Өткен жылы жылусыз қалып, қыстан қиналып шыққан екібастұздықтар үшін жағымды жаңалық. 1 қазаннан бастап кеншілер қаласында жылыту маусымы басталды. Алдымен Екібастұздың әлеуметтік нысандары жылумен қамтылды. Кеншілер шаһарына жылу беру процесін облыс әкімі Асайын Байханов тікелей қадағалады.
Соңғы дайындық
Қыркүйектің соңғы күні Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы қаланың жылыту маусымына дайындығын тағы бір мәрте пысықтады. Себебі 1 қазаннан бастап кеншілер шаһарына жылу беру жоспарланды. Бұған дейін Абай көшесіндегі 3 жылу магистралін (№4 мектептен Марғұлан көшесіне дейін) қайта жаңарту жұмыстары толығымен аяқталып, жоғары қысыммен сынақтан өткізілді. М.Жүсіп көшесі бойындағы ЖМ-2 магистраліндегі (Достық дүкенінен «Қазақстан» кинотеатры аялдамасына дейін) жаңа және ескі құбырлардың түйіскен жерін қосатын тығыздағыш компенсатор істен шыққан болатын. Бұл күні осы ақау жойылып, аталмыш магистральдық желіні сынау және жуу жұмыстары жүргізілді.
— Екібастұзға жылу беру жұмысын тікелей қадағалау үшін қалаға үш күнге келдім. Оны іске қосу кезінде жылу желілері қызметкерлері, энергетиктер және жергілікті әкімдіктің жұмысы жылумен жабдықтауға бағытталады. Бұл реттеуді қажет ететін технологиялық тұрғыдан күрделі жүйе болғандықтан, қазан айының басында тәулік бойы бақыланатын болады. Барлық желілер дайын. Екібастұзда барлығы 400 шақырымға жуық желі бар, оның 20 пайызға, яғни 74 шақырымы ауыстырылды. Қалған 80 пайызы ескі желілер болғандықтан, жылу берген кезде кішігірім ақаулар пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайда ақаулар бірден жойылады. Былтырғы жағдайдың қайталануына жол бермейміз, — деді аймақ басшысы. Екібастұз қаласында 4 жаңа жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда, М.Жүсіп көшесіндегі ЖМ-2 («Достық» дүкенінен «Қазақстан» кинотеатры аялдамасына дейін), сондай-ақ, Абай көшесі бойындағы ЖМ-5, ЖМ-8, ЖМ-12 (№4 мектептен Марғұлан көшесіне дейін). 10 қазанға дейін тағы 2 су жылыту қазандығы іске қосылмақ. Сондай-ақ, қалған 4 қазандық қазан айының соңына дейін аяқталады. Барлық жаңа жылу желілері 16 кг/дм3 жоғары қысымды гидравликалық сынақтан өткізілді. Желілер жүктемеге шыдап берді. Барлық 4 магистраль бойынша желілер жуылып, желілерге химиялық тарзартудан өткен сумен толтырылды. Қайта жаңартылған төрт жылу магистралінің жалпы ұзындығы — 5,4 км. Жалпы биыл кеншілер қаласындағы 382 км жылумен жабдықтау желілерінің 74 шақырымы, яғни 19,3 пайызы жаңартылды. Жылу беру барысында қандай да бір ақаулар анықталса, оларды жедел жою жұмысына сақадай-сай 19 жөндеу бригадасы кезекшілік етеді. Айта кетейік, көктемгі және күзгі гидравликалық сынақтардан кейін Екібастұздың жылумен жабдықтау желілерінде барлығы 388 ақау анықталған. Мамандардың айтуынша, жылу желілерінде жүргізілген гидравликалық сынақтар барысында анықталған барлық ақаулар жойылған. Сондықтан қаланың магистральдық желілері жылу энергиясын беруге дайын деуге толық негіз бар. Сонымен қатар қала тұрғындарынан келіп түскен өтініштер бойынша орамішілік жылу желілеріндегі 14 пробле-малық учаскені жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 690 көпқабатты тұрғын үй және жеке меншік тұрғын үй секторы жылу қабылдауға дайын болуы тиіс. Екібастұз ЖЭО-дағы қазандықтарын іске қосқан соң әлеуметтік нысандарға жылу беріліп, екі апта ішінде барлық көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етіп, бұдан соң жеке тұрғын үй секторына жылу беру жоспарланған. Жылу беру кестеге сәйкес жүргізіледі. Облыс әкімі көп ғима-раттың бір уақытта қосылып, жүктеменің күрт өсуіне жол беріл-мейтінін ескертті. Жүйені реттеу және теңдестіру қажет. Бұл іс-шараларды жедел штаб жіті қада-ғалайды. Жедел штаб тұрақты жылумен қамтамасыз ету және Екібастұзда қажетті параметрлерді ұстау жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру үшін күнделікті жұмыс істейді.
Жедел штаб — іс басында
Облыс әкімі Асайын Байханов 1 қазанда Екібастұзға жылу беру бойынша құрылған жедел штабтың отырысын өткізді. Таңертеңнен бастап Екібастұз ЖЭО-да 2 қазандық іске қосылды. ЖМ-7 және ЖМ-10 жылу желілері толығымен толтырылды. Тағы бес магистраль — 1, 3, 5, 8, 12 ЖМ толтырылады. Барлық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшірілген. Өңір басшысы барлық жылу желілерін мұқият қадағалап, тұрғындар тарапынан шағымдарға жедел ден қоюды тапсырды. Екібастұз ЖЭО-да 2 қазандық жұмыс істеп тұр. Абай көшесі, Энергетиктер көшесі, М.Жүсіп көшесі (ЖЭО-нан Абай көшесіне дейін) және Әуезов көшесі (Энергетиктер көшесінен Абай көшесіне дейін) бойындағы 7 жылу магистралі толығымен толтырылып, іске қосылған. Қаладағы 90 әлеуметтік нысанның 40-ына жылу берілді. Қалғаны бүгін жылумен қамтылады. Сонымен қатар, 10-нан астам шағын аудандағы үйлер желіге қосылды. Жалпы, күн сайын 140 үйге жылу беріледі деп жоспарлануда. Екібастұз қаласына жылу беру мәселесі облыс әкімінің қатаң бақылауында.
Үйлерді аралады
Штаб отырысынан кейін Асайын Байханов бірнеше көпқабатты тұрғын үйді аралап, олардың жылу қабылдауға дайындықтарын тексерді. Кейбір үйлердің ескі болуына қарамастан, тұрғындар барлық жүйелерді тиісті жағдайда ұстап отыр. Мәселен, М.Жүсіп көшесіндегі 147-үйдің тұрғындары мақсатты қаражат жинап, жылу торабы мен барлық жылумен жабдықтау құбырларын ауыстырған. Энергетиктер көшесі, 46-үйдің тұрғындары жылумен жабдықтау және кәріз жүйелерін толығымен жаңартқан. Келесі кезекте сумен жабдықтау құбырларына жөндеу жүргізу қажет. Пішембаев көшесі бойындағы жеке сектор үйлері тұрғындарының өтініші бойынша тозығы жеткен су құбырын ауыстырып жатқан учаскедегі жұмыстардың барысын тексердім. Ондағы жөндеу жұмыстары келесі аптаның соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
— Біз өз тарапымыздан осы аулаларды одан әрі абаттандыру бойынша барлық тілектер мен ұсыныстарды назарға алдық. Болашақта жарықтандыру, асфальт төсеу, балалар мен спорт алаңдарын орнату қажет. Келесі жылға арналған жұмыс жоспарын қалыптастыру кезінде осы ұсыныстардың барлығы ескерілетін болады, — деді аймақ басшысы. Облыс әкімі Пішембаев көшесі бойындағы жеке сектор тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар үйлерінің маңындағы сумен жабдықтау желісінің жөндеу жұмыстарының барысын тексеруді сұрады. Учаскедегі жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде, желінің тозған учаскесі ауыстырылуда. Жұмыстарды келесі аптаның соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Екібастұз ЖЭО-да нұсқама мен оқытудан өткен 600-ден астам маман жұмыс істеуде.
Келесі меже
Екібастұз қаласын жылумен жабдықтау жүйесін одан әрі жаңарту жалғасады. Жыл соңына дейін 2-көтергіш сорғыдан ЖЭО-на дейінгі қосымша техникалық су магистралінің құрылысы аяқталады. Болашақта қажет болған жағдайда 12 км резервтік желі жылу орталығын желілік сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биыл құрылысы басталатын жаңа ЖМ-7/1 жылу магистралі жылу беру маусымының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бұл соңғы бірнеше жылда жаңа үйлердің салынуына байланысты жылудың жетіспеушілігінен зардап шеккен 15, 19, 20, 22, 24, 25, 26 шағын аудандарын жылумен жабдықтауды жақсартуға мүмкіндік береді. Аймақ басшысы ЖМ-1 және ЖМ-3 жылу магистральдарын қайта жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауды тапсырды. Себебі 1973 жылы салынған аталмыш магистральдың М.Жүсіп көшесі бойындағы учаскесінде жұмыстар жүргізу барысында мамандар құбыр металының тот басып, 3 мм-ге дейін жұқарғанын анықтаған. Сонымен қатар, Асайын Байханов жыл соңына дейін ЖМ-7/1 жаңа магистралінің құрылысын жүргізуді тапсырды. Бұл бір ауданның жылуды шамадан тыс көп алып, ал, екіншісінде жетіспеушілік болған жағдайда қаланың жылумен жабдықтау жүйесін теңдестіруге мүмкіндік береді.
Торғын ОРАЗАЛЫ,
Екібастұз қаласы.
Екібастұз қаласы тұрғындарының назарына!
Жылумен қамтуға байланысты қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда тұрғындар келесі нөмірлер бойынша өтініш бере алады.
Екібастұз қаласы әкімдігінің және коммуналдық қызметтердің байланыс нөмірлері:
- Әкімдік: 34 10 00, 34 02 20; WhatsApp 8 775 710 02 91
Жылу желілерінің диспетчерлік қызметі: 75 08 04, 28 06 94
- Қалалық су арнасы: 77 50 39, 34 78 27, 27 87 87; WhatsApp 8 702 667 80 90
- Екібастұз қаласының ТҮКШ бөлімі: WhatsApp 8 702 120 18 63
- Екібастұз қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімі: WhatsApp 8 705 584 15 13.