Көшпелі қазақтың тұрмыс-тіршілігінде жылқының рөлі ерекше болғаны мәлім. Сүтін саумал ретінде пайдаланып, оны ашытып қымызға айналдырған. Ұлттық сусын талай ауруға ем, денсаулыққа қуат беретінін де барша жұрт жақсы біледі.
Осы орайда облыс орталығындағы Достық үйінің алаңында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Қоғамдық келісім» мекемесінің қолдауымен «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігі «Қымызмұрындық» фестивалін ұйымдастырды. Мұнда қазақ халқының көне дәстүрлері жаңғырып, әдет-ғұрыптары насихатталды. Қала тұрғындары ыстық бауырсақ пен қымыздан дәм татты.
Фестиваль қымыз бүрку рәсімімен басталды. Жиналған қауымға күбі аластау көрсетіліп, алғашқы қымыздың дәмін Усолка шағын ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ресейден көшіп келген Сапарбек Маусымбаев көрді. Аймақ басшысы Асайын Байханов мерекеге орай қойылған көрме жұмысымен танысып, бал қымыздың дәмін татып, лебізін білдірді.
— Қымыз баппен шығуы үшін оны арнайы қайыңмен ыстап, күбіге өңдеу жасайды. Күбіні қайыңның түтініне салады да, бактерия болмайтындай күтім болады. Ал қымызды пісу оңай емес. Бала кезімізде 1500 рет күбіні пісу керек еді. Үйдегілерге қолғабыс болып 5-6 сағат пісетінбіз. 1500-2000-ға дейін піссең, қымызың балдай болады, — деді облыс әкімі.
Қымыз дайындау әдісіне, сүттің сапасына, уақыт мезгіліне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Осыған орай оның аталуы да алуан түрлі. Мысалы: Уыз қымыз, бал қымыз, бесті қымыз, дөнен қымыз, құнан қымыз, сары қымыз, сіргежаяр қымыз, түнеме қымыз және т.б.
— «Қымызмұрындық» мерекесі дәстүрлі түрде аймағымызда осымен 32-рет өткізіліп келеді. Басты ұйымдастырушысы — Қазақстан халқы Ассамблеясы, оның ішінде «Нұр-Ана» этномәдени бірлестігі жетекшісі Бақытжамал Максилова. Фестивальдің биылғы ерекшелігі сол, оған Қызылорда, Семей, Астана қаласынан қолөнершілер келді. Олар ұлттық нақыштағы бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Меймандар мерекелік бағдарламада әннен шашу шашып, ойларын ортаға салды. Одан бөлек, «Қымызмұрындыққа» шаһардың жоғары оқу орындары – Торайғыров университеті, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті, Инновациялық Еуразия универ-ситеті атсалысты. Сонымен қатар, Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары қатысып, тұрғындарға дәмдері мен зергерлік бұйымдарын көрсетті. Жалпы, Қымызмұрындық мерекесі — Қазақстан халқы Ассамблеясының үлкен жазғы фестивалінің тұсаукесері. «Бір шаңырақ астында» шарасы аясында тамыз айына дейін әрбір этномәдени бірлестік сенбі-жексенбі күндері өз бағдарламасын дайындайды. Осыған дейін орталық саябақта өткізсек, биыл Достық үйінің алдында өткізуге шешім қабылдадық, — деді облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Раисова.
Достық үйі алдында орнатылған сахнада Қызылорда облысынан арнайы шақырылған қонақтар ұлттық киім дефилесін өткізсе, Астана, Аягөз қалаларының қолөнер шеберлері өз бұйымдарының жасалу жолымен таныстырды. «Қымызмұрындық» мерекесі шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасына ұласты.
— Киелі сыр елінен келдім. Қолөнер саласында 300-ден аса тәрбиелеп жатқан шәкіртім бар. «Қымызмұрындық» мерекесіне өзіміздің жасаған шұбатымызды әкеліп, Павлодар тұрғындарына ұсындық. Көрмеге қолөнер бұйымдарын алып келдік. Қызылорда егіннің елі болған соң бізде «Сабантой» болады. Онда ұлттық ойындар ойнатылып, ауқымды деңгейде өтеді. Жылқыны ұстаймыз. Қымызды дайындаймыз. Дегенмен, той ретінде өткізбейтін едік. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен ел анасы Бақытжамал Шаханқызының шақыртуымен Ертіс-Баян өңіріне келдік. Алдағы уақытта осы жақтан алған әсерімізді, облысымызға барған соң бөлісіп, көргенімізді жасап, «Қымызмұрындық» тойлау ойда бар. Павлодар қаласының музейлерін аралап, өңір тарихымен таныстық. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз, — дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Алтынай Былаева.
Дүбірлі тойға Қызылорда, Астана, Абай облысынан ат терлетіп келген қонақтар Алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ, үш адамға «Дара жол» медалі табысталды.
Аяулым ДУМАНҚЫЗЫ, Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.