Есептеуіш құралсыз еселеп төлейсіз

Мау 5, 2025

Биыл суды үнемдеу мақсатында сараланған тариф енгізілді. Яғни, тұтыну көлеміне қарай тариф те әртүрлі болады. Әр адамға шаққанда үш текше метрден аспайтындар ең төменгі тарифпен төлейді. Ал айына бір адамға бөлгендегі су шығыны 10 текше метрден жоғары және есептеуіш құралдары жоқ тұрғындар төлемді төменгі тарифтің еселенген көлемімен төлейді.

Міне, сондықтан да облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті тұрғындарды есептеуіш құралдарын орнатуға шақырып отыр. Бұл, ең алдымен азаматтардың өзіне тиімді. Департаменттің басшысы Нұрлан Нұрмұратовтың мәлімдеуінше, 1 сәуірде сумен жабдықтау бағытында тұтыну лимитіне байланысты төрт деңгейлі тариф енгізілді. Яғни, сараланған тариф тұрғындарды тіршілік көзін барынша үнемді тұтынуға үгіттейді. Сонымен, бірінші топ, нақтысы, адам басына шаққандағы ай сайынғы су шығыны 3 текше метрге дейінгі мөлшерді құрайтын тұрғындар үшін тариф 97 теңге деп белгіленген. Тұтыну көлемі адам басына бөлгенде 3-5 текше метр аралығында болса, бұл абоненттер 106 теңгелік тарифпен төлейді. 5-10 текше метрге дейін тұтыну кезінде 145 теңгелік тарифпен есептеледі. Төртінші топқа кіретіндер, яғни, ай сайынғы су тұтыну көлемі адам басына шаққанда 10 текше метрден асып кеткен және суды есепке алу құралдары жоқ тұтынушылар қос тариф қолданылады. Оның көлемі – 194,02 теңге. Демек, есептеуіш құрал орнатпағандар ұтылады.

— Біз бір айдың статистикасын талдап, саралап көрдік. Есептеуіш құралдары жоқ азаматтар суды көбірек тұтынатыны байқалады. Бұл — бір айдың ғана талдауы. Нақты, көрініс жарты жылдан кейін айқын бола түседі деп ойлаймын. Бүгінде көпқабатты үйлердегі пәтерлердің 78 пайызында, ал жеке үйлердің 44 пайызында есептеуіш құралы бары белгілі болды. Дегенмен, бұл аздық етеді. Есепетеуіш құралдар орнату мәселесі біздің құзырымызға жатпайды. Дегенмен, тұрғындарға мұндай құралдың болуы өздеріне тиімді екенін түсіндіріп жатырмыз. Пәтер иелері кооперативтеріне және мүлік иелерінің бірлестіктеріне хат жолдап, хабарлаудамыз, — дейді Нұрлан Әуелбекұлы.

Департаменттің топшылауынша, сараланған тарифтер нәтижесінде «Павлодар водоканал» кәсіпорнына қосымша 671 млн теңге түседі. Бұл соманы монополист биыл желілерді жаңғыртуға, активтерін жаңартуға жұмсауы тиіс. Оның мақсатты жұмсалғанын келесі жылы департамент қоғамдық комиссиямен бірлесіп, тексереді. Тарифтің сараланған түріне көшкеннен кейін әлеуметтік желіде тұрғындар төлемақының көп келгенін айтып, шағымданған еді. Бірақ, құзырлы органға екі айда ресми түрде бірде-бір адам өтініш түсірмеген.

Жылу тұтынудың да әлеуметтік нормасы енгізілгенін білесіздер. Яғни, баспананың шаршы метріне қарай сараланады. 100 шаршы метрге дейінгі пәтерде тұратындарға бекітілген тариф қолданылса, 100-200 шаршы метрлік үйі барлар бекітілген тарифтен 10 пайызға артығырақ төлейді. Ал 200 шаршы метрден кең баспанада тұратындарға орташа босату тарифімен есептеледі.

Жалпы, Павлодар қаласындағы тарифтердің өзгеруіне келсек, департамент басшысы биыл жылу құны жыл басында, керісінше, 16,7 пайызға төмендетілгенін атап өтті. Электр энергиясының бағасы соңғы рет өткен жылы ақпан айында артқан екен. Жуырда электр қуатының құнына қатысты өтінім түскен. Яғни, электр энергиясын сатып алу құнының өсуіне байланысты «Павлодарэнергосбыт» кәсіпорны тарифті өзгертуді талап етіп отыр. Нақтысы, жобасын департаментке ұсынған. Монополист қазіргі таңда 4,6 млрд теңге шығынға ұшырап отырған көрінеді. Себебі, бұған дейінгі тарифте әр киловатты сатып алу құны 12,5 теңгемен есептеліп, бекітілген. Ал шын мәнінде оны 24 теңгемен сатып алуда. Департамент басшылығы алдымен өңірлік комиссия отырысын өткізіп, өтінімді жан-жақты қарастырмақ. Бұл комиссия құрамында депутаттар, энергетик ардагерлер, құқық қорғау органдарының, әкімдік өкілдері кіреді. Содан кейін 13 маусым күні тұрғындардың қатысуымен электр энергиясының тарифіне қатысты қоғамдық тыңдау өтеді. Мұнда монополия субъектісі өсімнің негізділігін құжаттармен растап, дәлелдеуі тиіс.

Кәсіпорын қазіргі тарифті 29 теңгеден 42 теңгеге дейін өсіруді сұрап отыр. Яғни, жобада солай көрсетіліпті. Бірақ, құзырлы орган, комиссия өтінімді жан-жақты талдап, сараптамадан өткізіп, шешім шығармақ.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.