Жаңарған жүйе – жаңарған көшелер

Жел 11, 2025

Облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен 2025 жылы қала көшелерін жаңарту жұмыстары кең көлемде жүргізіліп, көп жылдардан бері шешімін таппай келген нөсерлік  суағар мәселелері де ретке келтірілді.

Солардың бірі — Қамзин көшесі бойында және Малайсары батыр көшесінен «Батыр Молл» сауда орталығына дейінгі учаскеде нөсерлік суағар жүйелері салынды. Ал Назарбаев даңғылы бойындағы Торайғыров көшесінен Естай көшесіне дейінгі нөсерлік коллекторлар толық тазартылды. Бұл – жауын-шашын мен еріген қар суларының жиналуынан мезі болған тұрғындар үшін көптен күткен жаңалық.

Жоба толық аяқталған соң, қаланың әкімі құрылыс нысанына арнайы барып, жаңартылған жүйені өз көзімен көріп, атқарылған жұмысты тексерді.

— Бұрын бұл жерде 20-30 сантиметрге дейін су жиналатын. Тұрғындар шағымданып, су соратын машина әкелуге тура келетін. Қазір жаңа дренаж құбыры арқылы су тікелей Ертіс өзеніне жіберіледі, арық жүйесі қалпына келтірілді, өтпелі құбырлар жаңартылды. Бүгінде жүйе салынғаннан кейін бұрын су басатын аумақтар — Қамзин, Академик Шөкин, Циолковский көшелерінің қиылыстары, Павловтан басталатын тұстар толық құрғақ, – деді Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков.

Сонымен қатар, 2025 жылы қалада орташа жөндеу аясында ұзындығы 37,3 шақырымды құрайтын 15 негізгі көше жаңартылды. Олардың қатарында Шевченко, Сұрағанов көшелері, Назарбаев даңғылының бірнеше учаскесі, Мәшһүр Жүсіп, Павлов, Олжабай батыр, Геринг, Қамзин, Елгин, Аймауытов, Ермак, Гагарин, Абай, Малайсары батыр көшелері бар. Жөндеу барысында алғаш рет жүк көлігі ағынына төзімді, температура өзгерісіне төтеп беретін, ұзақ мерзімге шыдайтын қиыршық тас – мастика асфальтбетон қолданылған. Бұдан бөлек, биыл 9,4 шақырым топырақ жолдарға асфальт, 20 учаскеде ұзындығы 19,5 км болатын жаңа жаяужол төселді.  Жаяужол қаланың барлық бөліктерінде салынды: Ворушин, Щедрин, Толстой көшелері, Жібек жолы, Малайсары батыр, Роза Люксембург көшелері, Жаңаауыл, Элеватор, Железнодорожников ықшам ауданы, «Конституция» сквері маңы және басқалары. Бұл – қала тұрғындарының қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысы үшін аса маңызды қадам.

Аулаларда асфальт төсеу, жарықтандыру, жол жиектастарын орнату, балалар және спорт алаңдарын орналастыру жұмыстары да жүргізілді. Сонымен қатар, 13 мектеп пен 5 медициналық ұйымның аумағы жөнделді. Олардың ішінде №39, №43 мектептер, Ш.Шөкин атындағы мектеп, инфекциялық аурухана, №3 қалалық аурухана және басқа да маңызды нысандар бар. Қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін қоғамдық алаңдар саны жыл санап артып келеді. Биылдың өзінде-ақ 60 балалар ойын алаңы, 18 жаңа мини-сквер және 9 шағын футбол алаңы пайдалануға берілді. Жаңа демалыс және спорт нысандары Жаңаауыл, Достық, Элеватор, Авиагородок, Павлов көшесі мен Назарбаев даңғылы сияқты қаланың әртүрлі аумақтарында салынды.

Қаланың жол қауіпсіздігі жүйесі қайта қаралып, жүктемесі жоғары қиылыстарда жаңа бағдаршамдар іске қосылды. Олардың ішінде: Сұрағанов — Аймауытов — Лермонтов, Павлов – Академик Шөкин, Қамзин – Гагарин, Баян батыр – «Toyota центр» маңы және басқалары. Сонымен қатар, Назарбаев даңғылы бойындағы екі жаяу жүргінші өткеліне кнопкалы шақыру жүйесі орнатылды.

Қаланың тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін атқарылатын әрбір істің жүгі ауыр. Соңғы жылдары суға кетіп, мазаны алған көшелерді қалыпқа келтіру көптен күткен жұмыс еді. Құрылыс толық аяқталғаннан кейін қала әкімі нысанды арнайы барып бақылап, нөсерлік суағар жүйесінің жұмысын көзбен көріп, сапасын тексерді. Бұл – жауапкершіліктің белгісі, қала өміріне деген шынайы жанашырлықтың көрінісі.

Нұрайым ҚАЛЫБЕК. Павлодар қаласы.