Былтырғы бағамен теңеседі

Шіл 10, 2025

Жыл басында облыста жылу ақысы сараланған тарифке көшіп, тұрғындар пәтерінің көлеміне қарай ақы төлеген болатын. Ендігі ретте жылумен қамтитын монополист компания тағы да өтініш білдіріп, тарифті өзгертуге бекінді.

Қалалықтар ай сайын алатын коммуналдық қызметтер түбіртегінде баға үнемі құбылып тұрады. Өкінішке қарай, көп жағдайда оның өткен айлармен салыстырғанда айтарлықтай өскенін байқаймыз. Ал жылыту маусымы басталған тұста тұтынушылар жылудың да қымбаттай түскенін айқын аңғаратын болады.

Жалпы, жылу тарифі осы жылдың басында бекітілген-ді. Атап айтқанда, есептеуіш құралдары бар үйлердің тұрғындары үшін жылу ақысы 15,6 пайызға азайды. Мұндай құралдарды қолданбайтын тұтынушыларға қарастырылған тариф 3 пайызға төмендеді. Бұл ретте есептеуіш құралдар орнатылмаған көпқабатты баспаналардағы пәтер иелері сараланған тариф бойынша төлейтін болды. Тарифтің мұндай түрі үйдің аумағына байланысты енгізілді. Сөйтіп, жылыту маусымы аяқталғанға дейін неғұрлым кең үйде тұратын азаматтар соғұрлым көп ақы төледі. Енді алдағы жылыту маусымында мұндай бөліну болмайды. Себебі монополист компания тарифті көтеруге қатысты жаңа өтініш берді. Мұны жылу энергиясын сатып алу мен тасымалдау шығындарының көбеюімен және қызметкерлердің жалақысын көтеру қажеттілігімен байланыстырды. Бірақ соңғы себепті облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті мақұлдаған жоқ. Ал көмір бағасының жыл басынан бері 1200 теңгеге қымбаттағаны ескерілді. Сөйтіп, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылған тариф 12 пайызға өсті. Тұрғындар 1 гигакалория үшін төлемді бұрынғыдан көбірек төлейді. Атап айтқанда, 3 мың 610 теңгеден 4 мың 070 теңгеге дейін өсті.

— Бұл ретте заңға өзгертулер енгізілуіне байланысты бұған дейін қолданылып келген жаңа механизмдегі сараланған тариф алынып тасталды. Енді тұтынушылар ақыны пәтер көлеміне, яғни шаршы метріне байланысты жасамайды, — дейді департамент басшысы Нұрлан Нұрмұратов.

Осылайша, жылу ақысы сайып келгенде былтырғы бағамен теңесетін болады. Тіпті, өткен жылғы бағадан сәл-пәл арзанға түспек. Былтыр 1 гигакалория үшін 4078 теңге төлесе, енді 4070 теңге болады.

Атап өтерлігі, күні кеше Үкімет кейбір коммуналдық қызметтер тарифін көтеруді кейінге шегеру туралы шешім қабылдады. Бірақ олардың қатарында жылу ақысы бар-жоғы әзірше белгісіз.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.