Екібастұз қаласы – облысымыздың ғана емес, тұтас елдің экономикасында елеулі орын алатын өңірлердің бірі. Елдегі электр энергиясы мен көмірдің жартысынан астамы кеншілер шаһарында өндіріледі. Отандық ең ірі теміржол кластері де үздіксіз жұмыс істеп тұр. Соңғы жылдары жылумен қамтуға қатысты мәселеге байланысты ел назарының Екібастұзға ауғаны тағы бар. Бүгінде қала мен оған қарасты ауылдық аймақтарды дамытуға бағыт-талған қандай істер атқарылуда? Жылдар бойы қордаланып қалған мәселелердің шешімі қандай? Осы және өзге де мәселелер жөнінде Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекинмен тілдескен едік.

— Аян Уахитұлы, әңгімеміздің әлқиссасын жылыту маусымынан бастамасақ болмас. Осыдан екі жыл бұрынғы жағдайдан кейін не өзгерді? Қандай іс атқарылды?

— Шынымен, соңғы екі жылда біздің шаһарда жылумен қамту мәселесі өзекті болып отыр. Бұл аралықта жағдайды жақсартуға қатысты ауқымды іс атқарылды. Жалпы, жылыту маусымына дайындықты үш кезеңге бөлуге болады. Алғашқысы – жылу-электр орталығын дайындау. Былтыр станциядағы 10 қазандықтың сегізі күрделі жөндеуден өтті. Биыл аталмыш орталық сенімгерлік басқару арқылы «Самұрық-Энерго» компаниясына берілді. Мұндағы жағдай тұрақты. Қатты аяз болмай тұрғанның өзінде +80 градусқа дейін жылу шығарылып отыр. Екіншісі – жылу желілерінің әзірлігі. Қалада оның 90 пайызының тозығы жеткен. Былтыр және биыл 420 шақырым желінің 80 шақырымы жаңарды. Жазда екі басты магистраль – ТМ-1 және ТМ-3 күрделі жөндеуден өтті. Үшіншісі – тұрғын үйлерді дайындау. Шаһарымызда 700-ден астам көпқабатты баспана бар. Екі жыл қатарынан мүлік иелері бірлестігімен бірге апта сайын жағдайды қадағалап, дайындықты мықтап қолға алдық. Нәтижесінде тұрғындар тарапынан жылуға қатысты түсетін шағымдар саны ондаған есе азайды. Бұрындары әкімдікке жүздеген шағым түссе, соңғы екі-үш апта дересінде тек үш шағым келіп, олардың әрқайсысы жеке қаралды. Сондықтан қысқы уақыттағы жылыту маусымының барысы ойдағыдай өтіп жатыр деуге болады.

— Жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқаны жақсы, әрине. Дей тұрғанмен, мұның соңы тұтынушылардың қалтасына әсер ететін сыңайлы. Себебі таяуда тариф 40 пайызға қымбаттады. Бұған қатысты не айтасыз?

— Негізі, бұл – табиғи монополияларды реттеу органдарының құзіретіндегі мәселе. Дегенмен, өз ойымды ортаға салайын. 2022 жылы қаланың жылуға қатысты қиын жағдайда қалуының бірден-бір себебі – жылдар бойы тарифтің дұрыс қаралмауының салдары. Темірдің жылдар өте келе тозатыны белгілі. Ал оны күтіп-ұстау үшін қомақты қаржы қажет. Өкінішке қарай, бұл жайтқа бірнеше жыл бойы мән берілмей келген. Тариф саясатын ретке келтіру керек. Бағаға келер болсақ, жылудың ақысы соншалық қымбат емес. Бүгінгі күні екі-үш бөлмелі пәтер иелері жылу үшін 3-6 мың теңге аралығында төлейді. Салыстырмалы түрде қарасақ, бір ғана интернет пен байланысқа 6-9 мың теңге береді.

— Екібастұз қаласында кәріз желілері де тозып тұр. Олар қашан ауыстырылады? Қандай жоспар бар?

— Иә, кеншілер шаһарында жылу құбырының 90 пайызы, су желілерінің 60 пайыздан астамы, кәріз жүйесінің 68 пайызы ескі. Бұл маңызды мәселелерді түбегейлі шешу үшін уақыт пен қаражат керек. Мәселен, Екібастұздың 50 жылдығы көшесінде кәріз коллекторы бар. Бүкіл қаладан жиналатын қалдықтың жартысынан астамы осы коллектор арқылы өтеді. Өкінішке қарай, осы жылдың көктемінде учаскенің бір бөлігі опырылып түсіп, оны уақыт оздырмай ретке келтірдік. Бірақ мұнымен жылы жауып қоюға болмайды. Сондықтан жалпы ұзын-дығы 2,2 шақырым кәріз желісін 5,2 млрд теңгеге жөндейтін болдық. Осы жылға жоспарланған жұмыстың барлығы аяқталды. Амандық болса, келесі жылы жаңарту жұмыстарын жалғастырамыз.

Осы орайда айтып кетер маңызды жайт, тұрғындардың басым бөлігі белгілі бір аумақтағы, көшедегі жолды жөндеуді сұрайды. Бірақ жерасты желілерді жаңартпай жолды тегістеуге кірісу дұрыс емес. Бұл істердің барлығын рет-ретімен атқару керек. Негізгі магистральдар мен құбырларды ауыстырған соң жолдарды ретке келтіруге де кірісеміз.

— Кеншілер шаһарында ірі өндірістік кәсіпорындар баршылық. Олардың өңір экономикасында алатын орны да ерекше. Бірақ экологияға кері әсер ететіні де белгілі. Бұл мәселені қалай реттеу керек?

— Иә, Екібастұзда теміржол және металлургия кластері қарқынды дамып келеді. Келесі жылы да ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар. Экологиялық жағдайға тоқталар болсақ, оған қатысты жұмыс екі бағытта жүргізілуде. Біріншіден, ондаған жыл бұрын іске қосылған ГРЭС-1, ГРЭС-2 сынды кәсіпорындар жаңа технологияларға көшіп, қалдықты едәуір азайту үшін тиісті қаржы бөлуде. Екіншіден, жаңа жобаларға қатаң талап қойылып, озық технологияларды пайдалану міндеті белгіленді. Бұл мәселе – біздің басты назарымызда.

— Аулаларды абаттандыруға ойыссақ. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?

— Жалпы, шаһарымызда 279 аула бар. Соңғы жылдары оның 150-ге жуығы абаттандырылды. Биылдың өзінде 65 аула көріктендіріліп, ойын, стрит воркаут, футбол алаңдары орнатылды. 2025-2026 жылдары тағы 120 ауланы қамту ойымызда бар.

Атап өтерлігі, аулалардың басым бөлігінде бұған дейін тек подъезд маңында жарық шамдары болатын-ды. Қалған аумақ қараңғы күйі қала беретін. Осыны ескеріп, биыл 106 аулаға жарықтандыру желілерін тарттық. Келесі жылы тағы 150 аула жарық болмақ.

Осы орайда «Шахтер» саябағына ерекше тоқталып өткен жөн. Бұл – аумағы жағынан елімізде сегізінші орын алатын ірі саябақ. Оны қайта жаңғыртуға қазынадан 5 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылып, биыл жұмыстың 40 пайызы атқарылды. Келесі жылы жалғасып, жаяу жүргіншілер, велосипед жолдары, тамақтанатын аймақ, жасанды су айдыны, басқа да қолайлы орта болады. Көпкешенді бұл саябақты келесі жылдың қыркүйек айында ашуды жоспарлап отырмыз.

Өңірдегі кадрлық әлеуетті қалыптастырып, жұртшылықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында жаңа баспаналар да бой көтеруде. Мәселен, биыл көпқабатты үш үйдің құрылысы басталып, қарқынды жүріп жатыр. Келесі жылдың алғашқы жартыжылдығында ел игілігіне беріледі.

— Өкінішке қарай, шаһарда балаларды қосымша білім берумен қамту көрсеткіші айтарлықтай мәз емес. Балаларға арналған үйірмелер, спорттық секцияларды ашу жоспарда бар ма?

— Иә, бүгінде оқушылардың 30 пайыздан астамы қосымша біліммен қамтылған. Олардың басым бөлігі «Қайнар» орталығында тәлім алуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаламызға жұмыс сапарымен келген кезде жергілікті ата-аналар осы мәселеге назар аударып, жаңа ғимарат салуды сұраған еді. Президент тиісті тапсырма берді. Соның нәтижесінде қаламызда оқушылар сарайы бой көтерді. Құрылысы мамырда басталған нысан осы жылдың желтоқсанында пайдалануға берілуі тиіс. Бұл шәкірттердің 70 пайызын қосымша біліммен қамтуға мүмкіндік береді.

Балалардың мектепте білім алуына да барынша оңтайлы жағдай жасауға тырысып келеміз. Биыл 10 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, тағы 15 білім беру мекемесінде кең ауқымды ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді. 24 мектептің аумағы асфальтталып, ретке келтірілді. 2022 жылы №17 мектептің ата-аналары пайдаланылмай қалған бассейнді қайта қосуды сұраған еді. Аймақ басшысының тікелей қолдауымен мектептегі бассейн қайта қалпына келтіріліп, қазіргі таңда 250-ден астам бала жүзумен айналысып жүр. Ендігі ретте №21 мектеп жанындағы бассейн ғимаратын балансқа алу, №31 шағын ауданда кеңестік кезеңнен қалған балабақшаны қалпына келтіруіге кірісеміз. Сонымен қатар, Бәйет ауылдық округіне қарасты Атығай ауылында мектеп салу жоспарда бар. Қазір мұнда 120 бала білім алады. Алдағы уақытта шәкірттер саны көбейіп, ғимарат тарлық етуі мүмкін. Жаңа білім ордасын мемлекеттік – жеке меншік әріптестік аясында салу үшін инвестормен келіссөз жүргізіліп жатыр.

— Өзіңіз ауылды тілге тиек еттіңіз. Қаланың коммуналдық саласына, жалпы тыныс-тіршілігіне көп көңіл бөлініп жатқан уақытта шаһарға қарасты ауылдық аймақ көлеңкеде қалып қойып жатқан жоқ па?

— Ауылдық елді мекендерді де назардан тыс қалдырған жоқпыз. Ауылдарда бұрын-соңды болмаған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Айталық, ГРЭС-2 – Сарықамыс бағытында мүлде тас жол болмаған еді. Былтыр 10 шақырым, биыл 15 шақырым жолды салып, жұмысты аяқтадық. Сол сияқты ондаған жылдар бойы жөнделмеген Басқамыс – ГРЭС-1 бағытындағы жолдың 21 шақырымы былтыр, 42 шақырымы биыл қалыпқа келтірілді. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қомақты қаржының нәтижесінде атқарылған бұл жоба Ақкөл ауылы, Ақтоғай, Ертіс аудандарына жол едәуір қысқарды.

Елді мекендерге кіреберіс жолдар да – назарда. Ақкөл ауылындағы бұған дейін жөндеу көрмеген 8 шақырым жол, Құлакөл ауылына кіреберіс 5 шақырым, Бозшакөлге кіретін 2 шақырым жол жөнделді. Енді ауылдарды абаттандыру ісі күтіп тұр. Келесі жылы Шідерті және Солнечный кенттерін абаттандыру жоспарланған.

— Агроөнеркәсіптік кешеннің жай-күйі қалай?

— Екібастұз өңірінде 2 млн гектарға жуық жер бар. Оның басым бөлігі ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуда пайдаланылады. Сонымен қатар, биыл 20 мың гектарға жуық аумаққа түрлі дақыл егілді. Оның 4 мыңға жуығы – суармалы алқап. Егістіктің әр гектарынан 10-12 центнер өнім жинадық. Бұл – соңғы бес жылдағы жоғары көрсеткіш.

Ауыл шаруашылығы саласында кәсібін дөңгелетуге ниетті азаматтардың қатары көбейіп келе жатқаны да қуантады. Мәселен, «Крон-Агро» кәсіпорны 800 гектар суармалы жерді кәдеге жаратып, 300-ге жуық жұмыс орнын ашып, жаңа көкөніс қоймаларын салды. Барлығы 10 млрд теңге көлемінде инвестиция құйды. Шаруасын ширатуды қалайтын осындай инвес-торлар болса, біз әркез қолдау көрсетуге дайынбыз.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.