Бұрынғыша қатынай ма?

Қыр 4, 2025

Биыл 20 тамыздан бастап Павлодар қаласында маршруттық желіні оңтайландыру мақсатында сынақтық режим өткізілгенін білесіздер. Яғни, бірқатар автобустардың бағыты өзгертілді.

Екі апта ішінде мамандар бағыттардың барысын, жолаушылар ағынын, көліктердің қолжетімділігін жіті қадағалаған көрінеді. Ол рас, өзгеріс енгізілісімен, қала тұрғындары ыңғайсыздыққа тап болып, наразылықтарын әлеуметтік желі арқылы жарыса жазды. Әсіресе, қала маңындағы ауылдардан қатынайтын автобустардың шаһарға кіреберісте жолаушыларын түсіріп тастайтыны қаншама адамның жанайқайына айналды.

Сөйтіп, екі аптада ахуалды таразылаған қала билігі азаматтардың өтініш-тілектерін ескере отырып, кейбір маршруттардың қозғалыс сызбасына қатысты шешім қабылдады. Бұл туралы Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімі ресми түрде мәлімдеді. Бөлімнің әлеуметтік желідегі ресми парақшасындағы ақпаратқа сүйенсек, №38, №41 және №44 маршруттары енді теміржол вокзалына дейін қатынайтын болады. Бұл автобустар Атамекен, Жетекші және Павлодар ауылдары мен Павлодар қаласы арасында жолаушылар тасымалдайды. Яғни, бұрынғыша қатынайды деген сөз. Естеріңізге сала кетейік, маршруттарды оңтайландыру басталған кезде қала шетіне дейін жеткен соң ауылдықтар қала ішінде жүретін қоғамдық көліктерге бір сағат ішінде отырып, қажет жеріне тегін жету мүмкіндігі қарастырылған еді. Енді автобустардың аталған үш маршруты бұрынғыша қатынайтындықтан тегін ауысып отыру мүмкіндігі тоқтатылады.

Бұл автобустардың жүру бағытын атап өтсек, №38 автобус Айнакөл ауылы – Атамекен ауылы – Теміржол вокзалы бойынша қатынаса, № 41 автобус Жетекші ауылы – Шарбақты көпірі арқылы Малайсары батыр – Российская – Нұрмағамбетов көшелерімен Теміржол вокзалына дейін жетеді. №44 автобусы Павлодар ауылынан жолаушыларды Теміржол вокзалына жеткізеді.

Сынақ режимнен кейін жасалған тағы бір шешім №24 және №21 автобус маршруттарына қатысты болып отыр. Құзырлы орган жолаушылар ағынының төмен болуына және ішінара бір-бірін қайталауына байланысты аталған екі автобус бағытын біріктірді.

Осылайша, №21 маршруты Прибрежный ықшамауданы – Торайғыров – Назарбаев – Естай – Академик Сәтбаев көшелері бойымен жүріп, әрі қарай бұрынғы бағытымен Кенжекөл ауылдық округіне (Кенжекөл, Байдала, Долгое ауылдарына) кіріп өтеді.

Сондай-ақ, №1Э маршрутының қозғалысына өзгерістер енгізілмек. Қазіргі бағытқа қосымша Ломов, М.Жүсіп, Құдайбердиев, Кенжетаев, Мақатаев көшелеріне (Затон базары, Облыстық балалар ауруханасы – «Рембыттехника» аялдамасы, Зағиптар қоғамы және т.б.) кіріп өтеді.

№31 маршруты бұрынғы қозғалыс сызбасына қайтарылады. Демек, Усолка ықшамауданы – Майра – М.Мақатаев – Ж.Мұса – Ш.Құдайбердиев – М.Жүсіп – Ломов – Академик Сәтбаев – Торайғыров – Баян батыр – Ледовский – Ермаков – Баян батыр – «Клён бағы» бағытымен жолаушыларды тасымалдайды.

Ал жолаушылар ағынының төмендігіне байланысты №17 автобус маршруты қысқартылды. Барлық өзгерістер ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енді.

Екі аптадан кейін осындай шешім шығарылды. Бірақ, қоғамдық көліктердің өзгертілген бағытына, қысқартылған автобустарға қатысты қоғамда әлі пікір, наразылық әлі толастайтын емес. Мәселен, көпшілік Академик Шөкин көшесіндегі мектептерге қатынауда біраз балаға таптырмас маршрут саналған №66 автобустың қайтарылуын талап етуде. Тұрғындардың тағы бір бөлігі бұрын қатынап жүрген №40 автобуссыз әлекке түсіп жүргендерін алға тартуда. Әлеуметтік желілерді ақтарсаңыз, №1 және №1Э автобустарының біріктіріліп, бағытының өзгертілгеніне де шағымданып жатқан жұртшылық аз емес екенін аңғарасыз. Кезінде №1Э автобусы Усолка шағын ауданын қаланың орталығымен жылдам байланыстыратын қоғамдық көлік ретінде жолға шығарып, «экспресс» деп айдар таққаны қайда қалды деп халық аң-таң.

Әзірше, адамдар жасалған өзгерістерге көндігіп, амалдауға мәжбүр. Қазір күн жылы, жолаушылар қыста қандай күйге түсетінін уақыт көрсетер…

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.