Білім беру саласындағы «бір қайнауы ішіндегі» жүйенің бірі — мұғалімдерді аттестаттау шарасы. Олай дейтініміз, бұл ереже бұған дейін бірнеше мәрте өзгерсе де, қоғамда қызу пікірталас тудырып, сыннан көз ашпаған еді. Осы жағдайдан кейін қайтадан қаралған аттестаттау қағидасы тағы да жаңартылмақ. Сонымен, алдағы уақытта не өзгереді? Қазақстандық педагогтердің білімі мен біліктілігін бағалау талаптары қандай? Көпшіліктің сұрауы бойынша осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Кәсіби даму көзделді

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сегізінші шақырылымда сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде педагогтерді аттестаттауды өткізу рәсімін жетілдіру туралы тапсырма берген болатын. Оны орындау мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрлігі бірқатар жұмыс жүргізген. Атап айтар болсақ, педагогтерді аттестаттаудың жаңа қағидаларын әзірлеу бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, осы жылдың мамыр айынан бері білім берудің барлық деңгейі мен педагогикалық лауазымдардың ерекшелігін анықтау үшін біраз еңбектенген. Соның нәтижесінде, әр біліктілік санат үшін бағалау критерийлері мен тиімділік көрсеткіштері жасалған.

— Қазіргі уақытта «Педа-гогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығына өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік органдармен, ұйымдармен келісіліп жатыр, — дейді ҚР Оқу-ағарту министр-лігінің Орта білім беру коми-тетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев. Оның айтуынша, аттестаттаудың жаңа ережесі арқылы педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ету көзделуде.

 Не өзгереді?

Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашевтің айтуынша, жаңа ереже бойынша бірқатар өзгерістер орын алмақ.

— Мәселен, бұрынғы жүйе бойынша педагогтер қағаз және электронды форматта 11 құжат жинайтын болса, жаңа жүйе бойынша педагогтер құжат жинап қиналмайды. Яғни, құжат өзі автоматты түрде жинақталады. Сонымен қатар, құжаттарды қарау мерзімі қысқарады. Мәселен, бұрын бұл үрдіс 6 айға дейін созылатын болса, қазір автоматты түрде қаралады, — дейді ол. Осылайша, аттестаттау үрдісін автоматтандыру, яғни бірыңғай ақпараттық жүйе құру көзделуде. Комитет төрағасының түсіндіруінше, педагогтің жеке құжаттары мен оның біліктілік деңгейін қысқа мерзімде анықтайтын ақпараттық жүйеде тиісті материалдар автоматты түрде жинақталып, талдау жасалады. Сол арқылы аттестаттау рәсімінде объективтілік пен ашықтықты орнатуға мүмкіндік берілмек. Саладағы бұл жаңашылдықтан өз білімі мен біліктілігіне сенген ұстаздардың ұтары көп, дейді мамандар. Демек, қазақстандық мұғалімдер қағазбастылықтан арылып, аттес-таттау кезінде портфолио жинап әуре-сарсаңға түспейді. Бұдан бөлек, сабақты бақылаудың автоматтандырылған әдісі әзірленіп, сынақтан өткізілген.

— Аттестатталатын педагог платформадағы жеке кабинеті арқылы аттестациядан өтуге өтінімді өз бетінше бере алады. Мұнда интеграциялық әдіс қолданыла отырып, мұғалімнің жеке деректері, білім алушылардың оқу үлгерімі мен білім сапасы, олимпиадалар мен жобалардағы нәтижелері, біліктілікті арттыру курстары, ПББ нәтижелері және басқа да ақпараттар жинақталған. Сондай-ақ, педагогика мен оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталды. Педагогтің кәсіби шеберлігі тек оқытылатын пәні бойынша және ол өз санатын модератор мен сарапшы дәрежесіне көтеруге өтініш бергенде ғана бағаланатын болады, — деп түсіндірді Қаныбек Жұмашев. Айта кетерлігі, жаңа өзге-рістер талабына сәйкес, педагог қызметінің жоғары кәсібилігі мен табыстылығы оқушылар-
дың жетістіктерімен өлшенбек. Ал шәкірттердің жеткен жетістік-тері, оқыту сапасының монито-рингі, тәжірибені бақылау, үздік педагогикалық еңбектері жайлы ақпараттар Ұлттық білім беру деректер қорында және басқа да мәліметтер базасында автоматты түрде жинақталатын болады. Сол арқылы педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуының ұлттық платформасында оларға  белсенділігі немесе белсенді емес екендігі жөнінде ескертпелер келіп тұрады. Осыған қарап-ақ әр ұстаз өз еңбегінің қалай бағаланып жатқанын аңғаратын болады, дейді мамандар. Сондай-ақ, комитет төрағасы аттестаттауды тестілеу рәсімін жетілдіру, біліктілік санатына байланысты жоғары, орта, төмен деңгейдегі тапсырмалардың пайыздық арақатынасын кезең-кезеңімен арттыра отырып, педагогтердің пәндік білімін бағалау жоспарланып отыр-ғанын да атап өтті.

Қашан іске асады?

ҚР Оқу-ағарту министрлігі өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда еліміздің барлық өңіріндегі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалының қызметкерлері мен әдістемелік орталық мамандары, басшылары, орынбасарлары және педагогтермен кең ауқымда талқылау жұмыстары жүргізілген. Осы бағыттағы жұмыстар аяқталғаннан кейін бұйрық жобасы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың келісімінен өтіп, көп кешікпей министрдің бұйрығымен жаңа ереже бекітілуі тиіс деп күтілуде. Бүгінде бұл платформаны техникалық жасақтау шаралары қызу жүріп жатыр. Ал келесі 2024 жылдың қаңтар айында Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында платформа пилоттық режимде іске қосылады деп жоспарлануда. Сөйтіп, пилоттық жобаны жүзеге асыру қорытындылары бойынша аталмыш платформаны республика көлемінде енгізуге мүмкіндік берілмек. Жалпы, педагогтерді аттестаттаудың жаңа ережесінің жобасын мұғалімдермен мұқият талқылап, оның артықшылықтарын түсіндіру барлық әдістемелік орталық, білім бөлімдері, білім басқарма-лары мен министрліктің ортақ міндеті, дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері. Осылайша, санаулы күндерден кейін мұғалімдер көптен күткен жаңа ереже енгізілмек. Ал оның талаптары ұстаздар көңілінен шыға ма, жоқ па, ол жағы уақыт еншісінде!

Нұржайна ШОДЫР.

 

тақырыпқа түсіндірме

 Құрметті әріптестер! Құрметті педагогтер!

 Осы Үзінділерді түсіндіруді жөн көрдім, себебі көпшілік мәселені жете оқымай немесе білмей біреулердің ой-пікіріне ермегенін қалаймыз. Педагогтерді аттестаттау Ережесінің жаңа жобасына орай қосымша түсіндіреміз!

Қазақстан Республикасында педагог лауазымына және оның біліктілігіне қатысты екі бұйрық бар. Оның біреуі «Педагог лауазым-дарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығы, оған назар аудару қажет деп санаймын.

— мектепке дейінгі білім ұйымдары үшін (педагог/тәрбиеші)

21-тармақ, онда кәсіби құзыреттерін айқындай отырып біліктілікке қойылатын талаптар келесі санаттар үшін бөлек көрсетілген:

1) педагог

2) педагог-модератор

3) педагог-сарапшы

4) педагог-зерттеуші

5) Педагог-шебер.

Әрбір біліктілік санаты үшін деңгей (білім беру ұйымы, аудан\қала, облыс, республика) көрсетілген.

— орта білім беру ұйымдарының педагогтері үшін 67-тармақ, мұнда да кәсіби құзыреттерді айқындай отырып, біліктілікке қойылатын талаптар мына санаттар үшін келтірілген

1) педагог (мектеп деңгейі)

2) педагог-модератор (мектеп, аудан, облыстық маңызы бар қала деңгейі)

3) педагог-сарапшы (ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, облыстың деңгейі)

4) педагог-зерттеуші (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, республиканың деңгейі)

5) Педагог-шебер (республикалық және халықаралық деңгей).

Осы №338 бұйрықта біліктілік талаптары біліктілік санаттарын көрсете отырып, барлық деңгейдегі және лауазымдардағы педагогтерге арналған. Бұл бұйрық білім беру саласында 14 жылдан бері қолданылып келеді және барлық деңгейдегі педагогтердің қызметі сәйкесінше осы бұйрықтың талаптарына сәйкес бағаланады. Яғни, қай санатқа қандай талап-
тар қойылатыны ОСЫ БҰЙРЫҚПЕН бекітілген.

Екінші бұйрық, Аттестаттау Ережесі, ол аттестаттаудың ретін, механизмін бекітеді.

Ол мынау: «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім берудің білім беру бағдарламаларын, арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын, білім беру ұйымдарында өзге де азаматтық қызметші лауазымдарды атқаратын педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрық.

Осы бұйрыққа ғана өзгерістер енгізілуде, Яғни Аттестаттау реті ғана өзгертіледі, ал педагогтерге қойылатын талаптар өзгермейді. Осы орайда, Ереженің Жаңа жобасында 1-тараудың 2-тармағының 8-тармақшасында ҚР БҒМ 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығына сілтеме көрсетілген.

Бірақ өз біліктілік деңгейін мерзімінен бұрын көтергісі келетін педагогтер үшін ерекше талаптар №83 бұйрықпен реттеледі.

Осылайша, қазіргі таңда Оқу-ағарту министрлігі тек ғана аттестаттау тетіктерін ашық, әділ, оңайлату бағытында, педагогтер шұбатылған қағаз жинамасын деген бағытта Электрондық Платформа құру арқылы өзгертуді көздеп отыр. Мұндай жағдайда адами фактор толығымен жойылады.

Қаныбек ЖҰМАШЕВ,

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің

Орта білім беру комитетінің төрағасы.

(материал Фейсбуктегі парақшасынан алынды).