «Энергетика» дивизионы, РОК-2 және Ақсу ГРЭС бас операциялық директоры Дүйсен Мерғалиев негізгі себеп электр станциясындағы №1, 5 және №6 қазандықтарының апаттық жөндеуге жиі шығуына байланысты екенін айтты. Осындай жағдайлардың қайталануын болдырмау үшін биыл №1 жылу-электр станциясының жөндеу жұмыстарына 13 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, негізгі қазандықтарды жөндеуден басқа РОК-2 қосымша 1,5 млрд теңгеге қосалқы жабдыққа жөндеу жүргізеді.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқар масының басшысы Ержан Иманзайыповтың айтуынша, өңір тұрғындарын сапалы жылумен қамтамасыз етіп, алдағы жылыту маусымында жылу желілеріндегі гидравликалық және температуралық режимдерді жақсарту үшін 16,1 млрд теңгеге 31 шақырымнан астам желіні жаңарту жоспарлануда. Павлодарда №5 сорғы станциясын салу, ұзындығы 5 шақырым болатын магистральдік жылу желілеріне, 10,6 шақырымдық квартал ішіндегі желілерге күрделі жөндеу жүргізу көзделген. Ал Екібастұзда ЖМ-2 және ЖМ-7 қайта жаңартылып, жылу желілері күрделі жөндеуден өтеді. Ақсу қаласының №3, 5, 8 шағын аудандарының квартал ішіндегі жылу желілерін қайта жаңартып, жылу желілеріне күрделі жөндеу де жоспарда бар. Жалпы, облыстың энергия көздерінде 46 негізгі жабдықты, 394 дербес және орталықтандырылған қазандықты жөндеу жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар, Асайын Байханов жабдықтардың істен шығуын болдырмау үшін биыл қазандықтарын ауыстыру немесе жаңарту жоспарланып отырған ауылдық жерлердегі қазандықтарды жылыту маусымы басталғанға дейін техникалық іске қосуды тапсырды. «Павлодар жылу желілері» ЖШС бас директоры Марат Иманаев желілерде гидравликалық сынақтар жүргізу жоспарларын баяндады. Павлодарда ең жоғары температуралық сынақтар 15 сәуірден, беріктікке сынау 24 сәуірден басталады. Екібастұзда температуралық сынақтар 15 сәуірден, гидравликалық сынақтар 17 сәуірден жоспарланған. Ақсуда температуралық сынақтар 16 сәуірден бастап, гидравликалық сынақтар 21 сәуірден бастап жүргізіледі. Жылыту маусымы алдындағы сынақтар 28 шілдеден 6 тамыз аралығында жоспарланған.
Аймақ басшысы сынақ мерзімдерін түзетіп, оларды мамыр айының мерекелеріне дейін аяқтауды, тұрғындардың ыстық сусыз болатын мерзімін барынша қысқартуды тапсырды. Сондай-ақ, тәуекелдерді болдырмау үшін сынақтардың өтуін бақылауға алуды, тұрғындарға жөндеу жұмыстарының кестелерін алдын ала хабарлауды тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жиын барысында өзге де инженерлік инфрақұрылым мәселелері қаралды. Айталық, электрмен жабдықтау желілеріндегі апаттардың 2,5 есе төмендегені тіркелді. Аймақ бойынша барлық апаттық жағдайлардың 30 пайызы Баянауыл ауданында орын алды. Облыстың электр желілерін жаңғырту жөніндегі Жол картасы аясында 8 жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде 3 жоба бойынша Баянауыл ауданының әкімдігі жобалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстарын аяқтады және ауданның 22 шақырым электр желілерін жөндеуге бюджет қаражатын бөлу үшін өтінім берді. Сонымен қатар, жөндеу науқаны аясында электр желілерінде 2,1 мың км электр қуатын тасымалдайтын желілер мен 712 жабдықты жөндеу жоспарланған.
Ал сумен жабдықтау және су бұру желілерінде Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында 18 шақырым желі күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңартылмақ. Асайын Байханов коммуналдық мақсаттағы нысандарды қайта жаңарту мен жөндеуден кейін бұзылған жерлерді уақытылы қалпына келтірмегені үшін жауапкершілік қарастырылатынын еске салды.
Жиын соңында Асайын Байханов аудан-қала әкімдеріне қазандықтарға, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілеріне күрделі жөндеу жүргізу, әлеуметтік нысандар үшін көмір сатып алу және жеткізу, барлық нысандарды 1 қыркүйекке дейін дайындау, гидравликалық сынақтардың уақытылы жүргізілуін қамтып, анықталған зақымдарды дер кезінде жоюды жүктеді.
Өз тілшіміз.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.