Баянауылда жазғы демалыс маусымы ресми түрде ашылды. Жыл сайын жаңашылдықтар орын алып жатқанымен, әлі де болсын сервистік қызметті жақсарту артық етпейтінін мойындауымыз қажет. Кейде табиғаттың сұлулығы ұсақ олқылықтарды ұмыттырып жібереді. Туризмді дамытамыз десек, демалыс орындарындағы әр нәрсеге мән берген абзал. Әр демалушы қалтасынан шыққан қаражат үшін өкінбеуі тиіс.

Иә, қызмет сапасы жоғары болса қаржыңызды түгендемейсіз де. Демалыс орындарындағы тамақ, сусындардың бағасы қымбаттау болуы — заңдылық. Десе де, ойыңа келген бағаны қойып, дандайсуға болмас. Мұны жергілікті әкімдік назарға алса құба-құп. Себебі кез келген демалушыны тоқтатып сұрасаңыз, ең әуелі баға жайлы әңгіме өрбітеді. Дәретхана мәселесі – бөлек әңгіме.

Абай облысындағы қайғылы жағдайға байланысты биыл Баянауыл ауданындағы жазғы демалыс маусымының ашылуы «тыныш» өтті. Ешқандай концерт ұйымдастырылмады. Әйтпесе, жылда эстрада жұлдыздары ән шырқап, демалушылар мәре-сәре күй кешетін. 17 маусым ресми ашылу күні деп бектілгендіктен, облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов арнайы келіп, мұндағы жаңашылдықтарды көзбен көрді. Жаңашылдық демекші, биыл қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, құтқарушылар сүңгуір қайықтармен сапта тұр. Енді Павлодар және Екібастұз қалаларындағы құтқарушылардан көмек сұрап қажеті жоқ. Жедел жәрдем қызметі, өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері, қысқасы, қауіпсіздікке жауапты барлық құрылымдар сақадай сай.

Аудан әкімінің орынбасары Еркін Арыстанбековтің айтуынша, биыл жергілікті демалыс аймақтарын абаттандыруға 16 миллион теңге қаражат бөлінген. Бұл қаржыға Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлінің жағалауларындағы олқылықтардың орны толықтырылыпты.

– Қаржының 10 миллион теңгесі жарықтандыруға, қалғаны дәретхана, көлеңкелі шатыр сияқты жағалау аумағындағы мүліктерді ретке келтіруге жұмсалды. Бүгінде туристерге 58 демалыс үйі қызмет көрсетуге әзір. Бір тәулікте шамамен 5 мың демалушыны қабылдауға мүмкіндік бар. Былтырғы жазғы маусымда 130 мыңға жуық турист демалса, Баянауыл мемлекеттік табиғи ұлттық паркі басшылығының болжамынша, биыл 200 мың демалушы келеді деп күтілуде. Соңғы жылдары Торайғыр ауылында демалыс орындары ашылуда. Жергілікті тұрғындар да жеке ауласында үй-жай ұсынып, кәсібін дөңгелетіп отыр, – дейді Е.Арыстанбеков.

Бақылау-өткізу бекеттері интернетпен жабдықталып, тұрғындар бұрынғыдай кезек күтіп, төлем мәселесіне бас қатырмайды. Айтпақшы, биыл Жасыбай демалыс аймағына кіру құны – 645 теңге. Былтырғыдан 100 теңгеге қымбаттау. Баға айлық есептік көрсеткіш арқылы бекітіледі.

Демалыс орындарына апаратын жолдардың сапасы жаман емес. Барды бар деп айту керек. Тек Бірлік ауылынан аса бере екі көпірдің құрылысы жүргізіліп жатқандықтан, көліктер асфальт жолдан төменге түсіп, біраз шақырым жай жолмен жүруге мәжбүр. Жөндеу жұмыстарына түсіністікпен қарауға тырыссақ та, бұл жөндеудің сиырқұйымшақтанып кеткенін атап өткен жөн. Республикалық маңызы бар жолдағы жөндеу жұмыстарына «ҚазАвтоЖол» кәсіпорны жауапты болғандықтан, жергілікті әкімдік жарытып ештеңе айта алмады.

Жуырда Баянауыл мемлекеттік табиғи ұлттық паркі аумағында өртке қарсы арнайы оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылып, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшылығы жергілікті құрылымдардың дайындығына оң баға берген. Биыл жаңадан өрт сөндіру техникалары қатарға қосылып, техника паркін жаңарту жұмыстары жүйелі атқарылуда.

Жазғы демалыс маусымы басталмай жатып, әлеуметтік желілерде Жасыбай демалыс аймағындағы дәретханалардың жағдайы сынға іліккен болатын.

– Жағымсыз жағдай үшін демалушылардан кешірім сұраймыз. Бүгінде Жасыбай демалыс аймағындағы 5 дәретхана жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, екі жуынатын орын қарастырылған. Бұл қызметтер сенімді басқарушылыққа берілгендіктен, қызмет ақылы. Дәретханаға кіру құны кісі басына 100 теңге болса, жуынатын орынға 500 теңге төлейсіз. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған дәретхана орнату жоспарымызда бар, – дейді Е.Арыстанбеков.

Жазғы демалыс маусымының ашылуында әдеттегідей адам саны көп болды. Биыл демалушылар үшін 14 туристік маршрут әзірленген. Жаяу да, автобуспен де Баянауылдың көрікті орындарын аралауға мүмкіндік бар. Демалыс маусымының ашылуына орай облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы Баянауыл ауданының көрікті һәм тарихи орындарына екі күндік ақпараттық тур ұйымдастырды. Танымдық сапарға аталған басқарманың мамандары, жергілікті музей қызметкерлері, журналистер, сондай-ақ Ақмола және Қарағанды облыстарындағы туристік агенттіктердің өкілдері аттанды. Демалушылар Қоңыр әулие үңгірі, Кемпіртас сияқты орындарда болып, Қ.Сәтбаев атындағы музейдің жәдігерлерімен танысты.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ, Баянауыл ауданы.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.