Болашақта елдегі барлық мемлекеттік балабақша жаппай қазақ тілінде тәлім-тәрбие береді деп жоспарлануда.
Бұл жөнінде ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев депутат Нартай Аралбайұлымен болған сұхбат барысында мәлім етті.
— Мемлекеттік балабақшалардың барлығын қазақ тілінде ашу туралы шешім бар. Былтырдан бастап мемлекеттік балабақшалардың бәрі қазақ тілінде болуы қадағаланып отыр, — деді Ғани Бейсембаев. Сондай-ақ, ол тілі орыс тілінде шыққан балалармен де арнайы жұмыс жасалып жатқанын атап өтті.
— Қазір мұндай балалардың адаптациядан өтуіне қатысты мамандар жұмыс жасап жатыр. Сол әдістемелік дүниелерді енгізу арқылы біз бұл балаларға да тиісті көмек көрсетуді қолға аламыз, – деді министр.
Айта кетерлігі, бүгінде елімізде 10 мыңнан астам балабақша бар. Ал Павлодар облысында 381 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 158 балабақша мен 223 шағын орталықта 40 мыңға жуық балғын тәрбиеленуде.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, өңірдегі 381 мектепке дейінгі мекеменің 256-сы (67,1%) қазақ тілінде тәлім-тәрбие береді. Мұндағы бала саны — 13 898 (41,4%). Орыс балабақшасының саны — 13 (3,4%), ондағы бала саны — 278 (0,8%), ал аралас 112 (29,3%) мектепалды білім беру мекемесінде 19607 (58,4%) балғын тәрбиеленуде.
Қазіргі таңда облыс бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен және қазақ тілінде оқытумен қамтылғандардың жалпы саны 21 466 баланы (63,3%) құрап отыр.
Сонымен, алдағы уақытта елдегі барлық балабақша мемлекеттік тілде тәрбие берсе, бұл солтүстік өңірлердегі қазақшасы шорқақ қара домалақтардың өз ана тілінде емін-еркін сөйлеп кетуі үшін үлкен көмек болмақ.
Н.АҚЫТЕГІ.