Қай ауылға барса да, атқамінерлерге ауылдықтардың айтар бұйымтайы жол, ауызсу, әлеуметтік нысандардың жөнделуі сынды мәселелер төңірегінде өрбиді. Яғни, әр ауылдық қалалықтан кем тұрмауды қалайды. Өркениеттің жемісін көргісі келеді. Ұрпағының жарқыраған мектепте білім, заманауи медициналық мекемеде ем-дом алып, көркі келіскен сахнада өнер көрсеткенін тілейді. Қала берді, ала допты да балалардың шаңды алаңда емес, жасыл жасанды жабындыда тепкеніне куә болғысы келеді. Міне, осы талап-тілектерін ескерген Үкімет осыдан үш жыл бұрын «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын қолға алды. Біраз елді мекеннің ажарын ашқан бастама аймағымызда қалай іске асып жатқанын саралап көрген едік.
Қанша ауыл қамтылды?
2019 жылы елімізде іргелі бағдарлама басталғанда ауылдықтар айрықша қуанғаны рас. Бір бастамамен бір ауылдың барлық қажеттілігін қамтып кетуді мақсат етті. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2019-2022 жылдары «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 66 ауыл жаңартылды. Аталмыш ауылдарда барлығы 112 мың адам тұрады. Демек, бағдарлама үш жылда облысымыздағы ауыл халқының 52 пайызын қамтыды. Жаңа кейіпке енген елді мекендердің 40-ы тірек ауылдар саналса, 24-і — спутниктік және 2-уі стратегиялық ауылдар санатына жатады. Осылайша, үш жылда аймағымызда 16,4 млрд теңгенің 281 жобасы іске асты. Яғни, ауылішілік жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылдың өзінде ауылдық елді мекендерді дамыту жалғасын тапты. «Ауыл – ел бесігі» шеңберінде 26 ауылдың инфрақұрылымы жаңа кейіпке енген. Ауылдарға бағдарлама не берді? Ең бастысы, қаншама елді мекенге көрік кірді. Талай жыл жөндеу көрмеген, тозығы жетіп, сүреңсіз күйге көшкен әлеуметтік нысандар жаңарып шыға келді. Жақтаулары шіріп, терезесінен жел соғып тұратын қаншама ауыл мекемесінде бүрсеңдеген азаматтар жылы әрі заманауи бөлменің қандай болатынын сезінуде. Қараңызшы, үш жылда ауылдарда аталған бағдарламамен 35 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, адам танымастай кейіпке енді.
6 балабақша бөлмелерінің әсемдігі жағынан бүгінгі заманның көшіне ілесті. 26 мәдениет үйі ауылдағы көрікті ғимараттар қатарына кірді. Өнер ұжымдары жайлы жағдайда көрерменмен қауышуға қол жеткізді. 9 медициналық мекеме жөнделіп, науқастарды қабылдауға қолайлы жағдай жасалды. 8 спорт ғимаратының жаңа кейіпке енуі алдағы уақытта ауылдан талай спорт тарландарының шығуына септігін тигізетіні анық. Бұқаралық спортты дамытуды жиі сөз етеміз. Осы тұрғыдан спорттық нысандардың жөнделіп қана қоймай, жаңасымен қатарының толығуы да ауыл азаматтары үшін тамаша сый. «Ауыл – ел бесігі» аясында аймақ ауылдарында 11 спорт кешені бой көтерді. Мәдениет үйлерінің саны да 4 жаңа нысанмен артты. 1 дәрігерлік амбулаторияның ашылуы бір ауылдың алысқа бармай кігішірім ем-шараларын алуына мүмкіндік туғызды. Тағы бір қуантарлығы, бағдарлама ауылдардың шұрық- тесік жолдары мен ешқашан асфальты болмаған көшелердің жолын тақтайдай етуге мүмкіндік берді. Үш жылда 300 шақырым ауылішілік жолға асфальт төселген. Оған қоса, көшелерді жарықтандыру жұмысы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Ауылдарда жалпы алғанда 60 шақырымдай көшеге жарық шамдары орнатылды.
Келер жылы келбеті келіседі
Сонымен, келер жылы көркіне көрік қосылып, ғимараттары әрле-нетін елді мекендерге келсек, инфрақұрылымын жаңартуға 14 ауыл іріктелген. Сөйтіп, бұл ауылдарда 6,5 млрд теңгенің 48 жобасы іске аспақ. Бұл қаражаттың 1,2 млрд теңгесі республикалық қазынадан бөлінсе, қалған 5,3 млрд теңге жергілікті бюджеттен қарастырылады. Басқарманың мәліметіне сүйенсек, алдағы жылы 6 денешынықтыру және сауықтыру кешені салынады. Мұндай әсем ғимараттар Ақсу қаласының ауылдық аймақ-тары – Алғабас, Еңбек, Жолқұдық, Пограничник ауылдарында, Аққулы ауданының Қарақала елді мекенінде, Павлодар ауданының Кемеңгер ауылында бой көтереді. Павлодар ауылында жеке тұрғын құрылысының қарқыны жақсы екенін білеміз. Сондықтан мұнда электрмен жабдықтауды жалғастыру қажеттілігі бар. Міне, бұл қажеттілік те «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы өтелмек. Нақтысы, аталмыш ауылда электр желісі тартылады. Ал Тереңкөл ауданының Калиновка ауылында жарықтандыру бағандары, жарықшамдар жаңадан орнатылады. Бұдан бөлек, күрделі жөндеу көретін ғимараттар да баршылық. Келер жылы аймақ ауылдарында 17 әлеуметтік нысан жаңаша келбетке ие болады. Оның ішінде 1 медициналық пункт, 7 ауылдық мәдениет үйі, екі білім беру мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, жалпы қашықтығы 65 шақырым болатын ауылішілік жолдарға орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Құжаты дайындар бір жылдың ішінде бір ауылды толығымен ажарландыра алады. Мысалы, алдағы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарла-масы аясында Шегірен ауылының жолын, мектебін, мәдениет үйін жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен көшелер жарықтандырылады. Осылайша, ауыл толық ажарланбақ.
Белсендісі бар
Осы ретте, бағдарламаны барынша пайдаға жаратып, игілігін тиісінше көрген аудандарға тоқталсақ. Әлгі жоғарыда айтқан үш жылғы 281 жобаның 35-і Павлодар ауданында іске асыпты. Одан кейінгі орында – Тереңкөл ауданы. Үштікке Успен ауданы еніп отыр. Бағдарламаның алғашқы үш жылында жүзеге асқан жобалар саны жағынан тізімнің соңында –
Баянауыл, Май аудандары мен Павлодар қаласының ауылдық аймақтары. Оларда 17, 18 және 19 жобадан іске асқан. Жалпы, кез келген бағдарламаның тетіктерін тиімді кәдеге жаратуда әкімдіктердің жөндеу көруі тиіс нысанның жобалық-сметалық құжаттамаларын уақытылы әзірлеуі өте маңызды. Яғни, дайыны «мәреге» бірден жетеді де, ұсынылған қаржыны қажетіне жаратып ала береді. Демек, ерте қамданғаны қолдауды алдымен әрі кеңінен көріп қалады. Ауылдық елді мекендерді дамытуға мүдделі басқарма да құжаттардың уақы-тында дайындалуы әлеуметтік, инженерлік және инфрақұрылымдық дамуды жеделдетуге, бәрін жан-жақты қамтуға әсер ететінін алға тартып отыр. Себебі, бюджет қаралып, қалыптастырылғаннан кейін жобаларды қаржыландыру мүмкіндігі тым төмен. Мәселен, 2024 жылға бюджетті қалыптастыру кезінде алдағы жылы іске асатын жобалардың жобалық-сметалық құжаттары Ақсу қаласы, Аққулы, Тереңкөл, Шарбақты аудандарында тас-түйін дайын болған. Дайындық үлесі төмен аудандар қатарында — Ақтоғай және Ертіс аудандары. Алғашқысында келер жылға 4 жоба жоспарланса, соның біреуінің құжаты дер кезінде әзірленбеген. Ал Ертіс ауданында 5 жобаның екеуінің құжаты дайын болмапты. Бүгінде экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен ауылдарды жаңартудың жылдық жоспарын жасады. Ендігі кезекте қалалар мен аудандар әкімдіктері жобалық-сметалық құжаттаманы уақытында әзірлеу қажет. Бірінші кезекте, жобалар салалық басқармалар арқылы іріктеледі. Одан кейін экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы елді мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес келуіне мән береді. Сонымен қатар, облыс әкімінің тұрғындармен кездесуінде халықтан түскен ұсыныстар мен өтініштер ескеріледі. Ауылдағы тұрғындар саны да есепке алынады.
Ең көп көмегін көрген…
Осы орайда, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының игілігін көп көрген аудан-қалаларға тоқталсақ. Аймағымызда келешегі бар ауылдардың жалпы саны – 191. Пайызбен қарасақ, Павлодар қаласына қарасты алты елді мекеннің төртеуіне бағдарламаның шарапаты тиген. Яғни, мұндағы ауылдардың 67 пайызы «Ауыл – ел бесігі» бойынша ажарланған. Аққулы ауданының ауылдары 2019-2022 жылдар ішінде бағдарламаны кеңінен кәдеге жаратқан. Нақтысы, аталмыш ауданда келешегі бар 9 ауыл болса, соның 5-еуі бағдар-ламаның игілігін көрген. Бұл дегеніңіз — 56 пайыз. Май ауданында да 10 ауылдың бесеуі, яғни, тең жартысы көріктендірілген. Ал көрсеткіштері төмен аудандар қатарында Павлодар ауданында
28 елді мекеннің 7-уі ғана соңғы үш жыл ішінде бағдарламаның жемісін көріпті. Пайызбен алсақ, мұндағы ауылдардың 25 пайызы қамтылған. Ақсу қаласының ауылдық аймақтары мен Успен ауданы ауылдарының 29 пайызы бағдарламаға іліккен. Алғашқысында 24 ауылдың 7-еуі болса, екінші ауданда 14 елді мекеннің төртеуі тиімді жолмен жаңарған. Сандармен сөйлесек, 2019-2022 жылдар аралығында аймағымызда 66 ауыл қамтылса, биыл тағы 22 елді мекенге көрік кірді. 2024 жылы 14 ауыл ажарлана түседі. Қалған 89 ауылды 2025-2027 жылдары реттеу, қажеттілігіне қарай жөндеу, жаңасын салу жұмыстары қолға алынады. Жалпы, биыл 26 ауылда 85 жоба басталған болатын. Оның төрт ауылындағы жұмыстар келесі жылда түйінделеді. Әу баста екі жылға жоспарланған. Мамандар кейбір жобалардың мерзімінен кешігу деректері орын алғанын жасырмайды. Мәселен, Кемеңгер ауылындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы биыл аяқталуы тиіс еді. Алайда жоба құнының қымбаттауына байланысты нысанды аяқтау 2024 жылға ауыстырылған. Қараоба ауылында да дәл осындай кешен биыл тамызда тұрғындар игілігіне тапсырылуы керек еді. Бұл жерде мердігердің жұмысты баяу жүргізуінен нысан құрылысы кестесінен кешігіп, аяқталмай қалды. Келесі жылдың 48 жобасына 7,1 млрд теңге қарастырылған. Оның 5,5 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінсе, қалғаны республикалық қазынадан жұмсалады.
Түйін:
Ауылды аңсап, кезінде қалаға, өзге өңірге қоныс аударған азаматтар аракідік туған мекеніне табан тіреп тұрады. Сондай сәтте сұрланып, сүреңсіз қалыпқа енген ауылын көріп, көңілі түсіп жататын жайттар аз емес. «Ауылдан адам көшкенімен, адамнан ауыл көшпейді» деген рас. Қанша қашықта жүрсең де, ауылға бүйрек бұрып тұрады. Міне, сол ел бесігін ескіртпей, жаңартып, жаңғыртып, ажарына ажар қосуды мақсат еткен бағдарламаның бергенінен берері мол екенін ешкім жоққа шығармас. Ең бастысы, әкімдіктер қажетті құжатын дер кезінде әзірлеп, құзырлы мекемеге уақытылы өткізіп, көпшіліктің сұраған жақсылығы кешікпей халыққа жете берсе дейсің.
Бетті әзірлеген – Гүлжайна түгелбай.
Суреттер газет мұрағатынан алынды.