Photo Valeriy BUGAYEV

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр облысымызға жұмыс сапарымен келіп, Екібастұз қаласының жылумен жабдықтау көздеріндегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Бірінші вице-премьерге №3,4 энергия блоктарын орната отырып, Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту және реконструкция-лау жобасының іске асырылу барысы таныстырылды. Нәтижесінде жылына қосымша 6,8 млрд кВт/сағ өндіріліп, станцияның белгіленген қуаты 1 мың МВт көлемінде артады.

– Үкімет тарапынан барлық тиісті шешімдер қабылданды. Жабдық өндірушілермен, экспорттық қаржыландырумен келісімдер шешілді. Сондықтан биыл күзде жұмысты бастауға болады, – деді бірінші вице-премьер.

Роман Скляр Б.Нұржанов атындағы «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС қызметімен де танысты. «Жаңа электр сүзгілерін орнатумен №1 энергия блогын қалпына келтіру» жобасы – қолданыстан шығарылған энергия блоктарын қалпына келтіру жөніндегі үш жобаның соңғысы. Ол станцияның қазіргі жобалық қуатын 4 мың МВт-қа дейін ұлғайту мақсатында іске асырылып жатыр. Жобаны жүзеге асыруға 1,1 мың қызметкер жұмылдырылған. ГРЭС-ті қысқы кезеңге дайындау жоспар бойынша жүргізілуде.

Жақында аталмыш станцияның төрт энергия блогы тоқтап қалған еді. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар орын алып тұрады. Дегенмен, тұтынушыларға электр қуатын беру үзілген жоқ. Роман Скляр жағдайды мұқият зерттеп, тәуекелдерді азайту үшін қажетті шараларды қабылдау қажет екенін атап өтті.

Өз кезегінде облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласының жалпы ұзындығы 4 шақырымға жуық ірі жылу магистральдары – ТМ-1 және ТМ-3 қалпына келтіру жұмыстары туралы хабарлады.

– Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді. Бұл желілерді жаңарту 87-ден астам көпқабатты үйді және 8 мыңнан астам адам тұратын 500-ден астам жеке тұрғын үйді жылумен жабдықтау жүйесін жақсартуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті аймақ басшысы.

2023 жылы 4 жылу магистралі, яғни 5,3 шақырым желі қалпына келтірілген еді. Бұған қоса, Үкімет резервінен ұзындығы 3,5 шақырым болатын жаңа №7/1 жылу магистралін салуға қаражат бөлінді. Қазіргі таңда гидравликалық сынақ жұмыстары жүргізіліп, аталған нысан пайдалануға берілді. 4 кезеңнен тұрған сынақтар өткен маусымда 70 шақырымға жуық желіні ауыстыру есебінен зақымдану фактілерінің 2 есе азайғанын анықтады.

Сонымен қатар, Роман Скляр ТМ-7 жылу магистралін реконструкциялауға қатысты тағы бір жобаны қолдауға уәде берді. Оған дайындық сметалық жұмыстары бүгінде жүргізілген. Бұл – күрделі учаске. Оны қайта құру арқылы №15 шағын ауданды жылумен жабдықтау параметрлері жақсарады.

Үкімет Екібастұз жылу-электр орталығын одан әрі жаңғыртуға, атап айтқанда төрт қазандық агрегатын күрделі және ағымдағы жөндеуге және тұндырылған су магистралін салуға 3,4 млрд теңге бөлді. Жұмыс сапары барысында Роман Скляр Екібастұз ЖЭО-да жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Кәсіпорын басшылығы жұмыс кестеге сәйкес жүріп жатқанын, жылыту маусымында станция 7 қазандықпен жұмыс істейтінін, ал 3 қазандық резервте болатынын хабарлады.

Сонымен қатар, орталықта күлден гидравликалық тазарту үшін тұндырылған сумен қамтамасыз ететін құбырдың тозығы жеткен. Тұндырылған судың жаңа магистралін салу жобасын іске асыруға қаражат бөлініп, жұмыстар бастау алды. Оны осы жылдың қазан айында аяқтау көзделген. Роман Скляр жаңа жылыту маусымына дайындыққа аса жауапкершілікпен қарауды ескертіп, барлық қажетті жөндеу жұмыстары сапалы әрі уақытылы жүргізілуі керек екенін айтты.

Жалпы алғанда, облыс бойынша ЖЭО мен желілерді жөндеу жұмыстарының мерзімдері сақталып отыр. Ақсу қаласында алғаш рет орамішілік желілер қайта жаңғыртылуда. Павлодарда желілерді жөндеу жұмыстарын қыркүйек айының басына дейін аяқтау жоспарда бар.

Бұған қоса, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары «Богатырь» көмір кенішіндегі циклді-толассыз технологияның инновациялық жобасымен танысты. Кешеннің ауқымды құрылысы кезінде 40 мыңнан астам темір-бетон конструкциясы қолданылып, 174 мың шаршы метр аумаққа салмағы 15 мың тоннадан асатын жабдық монтаждалды. Үш жылдың ішінде ЦТТ нысандарының құрылысына қазақстандық компаниялардың мердігерлік ұйымдарының 430 қызметкері мен 30 неміс маманы тартылды.

Жобаның басты мәні – тозығы жеткен негізгі технологиялық жабдықтарды жаңарту және 230 метр тереңдіктен көмір қорын толық және ұтымды қазып алуды қамтамасыз ету. Бұл бұрынғы теміржол технологиясын пайдалану кезінде мүмкін емес еді.

Сондай-ақ, бірінші вице-премьер тұрғын үй құрылысының барысымен танысты. Былтыр кеншілер шаһарында 3 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Барлығы 4 жыл ішінде 21 көппәтерлі үй салынды. Бүгінгі таңда жеке инвестициялар есебінен тағы 3 жоба жүзеге асырылуда. Оған қоса, 7 бес қабатты үй салуға дайын жобалар бар.

primeminister.kz.