Ауызсу — қазіргі кезде елімізде өршіп тұрған мәселелердің бірі. Мемлекет тарапынан бұл күрмеуі қиын мәселені шешу үшін түрлі шаралар іске асырылып жатқаны да белгілі. Десек те, кейбір шалғай елді мекеннің тұрғындары әлі де таза ауызсуға жарымай отырғаны шындық. Ауылдағы ағайынды таза ауызсумен қамту мақсатында Успен ауданында да бірқатар жоба іске асып, ауызсу мәселесі жыл өткен сайын оң шешімін тауып келеді. Сондай-ақ, кейбір шалғай ауылдарға алғаш рет асфальт жол төселуде.
Су – тіршілік көзі
Қазіргі уақытта Вознесенка ауылында су құбыры желісінің құрылысы жүргізілуде. Бұл игі бастамаға республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттен 512,7 млн теңге қаражат жұмса-лады. Мердігер компания — «КазЕвроСтрой» ЖШС. Құрылыс мерзімі 9 айды құрайды. Аталмыш ауылдың тұрғындары енді тіршілік нәрінен тарықпайтын болады. Ауданға сапарымыз барысында учаске басшысы Бейбіт Қайырбаев құрылыс аумағындағы жұмыстармен таныстырып өтті.
— Бүгінгі таңда 19 темірбетон сақинасы су тарату ұңғымасына орнату орындарына жеткізілді. 1500 метр арақашықтыққа су құбыры желілері орнатылды. Қазір су құбырын тарту бойынша жер жұмыстары жүргізілуде. Елді мекеннің оңтүстік жағына тереңдігі 90 метр 2 ұңғыма бұрғыланады, тазарту қондырғылары орнатылады. Алдағы уақытта барлық 93 аула орталық су құбырына қосылады. Қазір құрылыс басында 3 техника жұмыс істеуде. Жалпы, күніне 10 сағат еңбек етеміз, — деді Б.Қайырбаев.
Ауыл тұрғыны Ольга Кукаленко қала мен ауылдық елді мекендердің тұрғындарын сапалы, таза ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаның бұл елді мекенге де жеткеніне қуанышты. Оның сөзінше, су құбырын тарту жұмыстары жоспардағыдай жүріп жатыр. Сондай-ақ, құрылыс барысын ауыл тұрғындары да назардан тыс қалдырмайды екен.
— Мен — бұл ауылдың байырғы тұрғынымын. Ауылдың жағдайы жаман емес. Бастысы, ауылда таза ауызсу құрылысы басталғанына қуанып жатырмыз. Таза әрі сапалы тіршілік нәріне қол жеткізу тұрғындардың арманы еді. Міне, мемлекет қамқорлығының арқасында бұл қиындықтар артта қалды. Алдағы уақытта әрбір үйге таза ауызсу жеткізіледі. Енді ауылдағы тіршілік ету деңгейі қаланың деңгейіне жетуге бір қадам жақындады. Өйткені, адам өмірі үшін негізгі фактор ауызсудың сапасы. Тілегіміз орындалып, ауылға су құбыры орнатылуда, — деді ауыл тұрғыны.
Успен ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, сәулет және құрылыс бөлімінің мәліметінше, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгінгі таңда Успен ауданында бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Мәселен, Қаратай ауылында сыртқы су құбыры желі-сінің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күні 3605 метр арақашықтыққа су құбыры желілері тартылып, 28 су тарату ұңғымалары орнатылды, 2 ұңғыма бұрғыланды, 19 үйге су құбыры тартылды. Сондай-ақ, қазір су алу учаскесінде бірінші және екінші көтергіштердің сорғы станциясының іргетасын қалау жұмыстары жүргізілуде. Мердігер — «КазЕвроСтрой» ЖШС. Құрылыс мерзімінің толықтай аяқталу уақыты 9 айды құрайды. Аталмыш жобаға техникалық қолдау көрсету үшін «Технологиялық көмек құрылыс» ЖШС бекітілді. Жобалардың авторлары — «ПСД Строй-проект» ЖШС. Бұдан бөлек, Богатырь ауылында да су құбыры желісін салу жұмыс-тары жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары осы жылдың 5 маусымында басталды. Мердігерлік ұйым — «ИНЭК Қазақстан» ЖШС. Жобаның құны 431,4 млн теңгені құрайды. Құрылыс мерзімі — 6 ай.
Бүгінде халықты сапалы ауыз- сумен қамту ең маңызды әлеуметтік мәселенің бірі болып отыр. Сондықтан тіршілік көзін қолжетімді ету үшін аудан орталығынан бөлек шалғай ауылдарда да кешенді жұмыстар атқарылуда. Ауыл тұрғындарының қолайлы және жайлы өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында аудан әкімі Нұрболат Мақашев ауызсумен қамту мәселесін жіті бақылауына алған. Оның айтуынша, аудан тұрғындарының таза ауызсумен қамтамасыз етілуі күн тәртібінен түскен емес.
— Үкімет халықтың әл-ауқатын арттырып, білім беру мен денсаулық сақтау саласын жақсартуға бағытталған бірқатар мақсатты бағдарламаларды қабылдап, жүзеге асырып келеді. Соның бірі – елді сапалы ауызсумен қамту мәселесі. Халық денсаулығының мықты болуы оның сапасына байланысты. Жұртшылық үшін аса маңызды болып отырған ауызсу мәселесін шешу мемлекеттік бағдарламалар аясында қарастырылып жатыр. Бүгінгі таңда бұл бағытта ауданда жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып, шалғай ауылдар таза ауызсумен қамтылуда, — деді аудан әкімі.
Жол – экономиканың күретамыры
Аудан экономикасын еселеуге, жүк тасымалын ұлғайтуға, оның ішінде жолаушылар тасымалын жақсартып, көліктің кедергісіз жүруіне жолдың тигізер пайдасы зор. Себебі ауыл мен қаланы, шаһар мен даланы, ел мен елді, жер мен жерді жалғап жатқан жол мәселесі күн тәртібінен түсер тақырып емес. Алысты жақын, жақынды алыс қылу сол жолдың күтімі мен жағдайына байланысты екендігі рас. Биыл аудандағы бірнеше ауылдың кіреберіс жолы орташа жөндеуден өтіп, темір тұлпар тізгіндеген ауыл тұрғындарының жағдайы түзелмек. Осыдан отыз жылдай уақыт бұрын салынған жолдардың ажары кетіп, тозығы жеткені рас еді. Шаңы бұрқырап, ой-шұңқыры көбейген жолдар жергілікті тұрғындардың басты бұйымтайына айналған болатын.
Аудан әкімі Нұрболат Мақашев бүгінгі таңда, тіпті шалғай ауыл-дардағы инфрақұрылым өріс алып, құрылыс жұмыстары қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді. Қоғамның игілігіне бағытталған бұл істердің нәтижесін көп кешікпей ауыл жұртшылығы көретін болады. «Жол қадірін жүрген біледі» демекші, кейінгі жылдары мемлекеттен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жолдарды жөндеуге айтарлықтай қаржы бөлініп жатқанын да білеміз.
— Ауданда әлеуметтік мәсе-лелерге де үлкен мән беріліп отыр. Аудан орталығы ғана емес, ауылдық жерлерде де сәнді де сәулетті ғимараттар бой көтеруде. Жолдар жөнделіп, ауылдарға ауызсудың тартылуы, мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулаториялар мемлекеттік бағдар-ламалар аясында жөндеуден өтуде. Мұндай жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Ауданымызда игілікті істерді мойымай, абыроймен атқарып жатқан, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын еселеп өсіруге үлестерін қосып жүрген еңбек адамдары аз емес, — деді ол.
Успен ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, сәулет және құрылыс бөлімінің мәліметінше, 2023 жылы ауданда 856,4 млн теңгеге 36,5 шақырымды құрайтын өтпелі жолдарға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Атап айтқанда, 12 шақырымдық аудандық маңызы бар Дмитриевка ауылына кіреберіс жолы орташа жөндеуден өтеді. Бұл мақсатта «ПКФ Гордорстрой» ЖШС-мен 431,3 млн теңгеге шарт жасалды. Бөлінген қаражатты ескере отырып, жоба 2023 жылы толығымен аяқталады.
Сонымен қатар, биыл 23,4 шақырымды құрайтын Тимирязево ауылына кіреберіс жолы орташа жөндеуден өтеді. Бұл бағытта «ПКФ Гордорстрой» ЖШС-мен 932 млн 048 мың теңгеге 3 жылдық келісімшарт жасалды. 2022 жылы аталмыш ауылдағы 1283 шақырымдық жол жөнделген еді. Биыл бұл жұмыстарды жалғастыру үшін 300 млн теңге бөлінді. Бөлінген қаражатты ескерсек, жоба ағым-дағы жылы аяқталмайды. Ол үшін 582,48 млн теңге көлемінде қосымша қаржыландыру қажет.
Бұдан басқа, биыл 5,7 шақырымды құрайтын Вознесенка ауылына кіреберіс жол да орташа жөндеуден өтеді. Бүгінгі күнге дейін қажетті материалдар дайындалып, 20 мау-сымнан бастап жөндеу жұмыстары басталмақ. Мердігерлік ұйым «ПКФ Гордорстрой» ЖШС-мен 225,1 млн теңгеге шарт жасалды. Бөлінген қаражатты ескере отырып, жоба 2023 жылы толығымен аяқталады. Аталмыш ауылдың тұрғыны Анастасия Шмитова «қотыр жолдан» қажыған жұрттың жанайқайын жеткізіп, биыл кіреберіс жолдың жөндеуден өтетінін айтып, қуанышын жасырмады.
— Осыдан бір жыл бұрын ауылда алғаш рет кентішілік жолдар төселді. Бұрын бұл көшеде тек құм төселген, қиыршық тастары да жоқ ойық-ойық еді. Мұндағы тұрғындар көктемде еріген қар мен жауған жаңбырдан кейін көшеде жүруге қиналатын. Енді міне, көптің тілегі қабыл болып, былтыр бірнеше көшеге асфальт төселді. Жаңадан салынған көшенің бойында қазір балалар мәз болып жарыса велосипед теуіп, емін-еркін серуендеуде. Сондай-ақ, биыл ауылға кіреберіс жол да жөндеуден өтпек, — деді ауыл тұрғыны.
Жалпы, ел ішінде ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды шаралар жасалуда. Бұрынғы мен бүгінгі ауылдардың жайын салыстыруға келмейді. Жалғасын таба берсе, алдағы күндері жергілікті тұрғындар әлі талай жағымды жаңалықпен қуанары сөзсіз. Жыл өткен сайын ауданға қарасты елді мекендер мен кент орталығындағы көшелер кезең-кезеңімен жөнделіп, жергілікті билік өкілдерінің есеп беру жиындарында айтқан ұсыныс-пікірлері орындалып жатқанына куә болдық. Қазақта «жолың жаман болса, атаң да сүрінеді, атан да сүрінеді» деген жақсы сөз бар. Сол атаның да, атанның да сүрінбеуі үшін аудан аумағындағы жолдарды жөндеу жұмыстары келесі жылы да жалғасын таппақ.
Ауыл – кез келген қазақ баласы үшін қасиетті қарашаңырақ, кіндік қаны тамған киелі мекен. Ол – ұлтымыздың дәстүрі мен ділінің ордасы. Сондықтан ел ертеңінің жарық болуы үшін ауылдардың бойына нәр жүгірту аса маңызды. Ол үшін елді мекендерді бүгінгі заманның талабына сай көркейтуіміз қажет.
Алтынбек ЕЛЕМЕСҰЛЫ.
Успен ауданы.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.