Павлодарда қолданыс уақыты жарты ғасырға жуықтаған жылу құбырлары жаңаруда. Яғни жылу желілерін жаңғырту және қайта қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша реконструкциялау және күрделі жөндеудің кешенді жұмыстары қолға алынып, осының нәтижесінде облыс орталығының жылу магистралдарын айтарлықтай жаңарту көзделген.

Павлодарда жылу желілерінің 92,2 пайызы ескірген. Ауыс-тырылмаған құбырлардың алды 50 жылға жетіпті. Жақында «Павлодар жылу желілері» ЖШС-нің бас директоры Марат Иманаев бастаған кәсіпорын өкілдері БАҚ өкілдері үшін арнайы көшпелі баспасөз турын ұйымдастырып, ең ауқымды жобалар атқарылып жатқан жылу нысандарындағы жұмыстармен таныстырды.

Бас директордың айтуынша, Павлодар қаласындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 838,99 шақырымды құрайды. Оның 421,09 шақырымы тұтынушылық желілер болып саналады. Ал магистральді жылу желілері 118 шақырым, орамдық жылу желілерінің ұзындығы 275,88 шақырым, ыстық сумен жабдықтау желілері 23,12 шақырым болса, 11 дана сорғы станциялары, 22 дана орталық жылу желілері тіркелген.

Мамандардың айтуынша, жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін гидравликалық сынақ жүргізіліп, қорытындысы бойынша, 216 нүктеде ақау анықталған. Оның 153-і оңтүстік желілік ауданда, 63-і солтүстік желілік ауданда тіркелді. Міне, бүгінде осы сынақтардан кейін белгілі болған ақауларды қалпына келтіру, ескі құбырларды ауыстыру және реконструкциялау бойынша ірі жобалар бастау алып, жұмыстар әлі күнге дейін тоқтаусыз жүріп жатыр.

Биыл «Павлодар жылу желілері» ЖШС жылу желілерін жаңғырту және жөндеу жұмыстарына 1 миллиардтан астам теңге көлемінде қаражат бағыттаған. Бүгінгі таңда «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша облыс орталығында 5 нысанда күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Бұлар – №20, №11, №5, №4 және №134 жылу магистральдары. Сонымен қатар, 20-дан астам нысанда ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Одан бөлек Радиозауыт және Лесозавод шағын аудандарында жылумен жабдықтау үшін №3 сорғы станциясын орталық жылу пунктіне қайта жабдықтай отырып, қайта құрылымдау жұмыстары аяқталған. Жылу тасымалдағыш жолының гидравликалық режимін реттеуге бағытталған бұл жоба тұтынушыларды жылумен жабдықтау сапасын айтарлықтай арттырады деп болжануда.

– №20 жылу магистралін қайта құрылымдаудың бірінші кезеңі басталды. Бұл магистраль – екі амортизациялық мерзім бойы қызмет көрсетті. Бастапқыда ол қаланың негізгі жылу беру ағыны ретінде салынған болатын. Биыл магистральдің 250 метр, ал келесі жылы 550 метрі ауыстырылады. Тұтынушыларды жылумен жабдықтауды жақсарту, құбырдың физикалық күшін ұлғайту мақсатында диаметрі 1000 миллиметрге дейін ұлғайтылады. Біз тапсырыс берген құбырлардың барлығы Қазақстанда жасалған, реконструкциялау жұмыстарын өндіруші компания қолға алды. Учаскедегі жұмыстар қыркүйектің соңына дейін аяқталады деп көзделуде, – деді Марат Иманаев.

Қазіргі таңда «№134 жылу камерасынан №134/8 жылу камерасына дейінгі жылу желісін қайта құрылымдау» жобасы да уақытымен орындалып жатыр.

– Бұл құбырдың жалпы ұзын-дығы 727,5 метрді құрайды. Жоба орамдық жылу желісін, сондай-ақ, ілмекті арматураны ауыстыра отырып, жылу камераларын қайта құрылымдауды көздейді. Аталмыш жылу құбырлары 1985 жылы орнатылған болатын. Жаңа құрылымдалған желілер алдағы жылыту маусымының басталуына дейін іске қосылады. Қайта құрылымдау арқылы қыс мезгілінде болатын түрлі апатты жағдайлардың алдын алып, қауіпсіздікті күшейтеді, – деді «Павлодар жылу желілері» ЖШС қайта құру және жаңғырту бөлімінің басшысы Елена Чернова.

«Павлодар жылу желілері» ЖШС жаңа техникалармен де жабдықталып жатыр. Инвестициялық бағдарламалар аясында 104 млн. теңгеге 43 бірлік арнайы техника сатып алынды. Оның ішінде 2 үлкен автошеберхана бар.

— Осылайша кәсіпорын арнайы мамандандырылған техникалар-мен толығып жатыр. Бұл жылу желілеріне жүргізілетін күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жедел-диспетчерлік қызметтің сапасын күшейтеді және жылдамдығын арттырады, — дейді М.Иманаев.

Мамандар Павлодарда келесі жылы да жаңа жылу желілері салынады деп атап өтті. Мақсаты — апатты желілердің үлесін азайту. Оның жалпы ұзындығы сегіз шақырымды құрайды. Жаңа жылу құбыры №1-ЖЭО коллекторынан №20 жылу магистраліне дейін созылады.

 

Тілеуберді САХАБА.