Ақылы жолдың артықшылығы көп

Ақп 19, 2026

2026 жылдан бастап еліміздегі ақылы жолдардың жалпы саны 32-ге жетті. Бұған дейін 4,9 мың шақырымды құрайтын 26 ақылы жол бар болатын. Жаңадан қосылған бағыттар толығымен күрделі жөндеуден өтіп, халықаралық және ұлттық стандартқа сай жаңғыртылған болып есептеледі. Олардың жалпы ұзындығы 1,8 мың шақырымды құрайды.

Қазақстандағы ең бірінші ақылы автожол 2013 жылы «Астана-Щучинск» бағыты бойынша ашылды. Одан кейін 2019 жылы «Астана–Теміртау», «Алматы–Қорғас» және «Алматы–Қонаев» жолдары жұмыс істей бастады. Кейін бұл жолдарға тағы қосымша басқа бағыттағы республикалық маңызы бар жолдар қосылды.

Ақылы жолдардың басқа жолдардан басты ерекшелігі – сапа. Төлемақыны жолдардың жол жабынының сапасы талапқа сай, көліктің бүкіл жол бойында жоғары жылдамдықпен жүрсе де қауіпсіз қозғалуын қамтамасыз етілген жағдайда ғана енгізіледі. Ал сол ақылы жолдардан жиналған қаржы жолдарды жөндеуге кетеді. Себебі бюджеттен бұл жолдарға қаражат бөлінбейді. Жол сапасы техникалық көрсеткіштер, қозғалыс қауіпсіздігі, пайдаланушылардың қанағаттану деңгейі және сервистердің қолжетімділгі бойынша бағаланады.

— Ақылы жолдың тарифі көлік түріне (жүк көтергіштігіне немесе отырғыштар санына) және жолдың санатына, сондай-ақ, төлем тәсіліне байланысты есептеледі. Тарифтерді уәкілетті орган — ҚР Көлік министрлігі бекітеді, — деді «ҚазАвтоЖол» баспасөз қызметінің маманы Абзал Ильяс.

Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар мен жиі қатынайтындар үшін де жеңілдіктер қарастырылған. Бірақ бұл жеңілдік бір аймаққа ғана қатысты.

— ҚР «Автомобиль жолдары туралы» заңының 5-2 бабына сәйкес ақылы жолға іргелес аудандардың жеке және заңды тұлғаларының аталған әкімшілік аумақтық бірлік аумағында белгіленген тәртіппен тіркелген жеңіл автомобильдері және автобустары бір аудан шегінде жүріп тұру үшін ақы төлеуден босатылады, — деді Абзал Ильяс.

Сонымен қатар, жергілікті жерде тіркелген көліктер үшін абонеметтік жүйе енгізілген. Жүргізушілер айлық немесе жылдық абонементті рәсімдей алады. Мұндай төлем түрі бірреттік төлемге қарағанда әлдеқайда тиімдірек және жолды шектеусіз пайдалануға мүмкіндік береді. Абонемент құны көлік және жолдың санатына қарай белгіленеді. Мәселен, бірінші санаттағы ақылы жолдың бағасы жеңіл көліктер үшін жылдық абонемент бір айлық есептік көрсеткішке тең. Абонементті Kaztoll.kz сайты арқылы, 1403 байланыс орталығы немесе арнайы қызмет көрсету орындарына, яғни ақы төлейтін пункке жүгіне алады.

Қыс мезгілінде де жолдарды қардан дер кезінде тазалау және көктайғаққа қарсы материалдарды уақытылы себу, арнайы техниканың тәулік бойы кезекшілігі белгілі регламентке байланысты жүргізіледі. Сондай-ақ, қауіпсіздік үшін жол бойына барлық талаптарға сай жол белгілер мен шамдар орнатылған. Бейнебақылау камералары да барлық талаптарға сай жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда бақылау аркасында 49 ақпараттық таблолар орнатылған. 2026 жылда оның санын көбейту жоспарда бар. Бұл таблолар ақылы жолдарды пайдаланатын жүргізушілерді ақпараттандыру мақсатында қойылады.

— Ақылы жолдар бойына жүргізушілер мен жолаушыларға арналған демалыс алаңдар және санитарлық-гигиеналық тораптар, сервистік нысандар, жарықтандыру жүйелері қарастырылған. Бұл бағыттағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары әлі де жалғасу үстінде. Ал егер бұл жолдарда жол-көлік апаты болған жағдайда шұғыл түрде жол-патрульдік полициясына және жедел жәрдем қызметіне хабарлайды. Ал олар келгенше ұлттық оператор қызметкерлері ақаулы көлікті ең жақын қауіпсіз жерге сүйретіп шығару шаралары немесе жол белгілерін қою жұмыстарын жасайды, — деді Ильяс Абзал.

Жолда интернет істемей қалса уайымдамасаңыз болады. Қазақстанда төлем жүйесінің екі түрі қолданылады: ашық және гибридті. Бұл төлем жүйелері көлік кептелісін болдырмау үшін енгізілген. Гибридті төлем жүйесі 2013 жылдан бастап «Астана-Щучинск» бағыты бойынша, кейінірек «Астана–Теміртау», «Алматы–Қорғас» және «Алматы–Қонаев» автожолдарына енгізілді. Көліктердің қозғалысы аркаларда орнатылған бейнебақылау камералары арқылы тіркеліп, шығар кезде төлем алынады. Бұл жүргізушілердің өздерінің нөмірін бақылауға және жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсінуге, алдын ала төлем жасауына мүмкіндік береді. Төлемді онлайн не болмаса төлем пунктінде қолма-қол төлеуге болады. Ал басқа учаскелерде ашық төлем түрі қолданылады. Ол учаскелер шлангбаумсыз және ақы төлеу пункттерінің болмауымен ерекшеленеді. Ақылы жолға кірер кезде көліктің нөмері бейнебақылау камералары арқылы тіркеліп, жол ақысы алдын ала немесе жол жүру аяқталғаннан кейін 7 күн ішінде жүргізіледі.

— Төлем жасау тәсілдері барынша ыңғайлы. Жүргізушілерге төлем туралы хабарлама жолданады, ал жол ақысын интернет — банкинг, QIWI терминалдары, Касса 24, Tenge, электронды әмияндар, телефон балансы арқылы төлем жасай алады. Ақы алу пункттерінде QR-код, банк картасы және қолма-қол ақша қабылданады. Әр өңірде клиенттермен жұмыс жасайтын орталықтар болады. Жүргізушілер абонементтік төлемді рәсімдеу және есепшотты толтыру жұмыстары бойынша қиындықтар туындаған кезде орталыққа жүгіне алады. Егер төлем кезінде қате кетіп, артық қаражат аударылса, жүргізушілер оны қайтарып ала алады. Ол үшін тікелей өтініш жазу керек немесе Kaztoll.kz жеке кабинеті арқылы ақшаны кері қайтарса болады не болмаса өз көліктері арасында аудару мүмкіндіктері бар, — деді А.Ильяс.

Айта кетейік, ақылы жолдарға қатысты барлық сұрақтар бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығына хабарласса болады.

Нұрайым ҚАЛЫБЕК.