Баянауыл ауданы орталығынан Жұмат Шанин ауылына апаратын жол осыдан екі жыл  бұрын жөнделе бастаған. Үш жылға жоспарланған жоба биыл 13 шақырымы жөнделіп, түйінделуі тиіс еді. Алайда, өткен жылы төселген тас жол бір жыл болмай жарамсыз күйге түсіп, тұрғындардың наразылығын тудырды. Асфальттің аз уақытта бүлінуіне не себеп болды?

Не себеп болды?

Себебін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Баянауыл ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған брифингте аудан басшысы Ардақ Кісентаев мәлім етті.

— Биыл көктем судың көп, жаздың жаңбырлы болуы жолдың бұзылуына әкелді. Бұл жол бойында айналма жол жасау мүмкіндігі жоқ. Себебі, бір жағыннан өзен өтеді, екінші жағы ащы сор. Ол жолмен жүк көліктері жүре алмайды, түсіп кетеді. Яғни, ылғалдың көптігі жол жабындысының бұзылуына себеп болған. «Гордорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биылға жоспарланған 13 шақырымды аяқтады. Кеше ғана барып, таныстым. Компанияның басшылары келіп, бүлінген жер бөлігін анықтады. 7 шақырымдық жолды қайтадан жөндеу қажет. Мердігер экскаватормен қазып, түсіп кеткен бөліктердің астына қиыршықтас төсейді, үстіне рейсаклинг әдісімен жаңа асфальт салады. Негізі, жолдың сапасына күмән келтіре алмаймыз. Өйткені, сапа орталығы жұмыстың стандартқа сай өткізілгені туралы қорытынды берген. Бүлінген бөлігін мердігер өз қаражатына жөндеп береді, — деді А.Кісентаев.

Теңдік-Ұзынбұлақ арасын жалғайтын 41 шақырымдық жол да жайсыздық тудыруда. Нақтысы, өткен жылы 11 шақырымы жөнделген. Алайда, биыл ауылішілік жолдарды жөндеуге қатынаған жүк көліктерінің салмағын көтере алмаған секілді. Жаңа асфальттің 5 шақырымы бұзылыпты. Аудан әкімі мердігер кепілдік кезеңі шеңберінде өз қаражатына бұл аралықты жөндеп жатқанын айтты. Биыл екі ауылдың арасындағы жолдың тағы 15 шақырымына асфальт төселген. Оған 780 млн теңге жұмсалыпты. Өткен жылы 580 млн теңге бөлінген. Келесі жылы 15 шақырымын салуға бюджеттік өтінім тапсырылыпты.

Жалпы, ауданда 680 километр жол бар. Соңғы жылдары оның 134 шақырымына жөндеу жүргізілген. Биыл 5 бағыттағы жолға облыстық бюджеттен 2 млрд 116 млн теңгеге бөлінген. Яғни, аудандық маңыздағы және ауылішілік 67,4 шақырымдық жол жөнделеді.

Жаңа кейіпке енген

Тұрғындарды ауызсумен қамтуға да мән берілуде. Қазіргі таңда таза ауызсуға қолжетімділік көрсеткіші 94,9 пайызға жеткен. Ағымдағы жылы респуб-ликалық және облыстық бюджет есебінен Торайғыров ауылында су құбырының екінші кезеңі, Баянауыл ауылында су құбыры жоқ учаскелерге тарту, тарату қорабын қоршау сынды жұмыстар жүргізілуде. Аудан басшысы Күркелі ауылында созылып кеткен су құбырының құрылысы биыл аяқталатынын атап өтті. Ж.Аймауытов ауылында су құбырын жаңарту қажет етеді. Құжаты әзірленіпті. 904 млн теңгеге бюджеттік өтінім жіберілген.

Биыл ауданда ұлы тұлғалардың мерейтойларына орай бірқатар білім ошағын жаңарту мүмкін болыпты. Яғни, Ә.Марғұлан атындағы, Қ.Кемеңгеров, Ж.Аймауытов атындағы мектептерге және Академик Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешеніне жөндеу жүргізілген.

Медициналық мекемелер ішінде Сәтбаев ауылының дәрігерлік амбулаториясы, Егіндібұлақ және Сұлужон ауылдарының медициналық пункттері жаңа кейіпке енуде. Облыс әкімінің қолдауымен төрт ауылға жаңа жедел жәрдем көлігі табысталыпты. Аудан орталығында бой көтеріп жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені бұқаралық спортты дамытуға серпін береді деп күтілуде.

Жергілікті қоғамдастық жиындарында және тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді шешуге облыстық бюджеттен бөлінген бонустық трансферт оң ықпал еткен. Нақтысы, 676 млн теңгеге 16 жоба іске асыпты. Яғни, бірқатар ауылдарда көшелер жарықтандырылып, балалар алаңдары орнатылған, аулалар, орталық алаңдар абаттандырылған. Сонымен қатар, аудандық қазынадан қарастырылған 535 млн теңгеге бірқатар елді мекенде көптен күткен мәселелер шешімін тапқан.

Ауданға жас мамандар тарту мақсатында «Дипломмен — ауылға!» жобасы арқылы биыл 50 азаматқа көтерме жәрдемақы, 16 маманға бюджеттік несие төленіпті.

Жалпы, ауданда 8 айдың қорытындысы бойынша құрылыс, ауыл шаурашылығы өндірісі және бөлшек сауда көлемі жағынан оң серпін сақталған. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция мен өнеркәсіптік өндіріс көрсеткішіне «Майқайыңалтын» АҚ кәсіпорнында жыл басында болған оқиға кері әсер еткен.

Қысқы туризмге қызығушылық бар

Баянауылда биыл 210 мыңнан астам турист тыныққан. Аудан әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, қазіргі таңда да серуендеуге, таулы аумақты аралауға келетіндер көбейген. Ол үшін Жасыбай демалыс аумағында қонақүйлер жұмыс істеп тұр. Қыста Қаражардағы шаңғы базасын да іске қосу көзделуде.

Өткен жылы қардың аздығынан жұмыс істемеген еді. Ағымдағы жылы 3 шақырымдық су құбыры тартылыпты. Мердігермен жасанды қар жасау жағы келісілуде. Егер жүзеге асса, күн суыта туристер шаңғы базасында серуен құрып, тыныға алады. одан бөлек, Жасыбай демалыс аумағында жұмыс істейтін кәсіпкерлер мұндай шаңғы кешенін аталмыш аумақта да жасауды ұсынып отыр. Қысы-жазы жұмыс істейтін қонақүйлер бар, сондықтан келушілер қатары аз болмайтыны анық, деп болжайды. Ал Қаражардағы шаңғы базасы маңына қонақүй салу мүмкін емес көрінеді. Себебі, бұл жер Ұлттық табиғи саябақ аумағына жатады. Сәйкесінше, құрылыс жүргізуге рұқсат жоқ.

Жалпы, бүгінде ауданда туризм саласында 90-ға жуық кәсіпкер еңбек етеді. Басым бөлігі Баянауыл, Жасыбай және Торайғыр демалыс аймақта-рында қызмет етеді. Қазіргі таңда туризм бағытында 4 инвестициялық жоба іске асырылуда.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,

Баянауыл ауданы.

Суреттер газет мұрағатынан алынды.